Борсықтар қоршаған ортадағы экологиялық тепе-теңдік пен санитарлық тазалықты сақтауда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерватының аға қызметкері Қаршыға Арыновтың айтуынша, бүгінде резерват аумағында 450 борсық мекендейді. 2020 жылы олардың саны 380 болған.
– Борсықтар – орман резерватында кең таралған жануар, дегенмен сирек кездеседі. Өз шұңқырлары арқылы топыраққа және онда өмір сүретін организмдерге әсер етеді. Топырақтың сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар топырақтың құнарлылығын арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі, – дейді Қаршыға Арынов.
Борсықтар әртүрлі тағамдармен қоректенеді: жидектер, жаңғақтар мен шөптер, құрттар мен қоңыздар, бақалар мен кесірткелер, тышқандар. Тамақ іздеуге түнде шығып, шұңқырдан 5-10 км қашықтыққа кетеді.
Жапырақтар мен ағаштарды бүлдіретін зиянкестер – қоңыздардың дернәсілдерін жеу арқылы орманға пайда әкеледі.