Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП және бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға төрағалық еткен сенатор Ләззат Рысбекова өз сөзінде Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті.
«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың бүгінгі кезеңінде нақты шараларды, оның ішінде заңнамалық шараларды әзірлеу маңызды екені даусыз. Біз мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен бірнеше рет кездесу өткіздік. Осы мәселенің ерекше маңызын ескере отырып, Парламент Сенаты осы жылдың 3 қарашасында Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тақырыбы бойынша Үкімет сағатын өткізуді жоспарлап отыр», деді сенатор.
Кездесу барысында «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов баяндама жасады. Ол жаңа Салық кодексі аясында металл өнімдерін импорттайтын өндірушілерді ҚҚС төлеуден босату тетігін енгізуді ұсынды. Ал «Қазақстан Республикасының химиктер одағы» ЗТБ вице-президенті Тахмина Нағыманова өңдеу өнеркәсібінде орта бизнесті дамыту мәселесін көтерді. Ол салық заңнамасына өңдеуші өнеркәсіп субъектілеріне бөлшек сауда салығына ұқсас арнайы салық тәртібін қарастыруды ұсынды.
Жиында еліміздегі шағын және орта бизнестің тиімді дамуын тежейтін жүйелі мәселелер мен кедергілер туралы, сондай-ақ оларды шешу жөніндегі нақты шаралар жөнінде айтылды. Олардың ішінде салық салу, шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржының қолжетімділігін ұлғайту, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы несие беру, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету және басқа да мүмкіндіктер туралы сөз болды.
Депутаттар кездесуде айтылған ұсыныстар Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдарда көрініс табатынын атап өтті.