2022 жылдың ақпанында басталған аса ірі геосаяси түйткілден кейін Қазақстан экономикасында екі бірдей тәуекел қоса-қабат жүріп келеді. Оның бірі – еліміздің қайталама санкцияға іліну қауіпі болса, екіншісі – ресейлік компаниялар релокациясы.
Сауда министрлігінің ақпараты бойынша, биыл қаңтар-маусым аралығында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 12,7 млрд доллар болған. Еліміздің жалпы импортында Ресей ең көп үлеске ие. Тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түліктің де біршамасын осы теріскейдегі көршіден сатып алатын едік. Алайда Ресейге қарсы енгізілген Батыс санкцияларынан кейін екі ел арасындағы және жалпы Еуразия мен Орталық Азиядағы логистикалық тізбектер біраз өзгеріске ұшырады. Қазақстан өз өнімін сыртқа экспорттауда балама жолдар қарастыра бастады, тиісінше ендігі кезекте импорттағы Ресей үлесін азайтуды да қарастыруға көшті. Сарапшылардың айтуынша, оның үстіне рубльдің құнсыздануы өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне қысым көрсетіп жатыр.
«Санкцияның бізге әсеріне келетін болсақ, ол нақты сала мен компания ерекшелігіне байланысты. Негізінен ресейлік дистрибьюторлық хабтар арқылы Еуропа мен АҚШ-тан тауар тасымалдап жүрген кәсіпкерлер қиындыққа ұшырап отыр. Сонымен қатар отандық бизнес Ресей аумағынан тауарлар мен жабдықтарды әкету кезінде бірқатар проблемаларға тап болды, бұл Ресей Федерациясының жауап шектеу шараларын енгізуімен байланысты. Былтыр наурыздан бастап Ресей үкіметі елдің территориясынан тыс аумаққа, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге тауарлардың жекелеген түрлерін жеткізу бойынша рұқсат беру тәртібін бекітті. Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы, транспорт құралдары, өнеркәсіп өнімдері, телекоммуникациялық құрылғылар, жалпы алғанда 1500 тауар бар», деп түсіндіреді министрлік.
Әрине, Ресеймен сауда-саттық кезінде санкция тәуекелін әркез ескермесе болмайды. Әсіресе, біздің тараптан ши шықпағаны абзал. Бұл мәселеге қатысты Германияға жасаған сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, санкция талаптарын қатаң сақтайтынымызды айтқан еді. Ахуалдың екінші қыры – Ресейден көшкен компанияларды бері қарай иліктіру жайы. Ел Үкіметі бұл тарапта жұмыстың әлі жалғасып жатқанын айтады. Батыс санкциялары қарша борап, елдің инвестициялық тартымдылығы кемігеннен кейін ресейлік компаниялардың өзі де кәсібін өркендететін мекен іздеуге көшкен және көбі Қазақстанды таңдаған. Сарапшылар бұл көштің әлі де жалғасып жатқанын, бірақ соңғы айларда біршама баяулағанын жеткізеді.
Соңғы бір жылда Қазақстанда шетел капиталының қатысуымен жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 24,3%-ға өсіп, 54,4 мыңға жетіпті. Елдегі шамамен әрбір екінші шетелдік кәсіпорын Ресейден келеді екен: 18,6 мың компания. Бір жыл бұрын 11,9 мың болған. Біздің елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындардың ішінде ресейлік компаниялардың үлесі – 44,9%.
«Саяси және экономикалық оқиғаларға байланысты ресейлік компаниялардың елімізге қаптап көшуіне солтүстік көршінің өзі ерекше қызығушылық танытып отыр. 2022 жылдың басында РФ-дан келген заңды тұлғалардың саны елімізде небәрі 8 мың болса, қазір бұл көрсеткіш 2,3 есе өсті. Ай сайынғы динамика көрсеткендей, былтыр «арнайы әскери операция» деп аталатын, яғни Украинадағы соғыс басталғалы (сәуірде 8,3% көбейді) және «ішінара жұмылдыру» жарияланғаннан кейін (қазанда 10,4% көбейген) тіпті көбейген. Биыл жыл басында ресейлік бизнес резиденттерінің елімізге қоныс аударуы жалғасты, бірақ бұрынғыдай көп емес. Өсім айына – 3%-5%. Жазда тіпті азайды – 0,8%-дан 1,3%-ға дейін. Абсолютті сандармен бұл ай сайын 150–230 жаңа шетелдік компания келеді деген сөз», деп түсіндіреді Finprom сарапшылары.
Олардың айтуынша, бәсеңдеу еліміздің көші-қон саясатындағы жаңалықтармен тұспа-тұс келді. Көші-қонды бақылауды жүзеге асырудың жаңартылған ережелеріне сәйкес, ЕАЭО елдерінен келушілер Қазақстанда алты ай ішінде жалпы саны 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде бола алады. Уақытша тұруға рұқсат алу үшін өтініш беру арқылы мерзімді ұзартуға болады. Ол үшін отандық кәсіпорынмен еңбек шартының көшірмесін ұсыну қажет.
Шетелдік заңды тұлғаларды қызмет түрлері бойынша қарағанда ресейліктердің әдетте капиталды көп қажет етпейтін бизнеспен келетінін көрсетеді. Ресейлік заңды тұлғалардың 99,2%-ы шағын кәсіпорындар екен. Төртеуінің үшеуі (14,3 мың кәсіпорын) сауда, ақпарат және байланыс, техникалық қызмет көрсету және қызмет көрсету салаларында тіркелген. Еліміз үшін негізгі салалар – тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібіне келетін болсақ, олардағы заңды тұлғалардың басым бөлігі Түркия, Өзбекстан және Қытайдан келеді. Ресей өңдеуден көш бастап тұр.