• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 20 Қазан, 2023

Білім мен ғылым – ел дамуының негізі

1390 рет
көрсетілді

Қазіргі әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ғылым біздің өмірімізде негізгі рөл атқарады, қоғамның дамуына, технологиялық алға жылжуға және адам өмірі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға мол мүмкіндіктер тудырады. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі.

Жақында қабылданған Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы – ел ғылымы мен білімінің қарқынды түрде да­муы­­на үлкен жол ашқан маңызды құжат. Жаңа тұжырымдама еліміздің білім мен ғы­лым саласының дамуына ерекше серпін бере­тін стратегиялық жоспар болып саналады.

Біздің заңнамалық актілерде жер қой­науын пайдаланушылар табысының 1 па­йызы ғылымды дамытуға бағытталуға тиіс. Алайда біздің жүргізген талдаулар көр­сеткендей, шетелдік инвесторлардың қаты­суы­мен қызмет істейтін ірі өнеркәсіп орындары осы қаржыны тиімсіз пайдаланатыны белгілі болды.

Аталған мәселе шеңберінде біздің ұсы­ны­сы­мыздың негізінде 2023 жылғы 5 шілдеде Қара­ғанды индустриялық университетінде алғаш рет облыс әкімі Е.Бөлекпаевтың қолдауымен және Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің төрағалық етуі­мен ірі жер қойнауын пайдаланушы ком­па­ниялардың ел ғылымын дамытуға қос­қан үлесі талқыланып, «Бизнеспен диалог: ғылымды дамытудағы өнеркәсіптік кәсіп­орын­дардың рөлі» атты дөңгелек үстел өткі­зіл­ді. Іс-шараға 20 ірі жер қойнауын пайдаланушы компанияның басшылары қатысып, сөз сөйледі. Дөңгелек үстелде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржысының 1 пайыздық үлесін отандық ғылымды дамыту үшін жұмсаудың тиімді жолдары мен механизмдері қаралып, алдағы бірігіп шешетін істердің жобалары талқыланды.

Әлемнің озық университеттерінде техно­парк­тер өте жоғары деңгейде дамыған және бизнес қауымдастықпен бірлескен жұмы­сы нақты нәтижелер алу мен ауқымды мәсе­лелерді шешуге тікелей бағытталған. Уни­вер­ситеттердің жанында технопарктер құру мәселесі біздің министрліктің жіті назарында. Мұны біз барлығымыз қолдауымыз керек.

Биыл Қарағанды индустриялық уни­вер­ситеті құрылғанына 60 жыл толады. 1963 жылы Қарағанды металлургия комби­на­ты жанындағы зауыт болып құрылған Қара­ған­ды индустриялық университеті қазіргі кезде еліміздің ең үздік бейінді техникалық университеттерінің бірі және бірегей жоғары оқу орны. Оның тарихы Теміртау қаласының, Қарағанды облысының және бүкіл елдің тағдырымен тығыз байланысты.

Жоғары техникалық оқу орны дамуының жаңа кезеңі еліміздің тәуелсіздігін алудан басталды. Еліміздің тау-кен-металлургия саласы үшін инженерлік кадрлар даярлаудағы оқу орнының сіңірген еңбегі атап өтіліп, 1993 жылы зауыт Қарағанды металлургия институты болып қайта құрылды. Институт металлургия саласының барлық спектрі бо­йынша маман­дар даярлайтын өңірдегі жалғыз жоға­ры­ оқу орны мәртебесіне ие болды.

2006 жылы Қарағанды металлургия­ инс­титуты Қарағанды мемлекеттік индус­трия­лық университеті болып қайта құрылды. 2020 жылы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің «Қарағанды индустриялық университеті» коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғамы болып қайта құрылуы оның ака­демиялық еркіндігіне, жан-жақты кәсіби дамуына, заманауи инновациялық білім беру әдістерін енгізуге үлкен жол ашты. 2021 жылдың мамыр айында университетті дамытудың жаңа стратегиялық жоспары аясында университет қызметінің барлық бағытын жүйелі реформалау басталды.

Кейінгі 5 жыл көлемінде университетте бірде-бір ғылыми грант жобалары болмаса, 2022-2023 жылдары ғалымдарымыз министрліктің Ғылым комитеті жариялаған ғылыми конкурстар бойынша жалпы сомасы 883,1 млн теңгені құрайтын 18 жобаны ұтып алып, нақты нәтижеге бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде 6-ы жалпы конкурс, 5-і арнайы жас ғалымдар үшін, 7-і постдокторантура бағыты бойынша ұтып алынды.

