Алатау алабы мен Жетісу жерін құландар ежелден мекен еткен деседі. Бұл аймақтардағы бірді-екілі орындардың құлан атауымен астасып жатуы тегін емес. Алайда өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін құлансыз қалған құла дала жүздеген жылдар бойы құлазып жатты.
Құт даладан құландар неге безді деген сауалдың жауабын дөп басып айту қиын. Табиғат зерттеушілері адамнан аяушылық таппаған түз тарпаңдары өзге мекендерге кетуге мәжбүр болған деген болжам айтады. Дегенмен бұл пікір әлі де болса ғылыми тұрғыдан дәйектеуді қажет ететіндей. Араға жылдар салып құландардың оралуы таулы өлкенің тамырына қайта қан жүгіртті.
Алматыдан жолға шыққан бір топ тілші Кербұлақ ауданындағы Басши ауылына бет алдық. Мұнда бізді елімізде алғаш рет өтіп отырған «Алтын Емел – құландар мекені» деп аталған айрықша фестиваль ұйымдастырушылары қарсы алды. Іс-шараның ресми бөлімінен кейін жол талғамайтын көліктерге мініп құландар жайылып жатқан алқапты аралауға аттандық. Жанына жан баласын жуытпайтын жүйрік жануардың бірнеше үйірі көліктің бұрқыраған шаңын көрген бойда үдере қашты. Біз оларға барынша жақындай түсіп, таспаға түсіріп алмақпыз. Әріптесіміз, қырағы фотограф Юрий Беккер желмен жарысқан құландардың әр қимылын қалт жібермеу үшін объективтен көз алмайды.
«Жетісу жауһарына баланатын «Алтын Емел» ұлттық паркінде бүгінде 3 586 бас құлан бар», деген ұлттық парк директоры Қуат Байтұрбаев. Олардың бұл өлкеге қайта оралу тарихын баяндап келеді.
«Құландарды реинтродукциялау жұмыстары 1953 жылдардан басталды. Түрікменстанның Бадхыз қорығынан 8 бас құлан Барсакелмес қорығына әкелініп, көбейту жұмыстары жүргізілді. 1982 жылы «Алтын Емел» ұлттық паркіне (бұрынғы «Қапшағай мемлекеттік қорығы аңшылық шаруашылығы) Барсакелмес қорығынан 27 бас құлан әкелінді. Қазіргі таңда «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде реинтродукция жұмысы нәтижесін беріп, айрықша қорғалатын құландар саны 4 мыңға таяды. Ал ел ішінде жануарлар санын көбейтіп, тарихи таралу аймағын қалпына келтіру мақсатында 2005-2022 жылдар аралығында жалпы «Алтын Емел» ұлттық паркінен 304 бас құлан еліміздің басқа өңірлеріне жіберілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде құландар тарихи мекеніне қайта оралды», дейді ол.
Құландардың тез жерсінуі Жетісу жері олардың ежелгі мекені болғанын тағы бір айғақтайды. Қорық сақшыларының басты міндеті – 3 700 га аумақты құрайтын парк территориясынан олардың шығып кетпеуін бақылау. Олай болмағанда жануарлар басқа аймаққа жер аударуы ықтимал. Мұндағы жүздеген маман қары қалың қыс айларында құландарға шөп салып ерекше күтімге алуына тура келеді. Табиғатынан тарпаң болғанмен құландардың сезімталдық қабілеті қатты дамыған. Алайда адамдар асау мінезіне қарап, құландар қолға үйретілмейді деп пайымдаған.
«Басши» орман шаруашылығының телім бастығы Мұрат Сыдығалиев құландарды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісінің ауқымы кеңейе берсе дейді. Осы уақыт аралығында жануарлардың көбею динамикасы оң қарқын алғанымен, кейінгі жылдардың бедерінде туу көрсеткіші төмендеген. Оның бір себебі – аталық бас құландар санының шамадан тыс артып, тиісінше ұрғашы құландардың азаюы.
Айрықша мән беруге тиіс тағы бір мәселе – құландар ұлттық парк аумағына сыйымдылық деңгейінен асып отыр. Мамандар жайылым мен жер ыңғайы 2 мың құланның еркін мекендеуіне шақталғанын айтады. Себебі парк аумағында құланнан басқа да «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін жануарлар аз емес. Олардың кедергісіз өмір сүруін қамтамасыз ету әрі басқа өлкелерге де құландарды жерсіндіру үшін кешенді жұмыстар қолға алынған. «Алтын Емел» ұлттық паркінің ардагері Халық Оңғарұлының айтуынша, біздегі құландар Орталық Азиядағы құландар санының 30-35 пайызын құрайды. Бұл өлкені мекендеген жергілікті тұрғындар да қорық сақшыларына сирек кездесетін аңдарды қорғауға қолғабыс етеді.
Дүниежүзілік қорықшылар қауымдастығына енген жалғыз ұлттық парк ретінде «Алтын Емел» жануарлар әлемінің жайлы мекені дерсіз. Парк аймағынан «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықтарды 250 метр қашықтықтан көруге болады. Қыстаған кезде дарақ саны 5-5,5 мың басқа дейін жетеді. Бұл – қарақұйрықтарды осынша мөлшерде кездестіруге болатын еліміздегі бірден-бір мекен. Қарақұйрықтар жаз айларында Алматы облысының аумағына көшіп-қонып жүретін көрінеді. 2020 жылғы қыркүйек айында ұлттық паркте орнатылған фототұзақтар арқылы мұнда ілбіс (қар барысы) мекендейтінін дәлелдейтін алғашқы айғақтар алынды. Бұл табиғат зерттеушілерін таңдай қақтырған жаңалық еді. Себебі оған дейін ілбістер тек 4 мың метр биіктіктен төмен түспейді деп есептеліп келген. Ал мұндағы жергілікті таулардың биіктігі 1 000 – 2 000 метрді құрайды.
Сөз басында бұл өлке құландардың тарихи отаны екенін айғақтайтын аңыздар мен тарихи деректердің кездесетінін айттық. Бұл туралы «Алтын Емел» ұлттық паркінің ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімінің жетекшісі Марғұлан Мұсабек былай дейді: «Тақтұяқтылар санатына жататын жабайы жылқылар XIX ғасырға дейін қазақ даласының шөл-шөлейтті және кейбір далалық аймақтарында, батыста Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Оған дәлел ретінде «Ақсақ құлан» күйінің шығуын айтуымызға болады. Аңыздағы Жошы хан бейнесі де болжамды дәйектей түседі. Сонымен қатар таңбалы тасқа салынған құлан бейнелері мен ежелгі жер-су аттары да көп дүниеден хабар береді. Кейінгі деректерді сараласақ, 1930 жылдардан бері құлан кездескені жөнінде мәліметтер жоқтың қасы. 1916-1921 жылдардағы ұжымдастыру кезеңінде байлардың мал мүлкі тәркіленіп, жұртшылық бүркіт пен тазы жүгіртіп аң аулаған. Сондай-ақ 1930-1933 жылдардағы ашаршылық жануардың жойылуына үлкен әсерін тигізді. Соңғы рет 1934 жылы Балқаш Топар өзенінің жағасынан 8-9 бас құлан төбе көрсеткен».
Құландарды ел аумағындағы басқа қорықтарға жерсіндіру жұмыстары басталғалы бері Маңғыстау облысындағы «Ақтау – Бозашы» қорықшасына – 32, «Аңдасай» мемлекеттік табиғи резерватына – 133, «Алтын дала» қорығының реинтродукциялау орталығына – 9, «Іле-Балқаш» табиғи резерватына 60 бас құлан жіберілген.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті Жер-су және орман ресурстары факультетінің деканы Талғат Сейітұлы қаншама сирек кездесетін жан-жануарлардың ұясы болған «Алтын Емел» отандық туризмнің тынысын кеңейтуге жол ашатын бірден-бір орын деп есептейді. Табиғатты қорғау, ғылым, экологиялық туризм, экологиялық ағарту бағыттары бойынша ұлттық парктерді дамыту жобасы қолға алынған. Қызмет көрсету сапасын жақсарту, мамандардың біліктілігін арттыру, зерттеу жұмыстарында жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалану негізгі мақсаттардың қатарында. Айталық, пандемияға дейін жылына 30-35 мың турист «Алтын Емелге» арнайы ат басын тіреген.
Құландар шеруін тамашалағаннан кейін «Алтын Емел» ұлттық паркі аумағындағы визит орталыққа аялдадық. Заманауи үлгіде бой көтерген нысанда туристер үшін барлық жағдай жасалған. Экологиялық іс-шараларға белсенді қатысатын жергілікті мектептерден келген кішкентай табиғат жанашырларын да осы маңнан кездестірдік. Фестивальға арнайы шақырылған Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі «Ақсақ құлан» мен «Сарыарқаны» орындап, тынық даланы күймен тербеді. Ал біз құландар мекенінен ұзай бердік...
АЛМАТЫ