• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 18 Қазан, 2023

Қос кітап тұсаукесері

556 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада ғалымдар Азамат Жамашев, Ернар Мәжен, Дорбетхан Жомарт бірлесіп дайындаған «Сайын даланың саңлақ ғұламалары» мен «Темірқазық: қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгіні» атты қос кітаптың тұсау­кесер рәсімі өтті.

Іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Сенат депутаты Бекболат Орынбеков, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, техника ғылымдарының докторы, Ясауи кесенесі ғимаратының геометриялық өлшемін зерттеген Әуез Бәйдібеков, іскер азамат Нұрлан Алжанқұлов және оқытушы-профессорлар, дін саласы мамандары, шәкірттер қатысты.

– Кітапты жазған Азамат Жамашев, Ернар Мәжен, Дорбетхан Жомарт сынды жігіттерге алғысымды білдіремін. Халықтың түлеуіне бірден-бір ұйытқы болатын дін саласы мен ұлттық дәстүр сабақтаса сипатталған қос кітаптың халқымыздың рухани өміріне зор әсерін тигізеді деп есептеймін. Жастар да, үлкен кісілер де осы кітаптарды ала отырып, өз ішінен талдау жүргізіп, жақсы қорытынды шығарады деп ойлаймын. Бізге осындай заман талабына сай кітаптар керек, – деді сенатор Б.Орынбеков.

«Сайын даланың саңлақ ғұламала­­ры» еңбегінде Ұлы дала төсінде құрылған мем­лекеттердің тарихы, ұстанған діндері, олардың исламды қабылдауына түрткі болған оқиғалар, оларға жасалған жорық­тар, мешіт-медреселердің пайда болуы, ғы­лым мен білімнің дамуы егжей-тегжей зерделенген. Қазақ халқының мемлекет болып құрылғаннан бастап, бүгінгі күнімізге дейінгі діни ахуал, оған әсер еткен тарихи және саяси оқиғалар да сөз етіледі.

– Шынында, дін тарихы, дін мәселесі деген ұғымдар енді қалыптасып, зерттеліп жатыр. Сонымен бірге дін мәселесі қазір қоғамда күн тәртібінде тұр. Біздің тарихымызға дін қай тұрғыдан келді және біз оны қалай түсіндірдік? Бүгінде «битке өкпелеп, тонын отқа жағып» дәстүрлі дінімізді де мансұқтаушылар белең ала бастады. Дін әу бастан қазақ отбасында жоғары құндылық саналған. Кезінде біздің Әлихан Бөкейхан, Нәзір Төреқұлұлы сынды зия­лылар 1923 жылы «Темірқазық» деген журнал шығарды. Сіздер жариялап отырған «Темірқазық» та үлкен бастама болып, болашақта осы бағытта көптеген еңбектің шығуына мүмкіндік туғызады деп ойлаймын, – деді Д.Қамзабекұлы.

Академик Ғарифолла Есім өз кезегін­де қазақ халқының ұлттық руханияты ныға­йып келе жатқанын алға тартып, жинақ­тың алғысөзін жазған автор ретінде қос кітап­қа жоғары баға беріп өтті.

Аталған кітаптар ірі кітап дүкен­дерін­де сатылымға түскен. Іргелі еңбектерге қы­зығушылық танытушы оқырман шоғыры да қалың.