Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Салық кодексіне енгізілетін түзетулер бірінші оқылымда қабылданды. Сондай-ақ Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдерге қатысты заң жобасына Сенат енгізген түзетулерге келісімін берді.
Салық кодексіне өзгерістер енгізуге бағытталған заң жобасы жөнінде Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Такиев баяндама жасады. Құжат аясында халықтың шамадан тыс несие алуын азайту көзделіп отыр. Осыған байланысты бірқатар салықтық жеңілдік қарастырылған.
«Заң жобаларының негізгі нормалары Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын және Конституциялық соттың шешімдерін жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған. Біріншіден, бүгін де бәрімізді толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі халықтың шамадан тыс несие алуын азайту мақсатында жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйымдармен, коллекторлық агенттіктермен кешірілген кезде қалыптасатын кірістерді салық салудан босату көзделген.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша, яғни үш жылға босату қарастырылған. Екіншіден, негізгі заң жобасы аясында балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату ұсынылады», деді М.Такиев.
Депутаттың айтуынша, еліміздің азаматтары мен заңды тұлғалары сотқа жүгінгенде айқындалған мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, конституциялық құқығын толық пайдалануын қамтамасыз ету үшін, осы төлемді кейінге қалдыру тетіктері көзделген.
«Төртіншіден, екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталары бойынша салық салынатын кірісін азайтуға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жоспарланды. Мұндай қадам оларды бос қаражаттары есебінен экономиканың нақты секторын, соның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деген сеніммен жасалып отыр. Бесіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатысушыларына салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу ұсынылады.
Одан бөлек, Евразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру жұмысы аясында сыра қайнату өнімдеріне акциздер ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар негізгі заң жобасы аясында салықтық әкімшілендіруге қатысты қолданыстағы Салық кодексінің кейбір нормалары нақтыланды. Оның ішінде жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау науқанының алғашқы екі кезеңінің өту нәтижелерін ескере отырып, алдағы декларациялау үрдісіне біраз жеңілдіктер енгізетін нормалар қарастырылған», деді М.Такиев.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салықтан уақытша (үш жылға) және балаларға Ұлттық қор табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату қарастырылды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оны бір жылға дейін кейінге қалдыра алады. Ол үшін төлеуге мүмкіндігі болмау себептерін көрсете отырып сотқа талап арыз жазуы қажет. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың (АЭА) қатысушылары мен басқарушы компанияларына олардың жобаларының құнына қарай салық жеңілдіктерін берудің сараланған тәсілі енгізіледі.
Жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.
«Қаралып отырған заң жобасы Қазақстанда алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы жоғары деңгейдегі саяси және дипломатиялық іс-шараны өткізуге мүмкіндік береді. Еуропа өңірінің 53 елі қатысатын ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік комитеті жылына бір рет өткізіледі, онда денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаһандық мәселелері талқыланады, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі өңірлік жоспарлар, қарарлар, шешімдер қабылданады.
Сонымен қатар таяу күндері ДДҰ-мен бірлесіп, ДДҰ бас директоры Т.Гебрейесустың қатысуымен МСАК бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығы мен Астана декларациясының 5 жылдығына арналған МСАК бойынша Жаһандық конференция өтеді. Астана осы күндері жаһандық денсаулық сақтау орталығына айналады», деді А.Ғиният.
Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, аталған іс-шараларға 81 елден 650 делегат, Премьер-министрдің орынбасары – Денсаулық сақтау министрі (Мальта), 18 Денсаулық сақтау министрі, 6 Денсаулық сақтау вице-министрі қатысады.
«ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясының шеңберінде денсаулық сақтаудың бірнеше жоспары қаралады және ұсынылады. Олар мынаны қамтиды: 2023-2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатысты іс-қимылдың негіздемелік бағдарламасы; 2023-2030 жылдарға арналған микробқа қарсы препараттарға көнбеушілікпен күрес жөніндегі жол картасы; 2023-2030 жылдарға арналған босқындар мен мигранттардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-қимыл жоспары.