Сонымен қатар осы жылдары «Izo­mast», «Қазфосфат», «Tau-Ken Temir», «Silicon mining» сияқты өнеркәсіптік кәсіп­орындар университетке ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарына тапсырыс берді. Бұл бағытта уни­вер­­ситет ғалымдары мен докторанттары жалпы сомасы 41,3 млн теңгеге 4 шаруа­шы­лық келі­сім­шарттық жұмысты орындап, нәти­же­ле­рі өндіріске енгізілді. Зерттеулер негі­зінен кварц, темір, марганең, көмір ре­сурс­­тарын алу, сақтау және неғұрлым ұтым­ды пайдалану мүмкіндіктерін алуға негіз­дел­ген.

2022-2023 жылдары Қарағанды индус­трия­лық университеті Британ Кеңесі өткізетін Going Global Partnerships бағдарламасы аясын­да отандық 10 жеңімпаз университеттің бірі атанды. Университет Ұлыбритания кеңесі өткізетін Ұлыбритания мен Қазақстан ара­сын­дағы трансұлттық білім беруді дамыту стратегиясын әзірлеу үшін Going Global Partnerships бағдарламасының белсенді қаты­су­шысы болды.

Кейінгі екі жылда университет­ ғалым­да­рының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық рецензияланатын база­ла­рын­д­а­ғы жарияланымдарының саны екі есе өсті. Мысалы, осы базаларда 2020 жылы 38 ғылыми мақала жарияланса, 2022 жылы 82 басылымға дейін өсті, жалпы саны 500-ден артты. Осының нәтижесінде универ­си­тет еліміздің жоғары оқу орындары ара­сында басылымдар саны 1 оқытушыға шақ­қанда алғашқы үздік бес университеттер қатарына көтерілді. Бұл көрсеткіштер уни­вер­ситеттердің халықаралық рейтингтерде басты көрсеткіштерінің бірі болып саналады.

Оқу орнындағы ғылыми зерттеулер шең­­­­бе­рінде әзірленген барлық әдіс-тәсіл­ге, тех­­нологияларға және оларды іске асыру құрал­да­рына патенттер мен зияткерлік мен­шік­ке куәліктер алынды.

Университеттің халықаралық акаде­мия­лық қоғамдастықта да өз орны бар. Оқу ордасы елдің ғылыми әлеуетін әсіресе индустриялық-инновациялық дамуды айқындайтын техникалық бағыттарды дамы­туға лайықты үлес қосып келеді. Ғылы­ми-педагогикалық кадрларды даярлау 22 бака­лавриат білім беру бағдарламасы, магистратураның 20 мамандығы және PhD докторантураның 5 мамандығы (метал­лур­гиялық инженерия, нанотехнология, механика және металл өңдеу, автоматтандыру және басқару, химиялық инженерия және процестер) бойынша жүргізіледі.

2022 жылы Қарағанды индустриялық университетінде алғаш рет университет үшін екі басым ғылыми бағыт бойынша диссертациялық кеңестер ашылды: «Қара және түсті металдар металлургия­сы» және «Инженериядағы нанотехнология». Осы жылдың қыркүйек айында диссертациялық кеңестің бірінші отырысы өтті. Онда алғаш рет екі докторант түлегіміз металлургия бағытында PhD философия докторы диссертациясын қорғады. Бұл университетіміздің металлургия бағытында елімізде жетекші жоғары оқу орны екенін көрсетеді. Сонымен қатар металлургия бағытында университетіміз республикалық оқу-әдістемелік бірлестікке жетекшілік етеді.

Қазіргі уақытта оқу орны халықаралық ұстанымдарға сай заманауи білім, ғылым, инжиниринг жүйесін құрушы зияткерлік орталық ретінде танылып келеді. Сонымен қатар университет елімізде толық метал­лур­гиялық үдерісті қамтитын, жартылай өнді­рісті агрегаттармен жабдықталған жал­ғыз тәжірибелік-өндірістік алаңы бар бірегей оқу орны екенін де атап өту маңызды. Университет базасында Cisco желі­лік академиясының Қарағанды өңірлік орта­лығы жұмыс істейді. Тәжірибелі оқыту­шы­л­ардың жетекшілігімен студенттер жаңа экономиканың, индустриялық клас­терлердің, киберфизикалық жүйелердің қажет­тіліктеріне бағытталған 4.0 индус­трия­сы бойынша білім алады. Осы бағыт­та­ құзыреттілікті қалыптастыру үшін Қара­ғанды индустриялық университетінде 3D-инжиниринг зертхана-фабрикасы іске қосылған.

