Сөздің асылын теріп, талғап жазатын Тәкен Әлімқұловтың шығармалары «әу» дегізбей қоймайды. Көлемділерін айтпағанда, шағын әңгімелерінің өзі неге тұрады? Әсіресе «Көкпары» қызық қой. Тоқтықтан іші қызбаған, тойып та, тоңып та секірмеген Тарбанның қылығы кімді болсын қайран қалдырады. Оқырманды сұрақтың астына алып, ойландырады.
Қырдағы елдің ерлік салты дейміз бе, құтырынған мінезі дейміз бе, осы жағын тап басып айту қиын. Жаз ортасы ауа қызылсыраған жігіт ағасы жалғыз көк серкесін бауыздап алған соң, терісін сыпырып, жайғастыра қойса болар еді ғой. Ол өйтпейді. «Әй, осыны тақымға басып, желін шығарып алсам қайтеді» деген ой маза бермей, ақыры ат үстінде қарымын байқап көреді. Айтпақшы, әкесі Назар аймаққа мәлім айтулы шабандоз, өкініштісі, ажалы көкпардан болған. Солай бола тұра Тарбан да оқта-текте «Неге көкпаршы болмадым екен?» деп кейитін. Бәлкім, сол кейісінің орнын толтырайын деді, бәлкім, қанда бар қасиет, жатақ Тарбан соймақ серкесін тақымдап, етін бір жұмсартып алмақ әрекеті сорға айналады. Әкесі көкпар тартып жүріп қайтқанын да білетін, бір жағынан шабандоз болудан қорқатын. Дәл осыған ұқсас оқиға Дүкенбай Досжанның «Көкпарында» да бар.
Көкпардың ең ауыры – дода. Мұны Тәкен де, Дүкенбай да суреттейді. Үлкен додаларда жүз, екі жүз аттылы бір серкеге таласады. Бертінде салма көкпар шыққалы дода қазір жоққа тән. Додада өлген-тірілгенін білмейді жігіттер. Кескілескен ұрыс секілді. Талайы мертігеді. Мертіккені былай тұрсын, жазым болады, өлім құшады. Сонда да қоймай көкпар тартады қазақ. Неге? Жоғарыда аттары аталған екі жазушы да осыған тоқталады, көкпар арқылы қазақтың табиғаты мен тағдырына дендейді. Өліп жатса да, өлетініне көзі жетсе де қоймайтын бұл не деген көзсіздік?
Қос әңгіме этнографиялық сипатта болғанымен, далалықтардың мінез-құлқы, атқа мінсе, рухтанып кететін асау, тарпаңдығы қылаң ұрады. Тәкен әңгімесінде көкпардан қорқақтайтын Тарбан көк серкесін өзді-өзі тақымдап қызықтап жүргенде аттылы екі ауылдасы килігіп, тұтқиылдан тартыса жөнелгенде әлгі қорқағың қызынып, аруақтанып кетеді. «Шапқан аттың құлағында шарап болады деседі. Көкпаршыны «қызды-қызды» құртатын деседі», деп келтіреді автор. Демек, ат құлағында ойнап, көкпар тарту қанға сіңген қасиет болғандықтан, «ондай көзсіз ерлік қайда апарды?» дей алмаймыз...
Дүкенбайдың «Көкпарындағы» Сердалы әкеден жастай қалған жалғыз. Шеше, туған бауыр жоқ, руластары ғана бар. Әкесі Серіқұлдың ажалы көкпардан келген. Сердалыға сол ойынның не қажеті бар еді? Бір жағынан қанда бар, екінші жағынан еш қамқорсыз жалғыз қалған соң атқа мініп, жылқы бағып кеткен. Атқа мінген жігіттің ермегі – көкпар. Үшінші жағынан ауыл ақсақалдарының қамшылар сөзі бар емес пе? «Садағаң кетейін, көкпардың пірі еді. Қырғызалының намысын бермей өтті ғой. Әкесіне тартса, мына көкпар осы баланікі болар. Әкеңді көрген ақсақалдарға көрсет өнеріңді!», деген сөздер қолтыққа дым бүрікпей қоя ма?
