• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Республика күні 18 Қазан, 2023

Дербестік декларациясы

531 рет
көрсетілді

1990 жылдың 25 қазан күні қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республи­касының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қазақ халқы үшін тарихи сәт болды. Артынша осы Декларация мен Конституцияға сәйкес елдегі өкімет билігі толығымен кеңес орындарының қолына көшірілді.

1990 жылғы 25 қазан мен 1991 жылғы 16 желтоқсан аралығында «Қа­зақ КСР-індегі мемлекеттік билік пен басқаруды жетілдіру туралы», «Қазақ КСР мемлекеттік мекемелері мен Конс­титуциясын жетілдіру туралы», «Қо­ғамдық бірлестіктер туралы» Қазақ КСР Заңдары қабылданды. «Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесін құру туралы» Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шықты, КОКП қызметі уақытша тоқтатылды, «Ағымдағы мезгілді бағалау және Рес­пуб­лика егемендігін күшейту шаралары туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі­нің Қаулысы жарық көрді. «Мем­ле­кеттік кәсіпорындар мен одаққа бағы­ныш­ты ұйымдардың Қазақ КСР Үкімет­і қарамағына өту туралы», «Қазақ КСР сыртқы экономикалық қарым-қатынас­тарының еріктілігін қамтамасыз ету туралы» Жарлықтары шықты. Қазақ КСР Коммунистік партиясы ОК таратылды.

Көріп отырғанымыздай, Қазақ елінің егемендігін орнықтыру бағытында нақ­ты шаралар іске асырыла бастады. Мәселен, декларация халқымыздың қасі­ретіне айналған Семей ядролық сы­нақ алаңын жабуға да өз септігін тигізді.

Сол кезде әлі де болса өз қаһарындағы одаққа қарап келген кәсіпорындар мен мекемелерді, соның ішінде әскери-өнеркәсіптік кешені де бар, Қазақстанға бағындыруға жағдай жасалды. Егемендік декларациясы сол кезде қалыптасқан кер заманда қоғамды сабаға түсірген пәр­менді құқықтық тетікке айналды. Сөй­тіп, мемлекеттік егемендік туралы Мәлім­деме тарих алдындағы өз рөлін орындап, қазақ халқына кезінде айырылып қалған мемлекеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шешімге айналды.

Бұл іс оңайға түспеді, ол бізге теке­ті­рес пен қантөгіс күрес арқылы кел­ді. Осы үдеріске қолбайлау болған ке­дер­гілер де аз болмады. Оларды ең­се­рудегі және ел ішіндегі КСРО-ны сақтап қалғысы келгендердің әрекет­теріне қарсы тұрудағы «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» алатын орны бөлек. Ол – еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі еді. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігіне қайтарылуының құқықтық тетіктерін баянды етті. Демек, ол Қазақстанның тәуелсіздікке батыл қадамдар жасауына деген сенімділігін нығайтты. Яғни қазақ халқы егемендікті тәуелсіздікке дейін алды. Демек, 25 қазандағы Республика күнінің егемендік ұғымының символдық мән-мағынасы ретіндегі маңызы зор болғандығы осыдан. Сондықтан да ол тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып саналады.

Сондықтан 2009 жылдан кейін мерекелік күндер қатарынан түсіп қалған Республика күнін еліміздің ұлттық мейрамдар тізбесіне қайтадан енгізу туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шешімі халықтың көңілінен шыққаны ақиқат. Сонымен бірге Президент Тәуелсіздік күні өзінің бастапқы мәнін сақтай отырып, ол тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілетіндігіне назар аударды. Бұл – өте орынды па­йым. Себебі халқымыздың санасындағы тәуелсіздік пен желтоқсан көтерілісі сияқты екі қасіретті де қастерлі ұғымдар қатар келіп екі жерде емес, енді бір жерде және бас қосып бірлесіп елдің азат­тығы үшін күресіп, қан төккен батыр ата-бабаларымыз мен кейінгі күннің ерлеріне тағзым ететін күнге айналса екен дейміз.

Республика күні туралы сөз қозға­ғанда ең алдымен «егемендік» ұғымы ойға келетіні заңды нәрсе. Содан кейін «егемендік» пен «тәуел­сіздік» термин­дерінің олардың кейбір «өзгешелігіне» қарамастан, әсіресе құқықтық тұрғы­да, егіз және қазақ халқы үшін қым­бат түсініктер екендігін де естен шыға­руға болмайды. «Республика күні» деген кезде оны жалпы «республи­ка» феномені турасында емес, Қазақ­станның егемендігі тұрғысында қарас­тыру қажеттілігі туындайды. Біз мұнда республикалық немесе монар­хия­лық басқару жүйесі туралы емес, қазақ елінің егемендік алуын әңгі­ме етіп отырмыз. Өйткені мемлекеттік басқа­ру жүйесін қалыптастыру егемен елдің Конституциясы шеңберінде шеші­­летін мәселе. Егемендік туралы мәлімдемей тұрып өзімізді республика ретінде жариялау мүмкін болмас еді. Ендеше, мұндағы «республика» ұғымын «Қазақстан Республикасы», «Қазақстан» немесе «Қазақ елі» деп түсініп, оған тиісті басымдық берген абзал.