2022 жылы университетте Kaspersky зертханасы мен Huawei академиясы ашылды. Осы жылы Қарағанды индустриялық университетінде алғаш рет инновациялық әлеуетті арттыру мақсатында IT бағыты бо­йынша екі республикалық хакатон өткізілді.

Кейінгі жылдары университеттің профес­сор­лық-оқытушылық құрамы көбейді. Оның құрамында қазір 11 ғылым докторы, 35 ғылым кандидаты, 15 PhD бар, сондай-ақ 11 оқытушы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын иеленген.

Университетте оқыту мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқу үдерісіне Moodle автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, Internet of things, Industrial Internet of Things, Big Data, Blockchain, Additive Manufacturing енгізіліп, MOOC жеке платформасы жұмыс істейді. Университетімізде пилоттық режімде қолданбалы бакалавриаттың екі білім беру бағдарламасы әзірленді, бұл бағдарламалар «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Инклюзивті білім беру шеңберінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға арналған 7 бакалавриат білім беру бағдарламасы және 4 магистратура бағдарламасы әзірленді. Биыл университетте Coursera жаппай ашық курстарын белсенді игеру басталып, Қарағанды индустриялық университеті үшін 700 лицен­зия бөлінді. Студенттерге өздерін қызық­тыратын курс­тардан шексіз өту мүмкін­ді­гі берілді. Қарағанды индустриялық уни­вер­си­теті өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен. Бұл «Серпін» және «Батыс өңірі» бағдарламаларымен келген студенттерге үлкен мүмкіндіктер тудырады. Саламатты өмір салтын ұстану бағытында университетіміздің спорт кешенінде жаттық­тырушы ұстаздар спорттың 9 түрінен сту­дент­терді баулиды.

Жақында Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылды. Орталық заманауи білім беру технологияларын дамыту бойынша университет оқытушылары үшін әдіснамалық, психологиялық, дидактикалық, әдістемелік-ресурстық қызмет көрсетуді көздейді. Бұл техникалық бағытта қызмет істейтін мамандар үшін өте маңызды екені сөзсіз.

Сонымен қатар оқу жылы басында «Техника мен технологиялардағы цифрлық инжиниринг» пәнаралық орталығы ашылды. Аталған орталықты ашудағы мақсат – заманауи цифрлық инжиниринг технологияларының цифрлық құзыреттіліктерін меңгерте отырып, техникалық білім беру бағдарламаларының білім алушыларының пәнаралық даярлығын ұйымдастыру, яғни тәжірибеден алынған терең білімді бір жерге топтастыра отырып, заманауи интеллектуалдық қолданбалық бағытқа жол ашу.

60 жыл уақыт ішінде университетті 27 мыңнан аса түлек бітірді, оның ішінде 14 мыңнан астам түлек тәуелсіздік жылдары инженерлік-техникалық білім алды. Университет түлектері дарынды инженерлер, ғалымдар, табысты кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, мемлекет және саяси қайраткерлер ретінде танылып, абыройлы қызметтер атқарып жатыр. Жыл сайын университетке қабылданатын студенттер саны артып келеді. Түлектердің жұмысқа орналасуы 90 пайызға жетті.

2022 жылдың қазан айында өткен VI Орта­лық Азия халықаралық форумында уни­верситеттердің Еуразиялық рейтингінің қоры­тын­дысы бойынша қарқынды дамуы үшін Қарағанды индустриялық университеті «Сапа жұлдызы» наградасымен марапатталды.

Алдыңғы буынның ұзақ жылдар бойғы жинақтаған бай тәжірибесін жалғастыра отырып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер Қазақстанның инно­ва­циялық экономикасы үшін жоғары білікті кадрларды озық түрде даярлаудың басты міндеттерін нәтижелі орындап, еліміздің әлемдік бәсекеде қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қоса беретіне сенімім мол.

 

Болатбек АБДРАСИЛОВ,

Қарағанды индустриялық университетінің ректоры,

биология ғылымдарының докторы, академик