Баласағұн бабамыздың «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыруы керек» деген тәлімді сөзі бар. Сондай игі жақсының қатарына Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Жүсіп Бұзаубаевты да қосуға болады.
Ол 1912 жылы Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Сол ауданда бастауыш мектепті үздік бітіріп, кейін Ақтөбе қаласында білім алып, алғашқы еңбек жолын Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Үшкөл ауылдық бастауыш мектебінде мұғалім болып бастаған. Бұл – 1933 жыл болатын. Кейін 1935 жылы Жүсіп атамыз «Миллионер Тастүбек колхозы» атанған ауыл мектебіне ауыстырылады. Балалардың санасына біліммен қоса тәрбиені де сіңіруге бел шеше кіріскен жас ұстаз БК(б) партиясы мүшелігіне өтеді. 1938 жылы осы ұжымшар құрамындағы Қарабұлақ елді мекенінің бастауыш мектебіне меңгеруші болып ауысады.
Ел басына күн туғанда Жүсіп атамыз да Арал аудандық әскери комиссариатының шақыруымен майданға аттанады. Алдымен Саратов қаласындағы жоғары әскери командирлер даярлайтын арнаулы училищеде лейтенант шенін алып шығады да, 79-гвардиялық атқыштар полкіне қарасты 26-Шығыс Сібір гвардия атқыштар дивизиясының взвод командирі шенінде соғысқа араласады. Елді жаудан азат ету жолында күш-жігерін жұмсайды.
1944 жылдың ақпан айында 26-гвардиялық атқыштар дивизиясы Витебск қаласын жаудан азат етуге қатысады. Лейтенант Жүсіп Бұзаубаев басқаратын взводқа қаланың батысындағы Малые Рубины селосын басып алуға бұйрық берілген. Взвод жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігінің арқасында бұйрық бұлжытпай орындалып, елді мекен жаудан толық азат етіледі. Өкінішке қарай, сол шайқаста бәрі де ерлікпен қаза табады.
Шыбын жанын Отаны үшін пида еткен атамыз Белорустің Витебск облысы Городской ауданы Малые Рубины селосындағы бауырластар зиратында жерленген. Ол жөнінде 1944 жылғы 31 наурыздағы бұйрықтың көшірмесінде жазылған. Бұл құжат Арал аудандық АӘК-тің №30-тізімінде тіркелген, ардагерлер аллеясы тізімінде тұр. 1999 жылы шыққан «Боздақтар» кітабындағы соғыста қаза болған қызылордалықтар туралы тарихи деректерде атамыздың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткені жөнінде айтылған.
Жүсіп атамыздың ұрпақтары арасында мұғалімдер де, әскери саланы таңдағандар да болды. Өзінің бел баласы Сағитжан Жүсіпов 1940 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын Сексеуіл стансасында вагон қараушы болып бастайды. Біліктілігі мен ізденімпаздығының арқасында Қазалы вагон жөндеу депосына қызметке ауысады. Осы жерде 1974 жылға дейін еңбек етіп, Жамбыл қаласындағы вагон жөндеу депосына аға шебер, вагон ревизоры болып, Жамбыл қалалық мәслихат депутаттығына сайланып, қоғамдық жұмыс атқарады. 2003 жылы еңбек демалысына шығып, 2012 жылы қайтыс болды.
Сағитжан ағамыздың артында 4 ұл, 1 қыз қалды. Ұлдарының бірі Рысмағанбет Жүсіпов ұзақ жыл әскери қызметте болып, подполковник шенінде зейнетке шығып, қазір Тараз қаласындағы №24 гимназияда алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі. Ал тағы бір ұлы Алтынбек Жүсіпов көп жыл бойы Ұлттық ұланда басшылық қызмет атқарып, бүгінгі таңда құрметті зейнетке шыққан полковник. Таулы Қарабақ соғысының ардагері, профессор.
Жүсіп Бұзаубаевтың да еңбегі мен ерлігі туған жерінде өз дәрежесінде құрметтелуге тиіс. Ол сұрапыл соғыс жылдарында жанқиярлықпен Отанын қорғаған. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа тосып, басын бәйгеге тіккен майдангер атамызды еске алу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Сын сағатта елін қорғаған ардагерлерімізді құрметтеу – парызымыз. Ерлігі аян, батырлығы белгілі қаһарман боздақтың туған жері Сексеуіл кентінен бір мектептің атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бақытжан ЖОЛМЫРЗА,
Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы
Алтынбек ЖҮСІПОВ,
запастағы полковник, майдангердің немересі