Ендеше, Егемендік пен Тәуелсіздік сөздері іліктес, бір-бірімен сабақтас және қастерлі ұғымдар болғанымен біріншісінің орны расында да айрықша. Егемендік күні бүгіндері қазақ халқының ғасырлар бойы асыға, өзегі тала көптен күткен көзайымы болып, оның рухын көтеріп, жанына сая, көңіліне медет болатын басты мерекесіне айналып отыр. Ол Қазақстанда мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның рәмізі ретінде елдігімізді айқындап, бола­ша­ғымызды бағдарлап берді.

Егемендік мемлекеттің шексіз және тұрақты билігін айқындай отырып, оның өз аумағында толық билікке ие болу жағдайы және оның басқа мемле­кет­терден тәуелсіздігін көрсетеді. Демек, егемендік – толыққанды дербес мем­лекеттік биліктің белгісі және мемле­кеттік биліктің бірлігін, үстем­дігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемле­кеттің мәні. Егемен­діктің ерек­шелігі сонымен қатар оның функ­ция­сының әмбебаптық және жасам­паздық сипатында. Егемендікке халық, ұлт және мемлекет сияқты әлеумет­тік-саяси нышандар тән. Бұлар өзара белгілі бір объективті байланыстар мен біртұтастық жағдайда болады. Ендеше, егемен мемлекет халықтың егемендігін көрсе­теді және оның кепілі болады. Соны­мен бірге егемендікті халықтық, ұлт­тық және мемлекеттік егемендіктің бірлі­гі айғағы ретінде де қабылдауға болады.

Декларация Қазақ КСР-нің дер­бес түрде республикадағы саяси, эко­номи­калық, әлеуметтiк және ұлттық-мәДе­ни құрылысқа, оның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәсе­ленi шешетіндігі, мем­лекеттiк өкiмет және басқару орган­дары­ның құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ Республиканың рәміздерін белгілейтінін заңдастырды. Ол рес­публиканың шынайы егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Декларацияның саяси-құқықтық мәнінің аса зор болғандығы соншалық, ол әуелі Қазақстан мемлекетінің егемендігін қамтамасыз етудің барлық дерлік қажетті шартын құрды және заң жүзінде бекітіп берді.

Декларацияның маңызы сонымен қатар оның республиканың тағдыры мен мәртебесін айқындағандығында жатса керек. Бұл құжат Қазақ КСР-нің экономикалық жүйесінің негіздерін бекітті және Қазақстанның халықаралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтады. Декларацияның ең маңызды тұсына Қазақ КСР-інде мемлекеттік биліктің заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліне отырып жүзеге асатынын алғаш рет бекітуін жатқызуға болады.

«Қазақ КСР-нің мемлекеттік еге­мендігі туралы» декларациясы басқа қоғамдық-экономикалық формация­да қабылданса да осы күнге дейін мемле­кет­тік және қоғамдық өмірдің ең маңызды тұстарын айқындап келеді. Ол Қа­зақстанды алғаш рет өзіндік дүние­та­нымы, салт-дәстүрі, өзіндік даму болашағы бар егеменді мемлекет ретінде жариялағандықтан, декларацияда бола­шақ тәуелсіз Қазақстан Республика­сының шынайы егемендігінің ел аума­ғының біртұтастығы және қолсұғыл­маушылығы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджет пен халықаралық қатынастардың дербестігі, мемлекеттік тәуелсіздіктің нышандары көрініс тапты.

Сонымен бірге егемендік мемлекет­тік биліктің ел ішінде толыққанды үс­темдік етуін, онда мемлекет пен халық билі­гі­нен басқа ешқандай биліктің бол­май­тындығын көрсетті. Дегенмен, Қазақстанның өзіне алған кейбір халық­аралық міндеттемелері мен осындай тиісті құқықтар оның тәуелсіздігін белгілі бір мәселеде шектеуі мүмкін. Бірақ одан Қазақстан мемлекеттік егемендігін жоғалтпайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда тәуелсіздік туралы конституциялық заң Қазақстан территориясы шегінде қазақ мемлекетінің егемендігін бекітті. Ендеше, еліміздің егемендігін халқымыздың басына қайтусыз және біржолата қонған бақ та, бақыт та деп қабылдап, түсінген жөн. Өйткені Егемендік туралы декларация қабылданған кездегі таблодағы нәтижені көргендердің көпшілігі көзіне жас алған екен. Сонымен қатар олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, ендігі күніміз қандай болады деген қобалжудың да, бұл не болып кетті деп аңтарылудың да болғаны анық. Олай болса, Егемендік пен Республика күнінің қадір-қасиетінің, құдірет-құндылығы мен тарихи маңызының сол көздің жасында жатқандығы да ақиқат...

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Мемлекет тарихи институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы