Қызылордада күзгі жиын-терінмен қатар алдағы жылу беру маусымына да дайындық жүріп жатыр. Мамандар есебінше, алдағы қысқа 238 мың тонна көмір қажет, бүгінде осының біраз бөлігі жеткізілді. Тоннасы 16-21 мың теңге аралығында сатылады. Жалпы, облыс бойынша 41 өңірлік оператор және 11 көмір қоймасы бар.
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен көмір қорын жасақтауға арналған жиында кейбір аудандардың жауапты кезеңге дайындығы кемшін екені айтылды. Аймақ басшысы жылу беру маусымына дайындық барысында қажетті көмір қорын жинақтаудың ойдағыдай болмай тұрғанын атап өтті.
– Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауындағы мәселе. Көмір қорын дайындауды жаз айларынан бастау қажеттігін ескерткенімізбен кейбір әкімдер жұмысты әлі де дұрыс ұйымдастырмаған. Бұған дейінгі жиналыстарда да тиісті аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасалған болатын. Алайда осы күнге дейін Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарына қажетті көмір қорының 30 пайызы ғана жеткізілген. Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының көмір қоймаларындағы көрсеткіш те көңілден шықпай тұр. Жылу беру маусымында көмірге қатысты ешқандай мәселе туындамауға тиіс. Мұндай сылбырлықтың зардабын халық тартпауы керек, – деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов жеткізілген отын қоры, қала, аудандардың қамтылуы туралы баяндады.
Жиында барлық жауапты басшыға жылу беру маусымына дайындық барысын қатаң бақылау тапсырылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жеткізілген отын қорына күнделікті мониторинг жүргізіп отыруы керек. Ал Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жылу беру маусымы жоспарына сәйкес қажетті көмірді жеткізу, қоймаларда қор жинауды ұйымдастыруға тиіс. Сондай-ақ көмірдің тұрғындарға делдалсыз тікелей сатылуы, оның бағасы да бақылауға алынуы қажет.