• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Форум 12 Қазан, 2023

Жасанды интеллект – фантастика емес, ақиқат

373 рет
көрсетілді

Елордада Digital Bridge 2023 халық­аралық форумы өтті. Екі күндік ма­ңызды іс-шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Кейінгі бес жылда IT индустрияның соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орта­лық Азиядағы ең ірі алаңға айналған форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Цифрлық кодекс жобасы әзірленеді

Әдеттегідей форумға деген қызығушылық жоғары. Бұл еліміздің Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржы­лық технология хабы екенін тағы да нақтылай түсті. Ел Президентінің айтуынша, іс-шара­ның тақырыбы да өте өзекті.

– Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интер­нетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбе­гейлі өзгертсе, жасанды интеллект техно­­логия­сының ықпалы да дәл сондай ора­сан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүл­дем басқа арнаға бұрып, жұмыс үдеріс­терін авто­мат­тандырады және ауқым­ды эконо­ми­ка­лық құндылық қалып­тастыра алады. Кей­бір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһан­дық экономикаға қоса­тын елеулі үлесі дүниежүзілік ішкі жалпы өнім­нің төрттен бір бөлігіне пара-пар. Аталған техно­ло­гия­­ның кең қолданысқа ие болуы Қазақ­стан­ның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқамерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы негізгі басымдықтарды атап өтті. Бірінші – жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек.

– Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұр­ғыда дамытудың орнықты бағытын айқын­дауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын эконо­микамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын. Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолай­лы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру үдерісін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқан­да, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анық­тауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосыл­ды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары бас­талып кетті, – деді Президент.

Жасанды интеллектіні нор­мативтік тұр­ғы­­да реттеу қажет. Бұл – Мемлекет басшысы назар аударған екінші басымдық.

– Бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабыл­дады. Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азамат­тар­дың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғы­дан реттейтін заманауи база әзір­леу ісін же­делдетуіміз керек. Құқықтық шарттар ха­лықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүд­делер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адам­дардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандық­тары бұзыл­мауға тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

5G уақытынан бұрын енгізіледі

Президенттің айтуынша, үшіншіден, цифрлық инфра­құрылымды жүйелі түрде дамыту да маңызды.

– Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда, жасанды интеллектінің дамуы­на негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске «Amazon», «Google», «Mastercard» және «Citigroup» сияқты әлемге танымал компания­ларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялар­дың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды. Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек. «Smart Data Ukimet» арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпа­раттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте ел Президенті жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керегін еске салды. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс екенін айтты. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олар­дың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс.

– Бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыз­дың Қазақ­станда және әлемде сұра­­нысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді. Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назар­дан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешім­дер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлем­де енгізу инновацияның дамуы­на тың серпін береді. Бұл үдеріс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр. 2027 жылға дейін облыс орталықтарының барлығын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыш­тап даму жағдайында біз де қар­қынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзі­мінен бұрын, яғни 2025 жыл­дың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы­на әсер етпеуге тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбита­дағы спутниктік жүйелер­дің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғын­дарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. «Үкімет бұл мәсе­лені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады», деп нақтылады.

 

Оқушыларға арналған онлайн платформа

– Төртінші – білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеуіміз қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі. «Goldman Sachs» келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр. Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу. Жасанды интеллектіні қолданысқа ен­гізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуы­на алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бас­тап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдар­лама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны қанатқақты режімде іске қосады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев уни­вер­ситеттерде пәндерді оқы­ту­дың мазмұны мен әдісін де айтарлықтай жаңарту қажет екенін айтты. Болашақ мұға­лім­д­ер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек.

– Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект ба­ғытына қажетті кадр даяр­лау­мен және зерттеулер жүргізу­мен айналысуы керек деген міндет жүктедім. Назарбаев универ­ситеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылы­ми-зерттеу институтына айнал­дыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен ты­ғыз байланыста жұмыс іс­тей­тін ғылыми-зерттеу және тә­жі­рибелік-конструкторлық жұ­мыстар орталығы кіреді. Осы рет­те институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атаған бесінші басымдық – инно­ва­цияның және техно­логия­лық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчур­лық капитал нарығын дамыту. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт. Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру маңызды. Сонымен қатар вен­чурлық капитал нарығына халық­аралық ойыншыларды тартудың маңызы зор.

– Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның нәтижесінде инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болу үстінде. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олар­дың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату. Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз. Қазір біз саяси жүйені түбегейлі жаңғыртып жатырмыз. Білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құра бастадық. Әділетті Қазақстанда әр азаматтың жан-жақты дамуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән береміз. Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз. Жалпы, жаһандық технологиялық революция барлық елдің өркендеуіне, адамдардың дамыған және әділетті әлемде өмір сүруіне септігін тигізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Көрмеде көз тартар дүние көп

Форумның пленарлық отырысында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясы­ның тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалау­шы Тим Дрейпер, TikTok-тың бас директоры Шоу Чу, Digital Nomads қоғамдастығының негі­зін қалаушы Әсет Әбдуәлиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәсе­лелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер, «Arbuz», «Aviata», «PINEMELON USA» және «Ticketon» онлайн-сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз сөйледі. Жиынға жазушы, продюс­сер, Barrat Media компа­ния­сының директоры Джеймс Баррат моде­раторлық етті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge халық­аралық технологиялық форумы аясында ұйымдастырылған көрмеге барды. Мемлекет басшысы дәстүрлі форум аясында өткізіліп жатқан роботты техника, Social Tech, Creative Economy, AI, FinTech, Industry 4.0, GovTech тақырыптық көрме аймақтарын, сондай-ақ Kaspikz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Astana Hub, Freedom Bank, MyCar тағы да басқа ұйымдардың көрме стендтерін аралап көрді.

Роботты техника аймағында Мемлекет басшысы көптеген жарыста жеңімпаз атанған роботты техникадан Қазақстан құрамасының мүшелерімен әңгі­мелесті және Ustem Foun­dation, Alem School, MakerSpace жобаларымен танысты. Цифрлық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президентке жекелеген екінші деңгейлі банктер мен компаниялар өздерінің платформалары арқылы азаматтардың мем­лекеттік қызметтерге қол жет­­кізуіне мүмкіндік жасап отыр­ғанын баяндады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің «QR арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуды растау» (eGov mobile қосымшасындағы еДенсаулық) жобасы таныстырылды. Бұған қоса Президентке Astana Hub жобалары, Google for Startups, Draper University, Tech Orda, Silkroad innovation hub, өңірлік IT Hub бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жасанды интеллект негізінде кеңес беріп, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін «AiGov» чат-боты жобасын көрсетті. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаевқа «QazaqGaz» ұлттық компаниясының цифрлық шешімдері және «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның көлік қауіпсізді­гін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік пен арнайы техника жұмысына ашық мониторинг жүргізуге арналған «Сапарларды басқару» жобасы туралы айтылды.

Мемлекет басшысы көр­меге қатысушыларға өздерінің цифрлық жобаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді. Президент еліміздегі цифрландыру үрдісі тек бір саланы ғана жетілдіруге емес, сонымен қатар жалпы экономикамыз бен қоғам өмірінде елеулі өзгерістер жасауға бағыт­талғанын атап өтті.

 

Үздіктер марапатталды

Форум аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Digital Bridge Awards жеңім­паздарын марапаттады. Бұл сыйлық қазылар алқасы мүше­лерінің онлайн-дауыс беруінің қорытындысы бойынша ақпарат­тық-коммуникациялық тех­но­ло­гияларды дамытудағы же­тіс­тіктері үшін Орталық Еура­­зия елдерінің үздік IT-компа­ния­ларына беріледі.

Бұл жолы IT-қызметтерді экспорттауға бағытталған даму стратегияларын табысты түрде іске асыру бағытындағы Export Excellence аталымы бағдарламалық қамтамасыз етуді және күрделі цифрлық платформаларды әзірлейтін EPAM Kazakhstan компаниясының директоры Алексей Аксеновке бұйырды. Tech for Good (эколо­гиялық, әлеуметтік және эконо­микалық мәселелерді шешуге арналған технология­лар) аталымында кішкентай балалар, оның ішінде ерекше қажеттілік­тері бар балалардың ата-аналары үшін пайдалы ақпарат беретін мобильді қосым­ша – Ozim Platform әлеуметтік стартапының негізін қалаушы Әсем Тәжиева топ жарды.

Tech Educational Leader (оқытуда инновациялық, батыл және шығармашылық бастама­лар­ды қолданатын бағдар­лама­лау мектептері) аталымында Alem School жетекшісі Данабек Қалиажаров жеңіске жетті. Tech Media of the Year (технология­лық журналистика саласындағы жетіс­тіктер) аталымы бойынша Қырғызстандағы жастарға арналған Limon.KG бірінші интернет-басылымының директоры Тагай Тазабеков марапатталды.

Employer of Choice (қыз­меткерлерді кәсіби және тұлға ретінде дамытуға ынталандыратын жұмыс ортасын ұсынушы компаниялар) аталымында қызметтер, жылжымайтын мүлік және автокөлік сату саласындағы Kolesa Group IT-компанияның бас директоры Дмитрий Ботанов үздік шықты. VC of the Year (инновациялық экожүйенің дамуына елеулі үлес қосқан венчурлік инвесторлар) аталымында Big Sky Сapital венчурлық қорының басқарушы серіктесі Әділ Нұрғожин жеңіске жетті. Тәжікстан жастарына қаржы және телекоммуникациялық компанияларға жұмысқа орналасу үшін IT және жасанды интеллект бойынша маман­дандырылған курстардан өтуге мүмкіндік беретін Zypl.ai орта­лы­ғының негізін қалаушы Азизджон Азими AI Startup of the Year (жасанды интеллект сала­сындағы жетістіктері үшін) аталымын иеленді.