Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, ОСК мүшелері Сәбила Мұстафина, Асылбек Смағұлов аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу іс-шаралары шеңберінде Қостанай, Абай, Ұлытау облыстарына барды.
Аталған өңірлерде әкімдерді тікелей сайлау алғаш рет өтпек. ОСК мүшелерінің өңірлерге баруының мақсаты – сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту, әдістемелік және практикалық көмек көрсету.
Қостанай облысына барған ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров Қарабалық, Федоров, Алтынсарин, Денисов аудандары мен Рудный қаласы сайлау органдарының сайлауға дайындық барысымен танысты. Инспекциялық іссапар барысында ол учаскелік комиссия мүшелеріне арналған аудандық сайлау комиссияларының оқыту семинарларының жұмысына қатысты. Сондай-ақ өңірдің облыстық, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесулер өткізіп, сайлауға дайындықты ұйымдастыру, үгіт науқанының барысы, сайлау комиссияларының сайлау үрдісіне қатысы бар басқа да қатысушылармен өзара іс-қимыл тәртібі мәселелерді талқылады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина Ұлытау облысына барып, қазіргі сайлау науқаны шеңберінде өтетін облыстық, Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс барысымен танысты. Аудан әкімдерінің сайлауын өткізуге дайындық мәселелері бойынша Ұлытау ауданының сайлау комиссияларының 165 мүшесін каскадтық әдіс бойынша оқыту іс-шарасына қатысты.
Сондай-ақ ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Абай облысының Абай ауданында және Курчатов қаласында инспекциялық сапармен болды. 5 қарашада әкімі сайланатын Абай ауданындағы Қарабұлақ, Орда, Қарауыл, Архат ауылдарының учаскелік сайлау комиссияларына барып, алдағы сайлауға дайындық барысын тексерді, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.
ОСК мүшелері өткізілетін оқыту іс-шаралары шеңберінде дәстүрлі түрде дауыс беру күніне дейін және сайлау күні тікелей учаскелік сайлау комиссиясының жұмысы бойынша тәжірибелік кейстерді пысықтауға, сайлау құжаттарының нысандарын толтыру тәртібіне, учаскелік комиссиялар мүшелерінің сайлау үрдісінің басқа қатысушыларымен өзара іс-қимылына баса назар аударды. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының негізгі талаптары, сайлауды тағайындаудан бастап дауыс беру күніне дейінгі сайлау науқанын өткізу кезеңдері түсіндірілді. Барлық қойылған сұраққа сайлау заңнамасының нормалары бойынша толық жауап берілді.
Айта кетейік, ОСК мүшелері бұған дейін 9 өңірге – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарына барған болатын.