Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта елордалық спорт мектептерінің атқарып жатқан жұмысы орасан. Соның бірі №9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 9 олимпиадалық спорт түрі бойынша дайындық жүргізіледі.
Қазіргі уақытта аталған мектепте жеңіл атлетика, үстел теннисі, семсерлесу, бессайыс, триатлон, бадминтон, оқ ату, стенд ату, садақ ату сияқты олимпиадалық спорт түрлерінен оқушыларды 42 педагог жаттықтырады.
«Педагогтердің ішінде жоғары, бірінші, екінші біліктілік санаттарының жаттықтырушылары жұмыс істейді. Екеуі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құрметті атағына ие. Олар – Семсерлесу бойынша жаттықтырушы Андрей Чурбаков және оқ атудан жаттықтырушы Галина Корчма. Сондай-ақ оқ атудан бір жаттықтырушы Ольга Довгун – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері», деді №9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айдын Тоқбаев.
Спорт мектебінде 693 спортшы бар. Олардың үшеуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сегізі – спорт шебері, 50-і – спорт шеберіне үміткер, 130-ы – спорт шебері атағына ие.
Спорт мектебінің өрендері республикалық және халықаралық ресми бәсекелерде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Айталық, Адель Садақбаева Мароккода стендтік атудан Әлем кубогында команда құрамында бірінші орынды иеленді. Ол дәл осындай нәтижені Азия кубогында скит санатында көрсетті.
Александра Федотова кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы семсерлесуден Азия чемпионатында командада бірінші, жеке турнирде екінші орын алды. Қазіргі бессайыстан Азия чемпионатындағы жүлделі орындарды Дэвид Шаулский мен Валерия Дудченко жеңіп алды.
Ташкентте өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Анастасия Колода алтын, Екатерина Колода күміс медаль жеңіп алды.
Жоспар бойынша 2023 жылы осы мектептің спортшылары 475 жарысқа қатысады. 9 айда 58 жарыс өткізілді. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері 255 медаль жеңіп алды.