Елімізде 4,4 млн жеңіл автомобиль бар болса, соның 4,7 мыңы – электр энергиясын тұтынатын көліктер. Қазір электромобильдер отандық автопарктің 0,11 пайызын құрап отыр. Әрине, электрмобиль тізгіндеу ел тұрғындары үшін біршама қымбатқа түседі. Әрі оны қуаттайтын бекеттер де тапшы. Дегенмен халық арасында көліктің бұл түріне қызығушылық бар. Ал әлемде электрмобиль өндірісі алапат қарқынмен артып келеді.
Ev-volumes аналитиктері электрмобиль сатылымының өсіп келе жатқанын айтады. Биыл бірінші жарты жылдықта BEV және PHEV компанияларының 6 млн жаңа көлігі нарыққа жеткізілген. Бұл 2022 жылдың бірінші жартысынан 40 пайызға жоғары көрсеткіш. 2022 жылы «Tesla Model Y» көлігі көп сатылған (771,3 мың автокөлік). Одан кейінгі орындарда – «BYD Song Plus» (477,1 мың) пен «Tesla Model 3» (476,3 мың).
«Астана» халықаралық қаржы орталығы жақында жариялаған зерттеуінде дүниежүзіндегі және еліміздегі парниктік газдар мен ауаны ластау көздерінің бірі негізінен қазбалы отынмен қамтамасыз етілетін көлік секторы саналады делінеді.
«Парниктік газдар климаттың өзгеруіне әкеліп соғады, оны БҰҰ экожүйелерге, инфрақұрылымға, адам өмірі мен денсаулығына тікелей физикалық қауіп-қатер төндіретін қазіргі заманның ең күрделі мәселелердің бірі ретінде таныды. Осыған байланысты көлік секторындағы көміртегі шығарындыларын азайту – атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және ауа сапасын жақсарту үшін маңызды шара», деп жазылған зерттеуде.
Зерттеуде, сондай-ақ, бүгінде жаһандық деңгейде көліктің баламалы түрлеріне, атап айтқанда, көмірқышқыл газын шығармайтын электрмобильдерге көшу қарқын ала бастағаны атап көрсетіледі. Түрлі зерттеулерде айтылатынындай, электрмобильдің бүкіл өмірлік циклі, соның ішінде өндіру, пайдаланылатын энергияның шығу көзі мен утилизацияны ескере отырып, пайдалануды қоса алғанда, электрлік көліктер әдеттегі жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда аз шығарындылар шығарады.
Қазақстанда кейінгі жылдары электрмобильдердің саны қарқынды өсіп келеді, алайда электр отынмен жүретін көліктердің үлесі әлі де аз, жоғарыда айтқанымыздай 1 пайыздан кем. Бұл тұрғыда жасыл көлікке көшуді ынталандыру үшін көлік салығынан және үтіл алымынан босату сияқты түрлі шара енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бензин немесе электр көлігін сатып алудың бастапқы құнының жоғары болуы, қуаттау стансалары инфрақұрылымының дамымағаны, мамандандырылған қызметтердің және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етудің жоқтығы сияқты кедергілер әлі де бар.
«Сонымен қатар еліміздің бизнес-қоғамдастығы мен қаржы институттары жаһандық жасыл көшуден шет қалып отырған жоқ. Компаниялар бірте-бірте өз көліктерін электрмобильдер мен электрлі автобустарға, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтіндерге ауыстырады. Банктер электрмобиль сатып алу үшін жасыл автокөлік несиелерін бере бастады. Дегенмен халық пен бизнес арасында электрлі көліктерді барынша жаппай танымал ету үшін тиімді сұранысты арттыру, бүкіл ел бойынша қуаттау стансалары мен қызметтерінің инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ экологиялық таза көліктердің отандық өндірісін өркендетудің қосымша шаралары қажет», деп есептейді мамандар.
Жаһандық деңгейде көлік құралдарынан парниктік газ шығарындылары мен ластаушы заттарды азайту үшін электрмобильдер өндірісін ұлғайту және осы көлік түрлеріне көшу бойынша қозғалыс белсенді қарқын алып жатыр. Электрмобильдерде түтін шығатын мұржа жоқ және қозғалыс кезінде көмірқышқыл газының шығарындыларын таратпайды. Бұл ауаның ластануын айтарлықтай төмендетеді. Бір жылдан астам уақыт ішінде жолдардағы бір ғана электрмобиль СО2 шығарындыларын орта есеппен 1,5 миллион грамға (немесе жылына 1,5 т) азайта алады.
Қоршаған орта жөніндегі Еуропа агенттігінің электрмобильдер туралы есебіне сәйкес электрмобильдердің парниктік газ шығарындылары бензин мен дизельді автомобильдерге қарағанда шамамен 17-30 пайызға төмен болды.
Әйткенмен әңгіменің екінші қыры да бар. Электрмобиль қозғалыс кезінде лас заттарды бөліп шығармағанымен, оны құрастыру кезінде қоршаған ортаға тәуір залал келеді. Әлемнің көптеген еліндегі электр желілері әлі де көмір немесе мұнай сияқты қазба отындармен жұмыс істейді және электрмобильдер қуат алу үшін осы энергияға тәуелді. Сондай-ақ электрмобиль өндірісі кезінде шығарылатын шығарындылар, әдетте, автомобильдікіне қарағанда жоғары болады. Электрмобильдің бүкіл қызмет ету мерзіміндегі CO2 шығарындыларының үштен бірінен астамы автомобильдің өзін өндіруге жұмсалатын энергияға тиесілі. Бұл электрмобильдің ажырамас бөлігі болып саналатын литий-ионды батареяларды өндірумен байланысты екен.
Алайда оның қызмет ету мерзімі ішінде электрмобильмен байланысты ПГ шығарындылары, тіпті электрмобиль өндірісінің шығарындыларын ескерген күннің өзінде, бензинмен жұмыс істейтін орташа көліктен төмен болады. Ұлыбританиядағы Кембридж, Эксетер және Нидерландыдағы Неймеген университеттерінің зерттеушілері дүниежүзінде 95 пайыз жағдайда бензинмен жүретін көлікке қарағанда электрмобильмен жүру қоршаған орта үшін қауіпсіз екенін анықтапты.
Bloomberg New Energy Finance болжамына сәйкес 2040 жылға қарай бүкіл әлем бойынша электрмобильдердің сатылымы жылына 56 миллион бірлікке жетеді. Еуропалық Одақтың «Жасыл күн тәртібіне» сәйкес 2035 жылға қарай сатылған барлық жаңа машина электр негізінде болуы керек. 2025 жылға қарай ЕО-да сатылған әрбір бесінші автомобиль электрмобиль болады деп күтіледі, ал 2035 жылға қарай іштен жану қозғалтқышындағы автомобильдердің сатылымына мүлдем тыйым салынады.
Нөлдік шығарындыларға аралық қадам ретінде жаңа CO2 стандарттары, сонымен қатар 2030 жылға қарай жаңа автомобиль шығарындыларының орташа деңгейін 55 пайызға және 2030 жылға қарай жаңа фургондарды 50 пайызға төмендетуді талап етеді. АҚШ 2030 жылға қарай барлық көлік сатылымының жартысы электрмобильдерге тиесілі болады деп жоспарлап отыр.