Сонымен қатар сессия барысында делегаттарға ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының 2022-2023 жылдарға арналған қызметі туралы есеп, өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар туралы жаңартылған ақпарат, сондай-ақ «Кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадасы» бастамасын нығайту жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспары ұсынылады. Бұл тақырыптар қазіргі таңда әлем тап болған жаһандық дағдарыстарды ескере отырып шығарылды. Нәтижелері бойынша Еуропалық ДДҰ-ның барлық елдерінің орындауы үшін міндетті болатын қарар қабылданады», деді А.Ғиният.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары Сенаттың Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заңға енгізген түзетулерімен келісті. Балаларға Ұлттық қордан қаражат бөлу, оларды төлеу және пайдалану мәселелері бойынша түзетулерге депутаттар бастамашылық жасады.
Заң Мемлекет басшысының 2024 жылдың 1 қаңтарынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу туралы тапсырмасы негізінде әзірленген. Оның аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларды мерзімінен бұрын алу құқығынсыз 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына ұстау ұсынылып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 20 қыркүйекте Мәжіліс бұл заңды Сенаттың қарауына жолдаған еді. Жоғарғы палата құжатты 13 қазанда кері қайтарды. Қаржы және бюджет комитеті Сенат енгізген түзетулерді қарап, олар редакциялық, нақтылаушы және құқықтық сипатта болғандықтан заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейтінін атап өтті.
Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша түзетулер мен бірқатар халықаралық ратификациялық құжат бар. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы авиациялық іздестіру-құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Ақ-Тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның қызметін реттеу туралы келісім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызмет көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама жұмысқа алынды.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына өз сауалдарын жолдады. Жанарбек Әшімжан V Дүниежүзілік көшпелілер ойынын Қазақстанда өткізу туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сұрақ қойды. Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік көшпелілер ойынының Қазақстанда өтуіне Мемлекет басшысының саяси беделі мен ерік-жігері тікелей көпір болды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды іс-шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Және «V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спорт іс-шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерілетуге жағдай жасалуы қажет», деп айрықша атап өтті.
Содан бері бір жыл уақыт өтті. Бұл айтулы аламан мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. Бірақ инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына 8 млрд теңге қарастырылған», деді Ж.Әшімжан.
Депутат спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, келесі жылы өтетін іргелі жиынға қазірден дайындық жасау керек еді. Алайда ешқандай қозғалыс байқалмайды.
Данияр Қасқарауов та Үкімет басшысына жолдаған сауалында спорт мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, соңғы Азиада ойындарының қорытындысы көңіл көншітпейтінін атап өтті.
«Азиада ойындарындағы еліміздің көрсеткіші көңілімізге қаяу түсірді. Бұл жерде спортшыларды даттаудың қажеті жоқ. Барын салған спортшы ұл-қыздарымызға тек алғыс айтамыз. Дегенмен XIX Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп алған ел құрамасының бұл көрсеткіші спорт жанкүйерлерінің көңілінен шықпады. Төрт жылда бір рет келетін Азия халықтарының әлемдік додасы біз үшін сәтсіз аяқталды», деді Д.Қасқарауов.
Осы орайда, депутат кейінгі жылдары спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ кәсіби спортты тек теледидардан көретін лауазымды шенділер басқарып келгенін жеткізді.
«Спорт ұйымдары, министрлік, Ұлттық олимпиада және федерациялар арасында байланыс жоқ. Бізде бітпейтін легионерлердің жыры. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір өз спортшыларымыз жетерлік. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашу керек. Ауылдарда кәсіби спортты жоқ деуге болады. Таланттар жетеді. Бірақ инфрақұрылым жоқ. Себебі жағдай жасалмаған. Ашығын айтқанда, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалып жатыр», деді Д.Қасқарауов.