Ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін қаймағы бұзылмаған күйде сақтап келген Моңғолия қазақтары да игі істің алдыңғы қатарында жүр. Қазақстан тәуелсіздік алғалы Моңғолия қазақтарының бір бөлігі тарихи отанына оралды. Ұрпақтар өсіп-жетілді.
Олар әділетті мемлекет құруға өз үлестерін қосып жүр. Енді ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін бірінші, өңірлік көлік логистикасы аясында өзара байланысты нығайту аса маңызды. Бұрынғы Өлгей аумағынан Шығыс Қазақстанға төте жол салу – өзекті мәселелердің бірі. Екінші, Баян-Өлгей аумақтарындағы қазақтілді мектептер мен кітапханаларды қазақ тіліндегі қажетті кітаптармен қамтамасыз ету, ұлттық театр, радио, телеарнаға материалдық-техникалық көмек беріп, қолдау көрсету де Моңғолиядағы қандастардың рухани игілігіне айналып, мерейін тасытады. Үшінші, Ұланбатыр қаласында қазақ диаспорасы атбасын тірейтін үлкен бір мәдениет орталығын, сондай-ақ жасөспірім ұрпақтарға ұлттық тәлім-тәрбие беру үшін қазақ тіліндегі балабақшалар ашу – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Төртінші, Ұланбатырда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалын және қазақ, моңғол, ағылшын тілінде білім беретін халықаралық мектеп-интернат ашу Моңғолиядағы қазақ жастарының білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға үлесі зор болары сөзсіз. Әрине, бұларды маңыздылығы мен іске асыру ықтималдылығы жағынан әрқилы болғанымен рет-ретімен толық жүзеге асыруға болатын игілікті іс-шара.
Бәкей АҒЫПАР,
Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі
Бір мүддеге ұйысуы – үлкен мақтаныш
Шеттегі қазақтар үшін мұндай форум керек. Қазіргідей алмағайып, әлемнің өзі жалт етпе сырғыма мінез танытып тұрған уақытта осындай алқалы жиын ұлттық тамырымызды тереңге бойлата түсу үшін қажет.
Еуропа елдеріндегі, басқа құрлықтағы қазақтардың арасында салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жыл озған сайын жұтылып бара жатыр. Ал қазақылығының қаймағы бұзылмаған Қытай, Моңғолиядағы қазақтармен Еуропадағы, АҚШ-тағы қазақтардың атамекенде бас қосып, форум аясында бір мақсат-мүддеге ұйысуы – үлкен мақтаныш. Сыртта жүргендіктен атамекеннің, Отанның қандай қастерлі, қасиетті екенін бұл азаматтар жете біледі. Моңғолиядағы қазақтар моңғол ұлтымен біте қайнасып өмір сүріп келе жатқанына қарамастан ұлттық салт-санамызды шытынатпай, сызат түсірмей сақтап отыр. Миллиардтан астам халқы бар Қытайдың уысындағы аттөбеліндей ғана қазақтар да жұтылып кетпей ұлттық болмысын сақтай алды. Менің де Еуропа құрлығына қоныс аударып, өмір сүріп келе жатқаныма 43 жылдан асыпты. Адам өзінің ана тілін ұмытпай, дәріптеп, қастерлей алғанда ғана өзге елде құрметі артады. Сондықтан да жер бетіндегі әр құрлықта жүрген азаматтарымыз өз діңінен ажырап қалмай, ұлттық ұстынын ұлықтай білгені дұрыс. Мұндай форумның жас ұрпаққа берері мол деп білемін.
Оңайша МАНДОКИ,
Мажарстандағы қазақ қауымдастығының төрағасы
Қазақ тілінде оқулықтар тапшы
Қазір Өзбекстанда қазақ тілінде білім беретін 70-ке жуық мектеп бар. Ол мектептерде физика-математика, химия, биология сынды бірқатар пәндерде қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді.
Осы тұрғыда балалардың қазақ тілін білу деңгейін жетілдіру қажет. Сондай-ақ қазақтілді мектептерде оқушыларға арналған қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми әдебиеттер жоқтың қасы. Ол оқушылардың білімі мен дүниетанымын жетілдіруге, қазақ тілінің грамматикасын жетік меңгеруге қиындық туғызады.
Атажұртқа келіп, оқығысы келетін жастар өте көп. Дегенмен олар Қазақстанда университетке түсу үшін міндеттелген ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмайды. Қазақстан оқушыларының кемінде 5-6 жыл меңгерген білімін қазақ диаспорлары бір жылдық дайындық курспен игеріп, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп кетеді деу мүлде қисынсыз. Сондықтан шетелдегі қазақ жастарын арнайы емтиханмен қабылдау деген алынып тасталса немесе қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса. Екі елдің жоғары оқу орындарының дипломдарын тану, нострификациялау үдерістерін ынтымақтаса отырып жеңілдету мәселесін шешу қажет. Өкінішке қарай, Өзбекстанның өзінде Қазақстанның жоғары оқу орнын бітірген студенттер дипломын заңдастыру үшін жылдар бойы әуре болып жүреді. Кейінгі кезде Орталық Азияда экологиялық түйткілдер көбейіп келеді. Мәселен, Арал теңізінің қасіретін тек екі ел емес, бүкіл әлемнің ортақ мәселесіне айналып отыр. Осыны негізге ала отырып, Өзбекстан мен Қазақстанның табиғатын қорғаудағы ынтымақтастықты күшейту, гранттар жариялау осы бағыттағы кадрларды даярлау мәселесіне көп көңіл бөлу қажет.
Расул КӨШЕРБАЕВ,
Өзбекстан Республикасы Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі