TikTok интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдың екінші тоқсанында өз ережесіне сай келмейтін миллионға жуық бейнероликті жойды.
Қауымдастық ережесі барлық TikTok пайдаланушылары үшін жалпы мінез-құлық кодексі болып саналады, ол платформадағы барлық мазмұнға қолданылады. Мәселен, мұндай саясат жастардың қауіпсіздігі мен игілігі, ересектерге арналған тақырыптар, ақпараттың шынайылығы, ұсыныстар арнасын қабылдау стандарттары сынды басқа тақырыптық салалар бойынша ұйымдастырылған және әр бөлімде қолданушылар рұқсат етілген мазмұн бойынша анықтамаларды, түсініктемелерді, нақты мысалдары бар қосымша ақпараттарды ала алады.
Қазіргі таңда әлем бойынша TikTok-та қолданушылардың қауіпсіздігіне 40 мыңнан астам адам жұмыс істеп отыр.
Қысқа бейнебаяндар жасауға арналған платформа өз қауымдастығы алдында ашықтық пен есеп беруді қамтамасыз етіп отыру мақсатында жойылған бейнероликтер мен есептік жазбалар туралы ақпаратты ұдайы жариялайды.
Соңғы Қауымдастық ережелерін сақтауды қамтамасыз ету есебіне сәйкес, 2023 жылдың екінші тоқсанында қауымдастық ережесін бұзғаны үшін бүкіл әлемде 106.476.032 бейнеролик жойылса, осы аралықта Қазақстанда барлығы 950.247 бейнеролик өшірілген.
Бірінші кезекте аталмыш платформа жеткіншек жастағы қолданушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән береді. Оның үстіне TikTok – бұл тек 13 және одан жоғары жастағы қолданушыларға арналған платформа: мұнда жаңа қолданушыдан туған күнін, жылын толық көрсетуді талап ететін тіркеу формасы бар. Мұнан да бөлек, платформаның модераторлар командасы есептік жазбалар 13 жасқа толмаған балаға тиесілі болуы мүмкін белгілерді байқауға үйретілген. Егер қауіпсіздік командасы тіркелгі кішкентай балаға тиесілі деп есептесе, онда ол бұғатталады.
TikTok - 13 жасқа толмауына байланысты жойылған тіркелгілердің санын ашық түрде көпшілікке жариялаған ең алғашқы ірі платформа. Осылайша 2023 жылдың екінші тоқсанында бүкіл әлем бойынша 13 жасқа толмаған қолданушылардың 18 823 040 есептік жазбалары жойылды. Сондай-ақ платформа 18 жасқа толмаған қолданушылар үшін TikTok-тағы тәжірибесі барынша қауіпсіз әрі жасына сәйкес болуын кепілдендіру мақсатында бірқатар шектеулер енгізген.