• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 16 Қазан, 2023

Трансмай мөлшерін көтеруді кімдер көксейді?

204 рет
көрсетілді

Заңға да, халықаралық стандарттарға да қайшы екеніне қарамастан, елімізде ауық-ауық көтеріліп жүрген мәселе бар. ЕАЭО регламенті мен Дүниежүзілік сауда ұйымы құжаттарында азық-түлік өнімдерінде трансмайларды пайдаланудың рұқсат етілген мөлшері 2% болса да, отандық май өнімдерін өндірушілердің салалық одақтарының бірі реттеуші мемлекеттік органдардан трансмайларды 20%-ға дейін пайдалануға рұқсат беруді тағы да сұрап отыр.

Бұл халықтың денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, биыл «Трансмай несімен қауіпті» («Egemen Qazaqstan», 31 наурыз, 2023 жыл) тақырыбында сұх­бат жүргізіп, бірнеше айдан кейін «Ағ­заға зиян трансмай мөлшерін қалай азай­­тамыз?» («Egemen Qazaqstan», 2 мау­­сым, 2023 жыл) деген тақырыпта ма­қала жазғанбыз. Бұған да маргарин мен спредтердегі гидрогенезделген майларды қазіргі 2%-дан 20%-ға дейін көтеруді ұсынған БАҚ-тағы мүдделі ақпараттар себеп болған еді.

Тіпті мамыр айында бизнесте пайда табуды көздейтін осы мүддені тоқ­тату үшін елордада «Тамақ өнімдерін­дегі трансмайлар мен қалдық ветерина­рия­лық препараттарды ұлттық және халық­аралық нормалау» деген тақырыпта дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.

Мамандар азық-түлік өнімдерінде адам ағзасына аса зиянды май қышқыл­дарының трансизомерлерін көбейтудің кесірі орасан болатынын айтып, дәлелде­рімен дәйектеп берсе де, сол бір одақтың ұсынысынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ұйымдар бұл идеяның заңсыз әрі мағынасыз екеніне қарамастан белсенді түрде неге қайта талқылай бастады?

Бірнеше айдан бері Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» ҰКП алаңдарында май өнімдерін өнді­рушілердің салалық одақтарының бірінің ұсынысы төңірегінде пікірталастар жүріп жатыр. Одақ денсаулыққа аса зиян­ды екенін біле тұра, азық-түлік компанияларына өз өнімдеріне рұқсат етілген 2%-дың орнына 20%-ға дейін трансмайларды қосуға рұқсат беруді ұсынады. Бұл идея өндірушілерге табиғи шикізат шығындарын күрт төмендетуге және олардың пайдасын арттыруға мүмкіндік береді-мыс.

Дегенмен Қазақ тамақтану акаде­мия­­сының жетекші маманы, ЕАЭО техни­ка­лық регламенттеріне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ирина Краснова бұл ұсыныстың заңды күші жоқ екенін алға тартып отыр. Себебі Қазақстан бұл мәселеде халықаралық міндеттемелерден аттап кете алмайды. ДСҰ мүшесі ретінде біздің ел санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФШ) қолдану туралы келісімге қосылуға міндеттеме алған және бұл – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше барлық мемлекет орындауға міндетті құжаттар пакетінің бөлігі.

– СФШ келісімінің талаптарына сәйкес ДСҰ-ға мүше барлық елдің ұлттық стандарттары халықаралық стан­дарттармен, атап айтқанда, «Кодекс Али­ментариус» комиссиясы, Халық­аралық эпизоотиялық бюро сияқты халық­аралық ұйымдардың талаптарымен, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның ережелерімен үйлестірілуге тиіс. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымының адал қатысушысы ретінде бұл жұмысты көптен бері жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық стан­дарттармен және жоғарыда атал­ған ұйым­дардың талаптарымен үйлес­тіріл­ген қауіпсіздік нормативтері қолда­ны­лады. СФШ келісімі, егер олар қажет деп санаса, елдерге санитарлық және фитосанитарлық қорғаудың ішкі деңгейін белгілеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ халықаралық құжаттар талабынан да асып түсетін қорғанудың қатаң деңгейі қажет. Яғни Қазақстан тиісті ғылыми негіздемесі болса, халықаралық ұйымдар көздегеннен де гөрі неғұрлым қатаң стандарттарды қабылдай алады. Атап айтқанда, өндірушілерге ДСҰ нормаларымен рұқсат еткеннен аз трансмайларды қолдануға рұқсат ете алады: мысалы, 2%-дың орнына 1%-ға ғана рұқсат беру немесе Дания, Аустрия, Швеция, Исландия, Норвегия және Финляндиядағыдай трансмайларды пайдалануға толық тыйым салуға болады, – дейді И.Краснова.

