«SpaceX» компаниясы бірнеше жыл бұрын «Starlink» ғаламдық спутниктік жүйесін дамыта бастағаны белгілі. Бұл желісі нашар, қымбат немесе мүлдем қолжетімсіз жерлерде спутниктің көмегімен жоғары жылдамдықты кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. «Starlink» алғашқы лицензиясын алғаннан кейін бес жылдан кейін бес мыңнан астам жерсерік ұшырылды.
2022 жылғы дерекке сүйенсек, адамзаттың үштен бірі әлі де болса интернетке қосылмаған, азаматтардың көбінде тек негізгі интернет байланысы ғана бар. «Starlink» осы дүниелерді жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы, байланыс дегеніміз – өте күрделі мәселе. Бұған қосылу мүмкіндігі немесе инфрақұрылымның болуы аздық етеді. Бұл жерде технологиялардың қаржылық қолжетімділігі, технологияларды пайдалану мүмкіндігі де маңызды. Әсіресе соңғысына басымдық берген абзал.
Біз ұсынып отырған «Starlink»-ті орнату оңай. Оны қораптан шығарып, көкке бағыттап, интернетке қосыласыз. Болды. Құрылғылардың бәрі бір қораппен келеді. Құрылғы деп отырғаным – қарапайым «Starlink» жиынтығы. Оған Wi-Fi модемі және розетка сымы кіреді. Негізі мұндай кідірісі аз кең жолақты қолжетімділікті алу үшін үлкен жабдық, оны орналастыру үшін ұзақ уақыт қажет. Ал «Starlink»-ті рюкзакқа салып, көлікпен алып жүруге болады. Қысқасы, өте тиімді.
Айтпағым, «Starlink» Қазақстанның елді мекендерін интернетпен қамтамасыз етуде тиімді қадам бола алады. Бұл шалғайдағы ауылдар бетпе-бет келіп отырған байланыс мәселесін ойдағыдай шешуге жол ашар еді. Біз телекоммуникация және IT-инфрақұрылым саласындағы басқа да бағалы бастамаларды байыта түсер едік.
«Starlink»-тің коммерциялық сатылымы АҚШ-та шамамен үш жыл бұрын басталды. Қазір барлық жеті құрлықтағы 60 елде 2 миллионнан астам клиент бар. Ал нақты пайдаланушылар саны 10 миллионнан асты. Бұл қатарда Қазақстан тұрғындары да болса тамаша емес пе?
Лорен ДРЕЙЕР,
«SpaceX» компаниясының «Starlink» мәселелері жөніндегі вице-президенті