• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 12 Қазан, 2023

«Шырқа, даусым»

378 рет
көрсетілді

Он жылдан астам уақыт бұрын басталған, Кенен Әзірбаев әндерін ел ішінде кеңінен насихаттауға арналған республикалық «Шырқа, даусым» дәстүрлі әншілер байқауы биыл да жалғасын тапты. Он бірінші рет ұйымдастырылған додаға еліміздің әр қиырынан дәстүрлі әннің бастау бұлағынан сусындаған 18-35 жас аралығындағы жас таланттар қатысып, өнерін ортаға салды.

Бір қуаныштысы, байқау басталған алғашқы жылдарға қарағанда қаты­сушылар Кенен Әзірбаев шығар­ма­ларына терең бойлай бастаған. Әуел­де жан-жақтан келген талантты өнерпаздар композитордың «Шыр­қа, даусым», «Көкшолақ», «Қай­ран жастық» секілді санаулы әнде­рін қайталап шырқап, көрерменді жа­лықтырып жіберетін. Ендігі көзқарас өзгеше. Әйтсе де, алдағы уақытта Ке­нен­нің орындалмай жатқан өзге де шығармалары қатысушылар назарынан тыс қалмаса дейсің.

«Дала фольклорының мың жы­лы» арнайы жобасын жүзеге асыру, қазақ­тың әйгілі халық ақыны, әнші, ком­позитор Кенен Әзірбаевтың шығар­машылығын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған байқауға 26 дәс­түрлі әншінің қатысқанын айта кеткен жөн. Әр әншінің өз үні бар. Бастысы, олардың барлығы да үлкен дайындықпен келген. Содан да болса керек, Кенен шы­ғармаларын жүрекпен сезініп орындады.

Республикалық байқау қорытын­дысында Алматы облысынан келген Нұрсұлтан Елемесов бас жүлдеге ла­йық деп танылып, 1 миллион теңге­нің сертификатына ие болса, жүл­делі бірінші орын Түркістан облы­сының үкілі үміті Мағжан Саты­балдыға бұйырды. Қазылар алқасының шешімімен қарағандылық Мадияр Өмірғали мен қостанайлық Жас­ұлан Өтемұратов екінші орынды иеленсе, үздік үштікті жамбылдық Аида Срайыл мен астаналық Алуа Бауыржанқызы түйіндеді. Сондай-ақ «Кенен ата» қоры тағайындаған арнайы жүлде жамбылдық әнші Мерей Абуеваға табысталды. Конкурс дипломанты атанған жеті қатысушы да қаржылай сыйлықтан құр қалған жоқ.

Іс-шара барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның 55 жылдығына орайластырылып, «Ән кемеңгері – Кенен» атты гала-концерт ұйымдастырылды. Оған есім-сойы елімізге белгілі эстрада жұлдыздары қатысып, әннен шашу шашты.

Бұл күні Баласағұн атындағы орта­лық концерт залына жиналған өнер­сүйер қауым Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау», «Шырқа, даусым», «Көк­шолақ», «Еңбекші елім», «Базар-Назар», «Жас екпін», «Мөртай сұлу», «Ел қуанышы» секілді өзге де әсем әндерін сан түрлі дауыс иелерінің шыр­қауында тыңдап, қошемет көрсетті.

 

Тараз