Елімізде 378 азамат цифрлық іріктеу арқылы мемлекеттік лауазымға тағайындалды. Мұндай жаңа мүмкіндік «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы іске асқан. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған баспасөз турында айтылды.
Басқосуда сала өкілдері мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі жетістіктер, оның ішінде заңнамалық бастамаларды іске асыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралар және агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыру жоспарларымен бөлісті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданды. Құжатқа сәйкес бірқатар тәуелді акт де әзірленді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – саланы одан әрі жетілдіру, заман талабына сай түбегейлі жаңғырту.
– Мемлекеттік аппаратты бюрократиялардан арылту бойынша жүргізілген мониторинг және талдау нәтижелері бойынша агенттік 373 ұсыныс әзірледі. Оның 91-і барлық мемлекеттік аппараттың қызметіне, қалған 282-сі білім беру, денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, сауда және интеграция салаларына қатысты. Бұл ұсыныстар адамдардың қажеттіліктеріне барынша бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.
Мәселен, 2023 жылы 1 шілдеден бастап облыстық және аудандық маңызы бар қалалардағы жер комиссиясы институты алынып тасталды, бұл өкілеттіктері бар адамдарға өз бетінше шешім қабылдауға, тиісінше олардың жауапкершілігін жекелендіруге мүмкіндік берді, деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай.
БАҚ және қоғам өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз турында мемлекеттік қызметті мейлінше оңтайландыру тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейтіні айтылды. Яғни мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Сәйкесінше, шенділердің кәсіби-тұлғалық болмысы жетіледі.
– Агенттік қызметінің басты бағыттарының бірі – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері агенттік қызмет алушылардың 629 өтінішін қарады. Қорытындысы бойынша 181 азаматтың дәлелдері расталып, құқықтары қалпына келтірілді. Ең көп шағымдар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты болып отыр. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті берушілердің 577 қызметкері тәртіптік, ал 298 мемлекеттік органдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік айыппұл түрінде 22 млн теңгеден аса айыппұл өндірілді. Қоғамдық бақылау аясында мемлекеттік қызмет көрсететін 882 ұйымға бардық. 732 заң бұзушылық анықталып, 852 ұсыныс енгізілді. Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру бағытында өткен жылы – 560, биыл 250 ұсыныс әзірледі, – деді агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.
Баспасөз турында мемлекеттік қызметке кіру үдерісін жеңілдету мәселесі де сөз болды. Мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орындарын үздік бітірген, GPA кемі 3,33-тен жоғары түлектерді аудандық және ауылдық деңгейлерде төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі енгізілген. Бүгінде бұл игілікті 59 жас көріп үлгерген.
– Агенттіктің келісімі бойынша конкурссыз «Б» корпусының басшы лауазымдарына тікелей тағайындау жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін 188 тағайындау келісілмек. Сондай-ақ оқу барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлік органдарға конкурссыз тікелей тағайындау да мемлекеттік қызметшілерді өздерінің кәсіби дамуына назар аударуға ынталандырады. Қазіргі уақытта академия үздік түлектерінің ішінен конкурстық іріктеусіз 8 тағайындау жүзеге асырылды, – деді Президент жанындағы МБА ректоры Ерлан Әбіл.
Биыл бірінші наурыздан бастап бес мемлекеттік органда «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы көмегімен іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Қанатқақты жобада адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік лауазымға үміткерлердің деректері ІD нөмірлер беру арқылы жүргізіледі. Заңнаманы білу, жеке құзыреттерін бағалау және мәтіндік-сандық тестілеу толығымен автоматтандырылған.
– Жүйе нәтижелерді шығарып, қатысушыларға хабарламалар жібереді және қорытынды кезеңге – сұхбатқа қатысу үшін ең үздік үш үміткерді таңдайды. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткер жеңімпаз болып танылады. Конкурстарға қатысудың онлайн кезеңдері үшін прокторинг жүйесі қолданылады. Үміткерлер тарапынан тестілеу ережелерінің кез келген бұзушылықтары: қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын, құлаққаптарды пайдалану, бөгде адамдардың көмегіне жүгіну жағдайлары тіркеледі және үміткерлер шеттетіледі. Бүгінде мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға 767 конкурс өткізілді. Оларға 4 489 үміткер қатысуға ниет білдіріп, оның 378-і жеңімпаз болып танылды, деді МҚІА төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева.
Айта кетерлігі, шенділердің кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы жұмыс кестесі де енгізілген. Қазір 738 мемлекеттік қызметші қашықтан жұмыс істеу және басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып жүр.