• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2023

Жол құрылысындағы жүйесіздік

165 рет
көрсетілді

​Күре жолдың бойында кемшілік аз емес. Сапалы жол салу мақсатында қыруар қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, бармақ басты, көз қысты әрекеттер азаймай тұр. Бір сөзбен айтқанда жаңа жолдардың басым бөлігінің сапасына зер салсаң, лажсыз күрсінесің.

Жол салуды қаржыға қол салу деп түсінетін қайсыбір мердігерлер мен пысықай шенеуніктердің жымысқы әрекеті Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу жұмысына қадағалауды күшейтуді шегелеп тапсырды. Тіпті, Президент елдегі жолдардың жайы жұрттың жүйкесін шымырлататынын да қадап айтты.

​«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуы тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі - осы салада тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған компаниялар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», деген Президент сөзінің жаны бар.

​Мемлекетімізде жол салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын саралау жұмыстары  «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» негізгі міндеті ретінде белгіленген.

​Кәсіпорынның өңірлік филиалы жыл ішінде аз жұмыс атқармаған. Сапа және есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Әлиахметов келтірген дерекке жүгінсек, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Жамбыл облыстық филиалы аз уақыт ішінде 211 нысанға арнайы ат басын бұрып, 431 рет іссапармен барған. Нәтижесінде жол-құрылысына қажетті материалдардан 1253 дана үлгі алынған. Әлбетте, аз емес, бірақ сапа жағы мәз емес. Неге дейсіз ғой? Сынақтан өткізілген 123 дана материалдың талапқа сай келмейтіні нақтыланыпты.

​«Мамандар анықтаған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші тарап пен мердігер ұйымдарға тиісті хат жолданды. Мердігер компаниялар жауапкершілік жүгін сезініп, жұмыстың сапалы атқарылуына ден қойса дейміз. Әсіресе, асфальт бетон жабындысын орнату технологиясына айрықша назар аударса деген тілек бар. Сапасыз салынған жол талай оқиғаның себебіне айналуы ықтимал. Өкінішке қарай, бүгінде ел ішіндегі тас жолдардың сапасы сын көтермей тұр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да айрықша ден қойды. Алдағы уақытта мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейту керек», дейді Т. Әлиахметов мәселенің мәнісіне үңіліп.

​Басқаны былай қойғанда жол салу жұмыстарына миллиардтаған қаражат қарастырылатыны анық. Қыруар қаржы жұмсалса да жол мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай тұр. Ақылы жолға ақша төлеп жүрген ақылды көлік жүргізушілерінің де айтары аз емес. Халықтан түскен салық есебінен салынған жолдың сапалы болғанын қалайды олар. Алайда салада қалыптасқан олқылық тыйылар емес.

​«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының қызметкерлері биылғы жылдың 9 айында 309 нысанға 559 рет іссапарлатып арнайы барған. Жұмыс процесінде жол-құрылыс материалдарының 1736 данасынан үлгі алынып, оның 266-сы нормативтік талаптарға сай келмейтінін анықтаған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тиісті тараптарға 121 хат жолдапты. Мамандардың айтуынша, жұмыс процесі барысында асфальт-бетон жамылғысын тиісті деңгейде тығыздамау мәселесі көзге ұрып тұр екен.

​Өңірлік филиалдағы мамандар өмірлік мәселені алға тартып отыр. Қысқасы жол құрылысына жауапты барлық тарап жол салуды қаржыға қол салумен шатастырмауы керек. Сонда ғана Президент тапсырмасы толықтай орындалмақ.