Бұл жерде ДСҰ шеңберінде қол­даныстағы трансмайлар бойынша халықаралық шектеулер Қазақстан кіре­тін Еуразиялық экономикалық одақ­тың техникалық регламентімен де үй­лестірілген. Біз, ДСҰ нормалары сияқ­ты өз аумағымызда техрег­ламент­терді сол немесе басқа өнімге бөлек өзгерте алмаймыз. Бұл ЕАЭО-ның бар­лық мүшесі осы техрегламентті өзгер­туге дайын болған жағдайда ғана жүзеге асады және ол үшін талқылау мен ке­лісудің ұзақмерзімді және мұқият рәсімі­нен өту қажет. Бірақ ЕАЭО-ның басқа елдері мемлекеттің басына төнетін имидж­дік тәуекелдермен қоса, халықтың өмір сүру ұзақтығының қысқаруына қауіп төндіретін осындай қым-қиғаш оқиғаларға араласқысы келмейді.

Біз пікір сұраған кезекті сарапшы «Қамқор» жеке адвокаттық кеңсесі» мекемесінің заң компаниясының өкілі Игорь Корсунов та осы пікірді айтып отыр. «Ел Конституциясына, сондай-ақ құқықтық актілер туралы заңына сәйкес республика ратификациялаған халықаралық шарттар заңдарынан басым. Халықаралық деңгейде ЕАЭО елдері тиісті техникалық регламентті қа­былдағанын ескерсек, Қазақстан заң­дары талаптың деректеріне қарсы келе алмайды», дейді құқықтанушы-заңгер.

Өз кезегінде Қазақ тамақтану ака­де­миясының вице-президенті, көрнек­ті ғалым-нутрициолог, биология ғылым­дарының докторы, профессор, екі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Юрий Синявский қазір еліміздің барлық тұрғынына таңуға тырысып жатқан идеяның қауіптілігі неде екенін түсіндірді.

– Трансмайлар – жүрек пен қан тамырларына, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретін өнім және адамның өмірін едәуір қысқартады. Сондықтан тамақ өнімдеріндегі трансмайлардың рұқсат етілген мөлшерін көбейтуге (10 есеге) бола ма деген сұрақ бірде-бір өркениетті елде, тіпті күн тәртібінде тұрмайды. Мәселе мынада: сутектендірілген майлар (өнеркәсіптік трансизомерлер немесе трансмайлар) денсаулыққа өте қауіпті, бұл әлемдік клиникалық тәжірибеде баяғыда дәлелденген. Елімізде онсыз да жүрек патологиясы бойынша көрсеткіштер өте нашар: «жүректен» болған өлім-жітім дамыған елдерге қарағанда екі есе жоғары, қант диабетіне шалдық­қандар қатары көбейіп, бұл дертке жастар да душар болып жатыр, артық салмақ, семіздік көбейіп барады. Сарапшылар мұның бәрі трансмайлары бар тағамдарды тұтынумен тікелей байланысты екенін айтудай айтып келеді. Мемлекет, ең алдымен, ұлттың денсаулығына, адамдарды зиян­ды тағамдардан қорғауға қамқорлық жасауы керек. Біреудің бизнесі мен саудадағы мүддесіне жеңілмеу керек. Әрине, трансмайлар коммерциялық тұрғыдан өте тиімді, арзан компонент екенін түсінеміз. Бұл тек өндірушіге танымал кондитерлік өнімдер мен май өнімдерінің құнын едәуір тө­мендетуге мүмкіндік береді, – дейді Ю.Синявский.

Сарапшылар қолданыстағы регла­мен­ттегі кез келген өрескел заң бұзу­шылықтар Санитарлық-эпидемиоло­гиялық бақылау департаменті тарапынан қатаң қадағалап отыруға тиіс екенін айтып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, трансмайлар жөнінен техрегламентке бағынбау – миллиондаған тұтынушылардың денсаулығына үлкен зиян келтіретіндіктен, бақылау органдары қолданыстағы техрегламентті сақтамайтын азық-түлік компанияларын қатаң жазалауы керек.

Қысқасы, сарапшылар қолданыстағы техрегламенттер мен халықаралық келісімдерге қарамастан «қазір стандарттарды біржақты тәртіппен қабылдап, өзгертеміз және кәсіпорындардың кондитерлік өнімдеріне немесе спредтер мен маргариндерде зиянды трансмайларды көбірек пайдалануға мүмкіндік береміз» деген мәселенің өзі құқықтық тұрғыдан мүлдем заңсыз екенін айтумен келеді. Осы мәселені талқылаудың өзі бірнеше айдан бері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алаңдарында жүргізіліп келе жатқаны – үдеріске қатысушылардың заңнан мақұрым екенін көрсетеді.

 

АЛМАТЫ