• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Айбын 17 Қазан, 2023

Жетісуда әскерге асық жастар көп

236 рет
көрсетілді

Қазіргі геосаяси жағдай ушығып тұрғанда еліне қорған болар жастарды тәрбиелеу маңызды. Осы ретте Жетісуда түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Тіпті, Екінші дүниежізілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерді туған жеріне жерлеу рәсімі де қолға алынып отыр. Осы ретте Жетісу облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің бастығы подполковник Медет Турскелдиевпен әңгімелескен едік.

- Бәріне белгілі бір жайт, әскерге шақыру жылына екі-ақ рет келеді. Біріншісі көктемде, екіншісі күз мезгілінде. Алдымен осы әскерге шақыру жұмыс барысын айтып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда Жетісу облысына қарасты аудан, қалаларда шақырылушыларды Отан алдындағы борыштарын атқаруға салтанатты түрде әскерге шығарып салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.​ Қазақстан Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы өскелең жастарға ең сенімді тірегіне үлкен үмітін артады. Сенімді ақтау азаматтық парыз. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет жүргізіледі. Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады. Бір байқағаным, Жетісуда әскерге баруға асық жастар көп.

​– Жастарды Отан алдындағы парызын өтеу міндеті туралы білім беру ордаларында қандай іс-шаралар жүргізіледі?

– Отан алдындағы парызын өтеу міндеті туралы білім ордаларында қорғаныс істері жөніндегі Департаментімен, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері және Қарулы күштер ардагерлері түсіндірме жұмыстарымен қатар ерлік сабақтарын ұйымдастырып өткізіп келеді. Сонымен қатар әскери бөлімдерде оқушылар мен студенттерге ашық есік күндері өтіп отыр. Әскери бөлімдерде өткізілетін ашық есіктер ол жасөспірімдерге болашақта Отан алдындағы борышын өтеу жолындағы алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Әскери бөлімге саяхатқа барудың тағылымы, тәрбиелік мәні, патриоттық мазмұны тереңде жатыр. Мұндай ашық есік күндер болашақ Отан қорғаушылардың тәрбиесіне тигізер үлесі зор, өйткені олардың Отанды құрметтеуге, қорғауға деген сезімдері арта түсетіні сөзсіз. 2023 оқу жылында Қарулы Күштердегі жауынгерлік сайыстың ұраны «Қуатты армия - Жаңа Қазақстан!» болғанын айта кетейін.

​– Сондай-ақ запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы не айтасыз?

- Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылдың 26 қаңтарындағы №49 Қаулысының негізінде жүргізіледі. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру ол әскери қызметке жарамды, жиырма тоғыз жасқа дейінгі запастағы офицерлер мен отыз екі жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері уәкілетті органдардың өтінімдері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде бейбіт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.

​– Биыл тамыз айында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздың сүйегі туған жерінде қайта жерленді деп естідік...

- Иә, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тауып хабарсыз кеткен отандық жауынгерді қайта жерлеу салтанатты рәсімі Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында өтті. Салтанатты рәсімге әкімдік, ардагерлер, әскерилер және ауыл тұрғындары қатысты.

​Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі - Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау, олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Мәскеу қаласындағы Ржев түбегіндегі Комариха орманында жүйелі іздестіру, мұрағаттық зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында бұрынғы Алматы облысы, Андреев аудандық әскери комиссариатынан аттанған, Жетісу облысының (бұрыңғы Алматы облысы) тумасы, жауынгер Парасенко Филип Лаврентьевичтің сүйегі мен медальоны табылған. Оны аймақтық «Фронтовые дороги» әскери-патриоттық іздеу клубының іздеушілері іздеп тапқан. Жауынгер Ф.Л.Парасенконы пырағын Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында әскери құрметпен қаралы митинг өткізілді.

– Жуырда Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Жетісу гарнизонында болып қайтты деп естідік. Ақпараттық топ не мақсатпен келді?

- Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Жетісу гарнизонында болып «Жаңа Қазақстанның тірегі - айбынды жастар» тақырыбында Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде мектеп оқушыларымен, колледж білімгерлерімен, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен және әскери кафедра студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Аталған шарада «Қарулы Күштер ардагерлері» Жетісу облысы филиалының төрағасы Рахым Қырғабақов, радиоэлектроника және байланыс әскери институтының әскери-патриоттық және идеологиялық жұмыс бөлімінің бастығы майор Мирас Калиуллин, құрлық әскерлері әскери институтының идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыс бөлімінің офицері майор Мұратбек Құлшаев өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық сауалдар бойынша баяндама жасады.

– Әңгiмеңiзге рахмет. Қызметіңізге сәттiлiк тiлеймiз.