Әрине, мұндай сөздерден соң Сердалы жанып түседі. Бірінші көзге түседі. Топты жарып суырылып алып шығады серкені. Атының бірер тері ішінде екенін біледі, жарауы жетпеген. Сөйтсе де қоржындаса тартқанда қатарынан үздік шығып бір байқайды да, Сердалы көкпарды тастап, әрірек барып тұрады. Қайтсам ба деген ой меңдейді. Оның үстіне мана ауылдан шығарда біртүрлі қобалжып, жүрегі атқақтағаны есінде еді. Сүйгенін де ойлайды: «Осыдан қолға бірер мал бітіріп қосылсақ! «Қосылмақ боп уәделескен!» Керегі жоқ көкпардың! Жастығын қор етіп бітті. Өздері-ақ намысқа құрбан болып қырқыса берсін. Қасында Қарақыз, алдында бес-он тұяғы болса болғаны. Тыныштық керек, тілемейді артықты». Бұл – Сердалының ішкі ойы.
Солай екіойлы болып тұрған Сердалыға ел үлкендері «Доданы бұзсын, намысты жықпасын», деп сәлем айтып жібереді. Сүйгенін ойлап, қайтуға бет алған Сердалыға! Намысқа шапқан қазақ емес пе? Додаға енеді Сердалы. Доданы бұзу деген айтқанға ғана оңай. Тебісіп, қамшыласқан жүздеген аттылыны бір шетінен бұзып-жарып, серкеге таласқан ортасына килігудің өзі қиямет-қайым білгенге. Одан әрі күшіңді асырып, айлаңды қосып, серкені алған күнде қалың аттылыны қағып-соғып шығу деген... Бұл жерде өзі пұшпағынан ұстай алмаса да, киіп-жарып арандатып, серкені тақымдап тартып бара жатқанды сыртынан қамшымен соғып, қастандық қылатын шалдуар дүлейлер көп. Оны автор: «Өздері шығармаса да өзгеге шығартпайды. Сан тосқауыл адамды да, атты да жаншып жібереді», дейді. Тура өмірдегідей, өзіне қатысы болмаса да, қағып тастауға тырысады. Жазушы осы тұсын жеткізе білген көкпардың. Бір оқыған байқай бермеуі мүмкін-ау, қайталап оқығанда екі әңгімеде де көкпар қазақтың өз тағдыры деген ойларға жетелейді. Адам тағдырын өзі жасайтынға ұқсайды. Сол ойды қапысыз суреттейді.
Ауылдың өжет ері, жап-жас, отау құрмаған Сердалының доданы бұзғаны неге керек, соңында өліп тынса? Соңында қалған тұяқ жоқ. Тұл кетті. Оны ойласаң бұл Сердалының да, әкесінің де қасіреті емес, жасынан тартысып өткен жұрттың, қазақтың қасіретіне айналып шығады. Атасы кәмпескеленіп аштықтан не репрессияда атылған, әкесі соғыстан қайтпаған жалғыз ұлды ақыры көкпарда өз қазағы тепкілеп, қамшылап өлтіргендей жағдай емес пе? Басында әлгіндей тағдыры бар жетім қазаққа ендігі уақытта тартыса беріп не керек?
Ал Т.Әлімқұловтың «Көкпарындағы» Тарбан жаздай семіртіп, күзде бала-шағасының аузына тосқалы отырған серкесінен айырылғаны өз алдына, астындағы торы дөнені омақаса құлап, мойыны қайырылып, пышаққа ілігеді. Сөйтіп, таза-тақыр қалған соң оған аталасы Әмірбек астындағы атын мінгізіп жібереді. Бұл да қыр қазағының мәрттігі. Кешке үйіне біреудің атын мініп, алдына ақ-адал малы серкесінің орнына торы дөненінің ертоқымын өңгеріп барған қазақ мана өзі кесіп лақтырып кеткен серкенің төрт сирағының құйқасын қай баласының аузынан табар екен?