Халқымызда «Өмір қысқа, өнер мәңгілік» дейтін қанатты сөз бар. Мың жыл бұрын ғұмыр кешкен Қорқыт күйлері, алты ғасыр асса да, ешқашан ескіре қоймайтын Асан қайғы толғауы мен кешегі өткен Құрманғазы күйлері, Ақан, Біржандардың әсем әндері де елмен бірге мәңгі жасасып келеді емес пе? Өнердің мәңгілігі де осыдан екендігі аян. Ал театр туралы сөз қозғасақ, ол – әрине, ғажайып дүние. Драмалық әрекеттер арқылы өнер көріністерін көрерменнің көз алдына актерлер күшімен бейнелейтін сахналық киелі өнер деп білемін.
Алтын күздің жылы да жаймашуақ күндерінде қазақ мәдениеті мен өнерінің қасиетті шаңырағы елордамыз – Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театры шырайлы Шымкентке гастрольдік сапармен келді. Бұл біздің оңүстік өңірі үшін елеулі оқиға болды деп есептеуге әбден болады. Еңбек демалысымның Астанада өткізген күндерімде өзім тамашалаған Музыкалық жас көрермен театры репертуарындағы «Шәмші», «Махаббат бар ма?», «Шанель №5», «Абай – Тоғжан», «Ғашық жүрек», «Гауһартас» музыкалық драмасы театр сүйер қауымының назарына ұсынылды. Осы аталған сахналық қойылымдармен қуана-қуана қайта қауыштым деп ерекше сезіммен айта аламын. Сахна шымылдығы зал толы көрерменнің жүрекжарды қошеметімен ашылды. Жаныңа жылы сәуле шуағын ұялатар «Келші, айым» әнінің әуені де қойылым барысынан хабар бергендей ой салады. Жазушы Дулат Исабеков повесінің желісі бойынша сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасы керемет үздік қойылым екендігі ел аузында жүр. Режиссері әрі театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Авторлық тұлға мен Қайыркең рөлін сомдаған танымал актер Асылхан Төлепов өзінің табиғи дарыны мен тынымсыз еңбегінің арқасында өнер шыңын бағындырып жүрген Музыкалық жас көрермен театрының өте талантты актері.
Спектакльді көріп отырып, соңында жаныңмен егіліп, көңілің босамауы мүмкін емес. Қатал да өр мінезді Тастан, жаны нәзік Салтанат пен сезімтал, ақынжанды Қайыркең көрермен жүрегінен үлкен орын алады.
«Гауһартас» музыкалық драмасы ұлттық сахна өнерінің зор жетістігі деп айтуға әбден негіз бар. Ендеше, көрермен, «Гауһартасты» көрелік. Ал Музыкалық жас көрермен театры ұжымына, жалпы актерлер құрамына, атап айтсам, Оразалы Игілік, Инабат Ризабекқызы, Саламат Мұқашев, Мақпал Дүйсен, Бақдәулет Оразбек, Ернар Мұхамбет, Аққанат Қуандықов пен Асылхан Төлеповке шығармашылық толағай табыстар тілеймін.
Ғазиза ӘЛІБАЙ,
Қ.Бектаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімі
Түркістан облысы,
Ордабасы ауданы