Елге келген шетел азаматтары біздің төлем жүйемізге, картаны 45 секундтың ішінде шығаруға болатынына таңғалып жатады. Шын мәнінде, еліміз цифрландыру бойынша әлемде ең алдыңғы қатарда деп айтар едім.
Өйткені мобильді қосымшада құжаттарды цифрлық форматта алуға болады. Көлікті, бизнесті толығымен онлайн режімде тіркеуге мүмкіндік бар. Салықты да онлайн төлейміз. Мұның бәрі бірнеше жыл ішінде жасалды. Себебі мемлекет тарапынан қарапайым азаматтарға қызметтерді барынша қолжетімді етуге деген ұмтылыс болды. Әлемнің еш жерінде мұндай мүмкіндік жоқ. Керісінше, басқа елге бара жатқан біздің сүйікті тұтынушыларымыз: «Өзге де елдерге Қазақстандағыдай мүмкіндікті қолжетімді ету керек. Мүмкін сіздерге әлемдік нарыққа шығу керек шығар. Әйтпесе біз өткен ғасырға кетіп қалғандай әсерде боламыз», деп жатады. Егер осындай салыстырулар туралы ойланатын болсақ, біздің алған бағытымыз өте дұрыс.
Цифрландыру саласында көптеген жетістігіміз болса да, өкінішке қарай, әлем елдері ол туралы біле бермейді. Сондықтан біз рейтингтерде бірінші орын алғымыз келсе, Kaspi, Freedom секілді компанияларды қатыстыра отырып, мемлекет тарапынан жұмыс тобын құруды ұсынар едім. Әлемдік рейтингтердің тізімін жасайтын ұйымдарға өзіміз туралы ақпарат берейік. Бізді әлем білуі, тануы керек.
Михаил ЛОМТАДЗЕ,
Kaspi компаниясының директоры