Елордада Digital Bridge 2023 халықаралық форумы өтті. Екі күндік маңызды іс-шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Кейінгі бес жылда IT индустрияның соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналған форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Цифрлық кодекс жобасы әзірленеді
Әдеттегідей форумға деген қызығушылық жоғары. Бұл еліміздің Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түсті. Ел Президентінің айтуынша, іс-шараның тақырыбы да өте өзекті.
– Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллект технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс үдерістерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің төрттен бір бөлігіне пара-пар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқамерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы негізгі басымдықтарды атап өтті. Бірінші – жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек.
– Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын. Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру үдерісін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті, – деді Президент.
Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Бұл – Мемлекет басшысы назар аударған екінші басымдық.
– Бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдады. Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауға тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
5G уақытынан бұрын енгізіледі
Президенттің айтуынша, үшіншіден, цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту да маңызды.
– Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда, жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске «Amazon», «Google», «Mastercard» және «Citigroup» сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды. Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек. «Smart Data Ukimet» арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте ел Президенті жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керегін еске салды. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс екенін айтты. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс.
– Бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді. Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл үдеріс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр. 2027 жылға дейін облыс орталықтарының барлығын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. «Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады», деп нақтылады.
Оқушыларға арналған онлайн платформа
– Төртінші – білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеуіміз қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі. «Goldman Sachs» келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр. Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу. Жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны қанатқақты режімде іске қосады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін де айтарлықтай жаңарту қажет екенін айтты. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек.
– Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктедім. Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді. Осы ретте институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы атаған бесінші басымдық – инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамыту. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт. Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру маңызды. Сонымен қатар венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың маңызы зор.
– Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның нәтижесінде инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болу үстінде. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату. Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз. Қазір біз саяси жүйені түбегейлі жаңғыртып жатырмыз. Білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құра бастадық. Әділетті Қазақстанда әр азаматтың жан-жақты дамуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән береміз. Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз. Жалпы, жаһандық технологиялық революция барлық елдің өркендеуіне, адамдардың дамыған және әділетті әлемде өмір сүруіне септігін тигізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көрмеде көз тартар дүние көп
Форумның пленарлық отырысында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, TikTok-тың бас директоры Шоу Чу, Digital Nomads қоғамдастығының негізін қалаушы Әсет Әбдуәлиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер, «Arbuz», «Aviata», «PINEMELON USA» және «Ticketon» онлайн-сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз сөйледі. Жиынға жазушы, продюссер, Barrat Media компаниясының директоры Джеймс Баррат модераторлық етті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында ұйымдастырылған көрмеге барды. Мемлекет басшысы дәстүрлі форум аясында өткізіліп жатқан роботты техника, Social Tech, Creative Economy, AI, FinTech, Industry 4.0, GovTech тақырыптық көрме аймақтарын, сондай-ақ Kaspikz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Astana Hub, Freedom Bank, MyCar тағы да басқа ұйымдардың көрме стендтерін аралап көрді.
Роботты техника аймағында Мемлекет басшысы көптеген жарыста жеңімпаз атанған роботты техникадан Қазақстан құрамасының мүшелерімен әңгімелесті және Ustem Foundation, Alem School, MakerSpace жобаларымен танысты. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президентке жекелеген екінші деңгейлі банктер мен компаниялар өздерінің платформалары арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасап отырғанын баяндады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің «QR арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуды растау» (eGov mobile қосымшасындағы еДенсаулық) жобасы таныстырылды. Бұған қоса Президентке Astana Hub жобалары, Google for Startups, Draper University, Tech Orda, Silkroad innovation hub, өңірлік IT Hub бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жасанды интеллект негізінде кеңес беріп, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін «AiGov» чат-боты жобасын көрсетті. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаевқа «QazaqGaz» ұлттық компаниясының цифрлық шешімдері және «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік пен арнайы техника жұмысына ашық мониторинг жүргізуге арналған «Сапарларды басқару» жобасы туралы айтылды.
Мемлекет басшысы көрмеге қатысушыларға өздерінің цифрлық жобаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді. Президент еліміздегі цифрландыру үрдісі тек бір саланы ғана жетілдіруге емес, сонымен қатар жалпы экономикамыз бен қоғам өмірінде елеулі өзгерістер жасауға бағытталғанын атап өтті.
Үздіктер марапатталды
Форум аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Digital Bridge Awards жеңімпаздарын марапаттады. Бұл сыйлық қазылар алқасы мүшелерінің онлайн-дауыс беруінің қорытындысы бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудағы жетістіктері үшін Орталық Еуразия елдерінің үздік IT-компанияларына беріледі.
Бұл жолы IT-қызметтерді экспорттауға бағытталған даму стратегияларын табысты түрде іске асыру бағытындағы Export Excellence аталымы бағдарламалық қамтамасыз етуді және күрделі цифрлық платформаларды әзірлейтін EPAM Kazakhstan компаниясының директоры Алексей Аксеновке бұйырды. Tech for Good (экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге арналған технологиялар) аталымында кішкентай балалар, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін пайдалы ақпарат беретін мобильді қосымша – Ozim Platform әлеуметтік стартапының негізін қалаушы Әсем Тәжиева топ жарды.
Tech Educational Leader (оқытуда инновациялық, батыл және шығармашылық бастамаларды қолданатын бағдарламалау мектептері) аталымында Alem School жетекшісі Данабек Қалиажаров жеңіске жетті. Tech Media of the Year (технологиялық журналистика саласындағы жетістіктер) аталымы бойынша Қырғызстандағы жастарға арналған Limon.KG бірінші интернет-басылымының директоры Тагай Тазабеков марапатталды.
Employer of Choice (қызметкерлерді кәсіби және тұлға ретінде дамытуға ынталандыратын жұмыс ортасын ұсынушы компаниялар) аталымында қызметтер, жылжымайтын мүлік және автокөлік сату саласындағы Kolesa Group IT-компанияның бас директоры Дмитрий Ботанов үздік шықты. VC of the Year (инновациялық экожүйенің дамуына елеулі үлес қосқан венчурлік инвесторлар) аталымында Big Sky Сapital венчурлық қорының басқарушы серіктесі Әділ Нұрғожин жеңіске жетті. Тәжікстан жастарына қаржы және телекоммуникациялық компанияларға жұмысқа орналасу үшін IT және жасанды интеллект бойынша мамандандырылған курстардан өтуге мүмкіндік беретін Zypl.ai орталығының негізін қалаушы Азизджон Азими AI Startup of the Year (жасанды интеллект саласындағы жетістіктері үшін) аталымын иеленді.