Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Өлеңті ауылында су жаңа дәрігерлік нысан – фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама аясында тек Батыс Қазақстан облысының өзінде 2025 жылға дейін 50 денсаулық нысаны салынбақ.
– Биыл біз Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылында және Бәйтерек ауданындағы Қайнар ауылында осындай нысан ашып, халық игілігіне берген едік. Бүгін үшінші нысан Өлеңті ауылында ашылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 9 нысанды пайдалануға береміз. Ауылдағы мұндай денсаулық сақтау орындары халықтың дер кезінде скрининг өтуіне, сол арқылы көптеген аурудың алдын алуға септігін тигізеді деп есептейміз, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.
Құрылыс жұмысына қазынадан 292 млн теңге бөлінген. Жалпы көлемі 324 шаршы метрлік нысан құрылысын «Фирма ИСКОМ» компаниясы үш ай ішінде салып шыққан.
Жаңа ғимаратта стандартқа сай фельдшер, акушер кабинеттері, процедуралық, зарарсыздандыру, егу бөлмелері, оқшаулағыш, фильтр, шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар, химизатор т.б. кабинеттер жасақталған. Қызметке қажетті медициналық қондырғылар – гинекологиялық кресло, 2 тоңазытқыш, кварц-лампалар, өлшеу құралдары, аквадистилятор, құрғатқыш шкаф, кушеткалар, манипуляциялық үстел, медициналық шкаф, жиһаз және кеңсе техникасымен толық жабдықталған. Мұнда 2 мейіргер, 1 кіші буын қызметкері қызмет етпек.
Өлеңті ауылында 950 тұрғын бар. Аудан орталығының іргесінде орналасқан елді мекен тұрғындарының 235-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері мұнда 10 сәби дүниеге келіпті. 7 әйелдің аяғы ауыр. Қатерлі ісік және туберкулез аурулары тіркелмеген. Болашақта ауыл тұрғындарының денсаулық сапасы бұдан да жақсаратынына кепілдік бар. Өйткені жаңа нысан қажет кезінде күні-түні қызмет көрсетіп, ауыл тұрғындарының денсаулығы үшін аянбай жұмыс істеуге даяр отыр.
– Осындай фельдшерлік-акушерлік пункт біздің ауылға ауадай қажет еді. Республика күні қарсаңында ауылымызға үлкен сыйлық болды. Бұл Отанымыздың ауыл халқына деген қамқорлығы деп сезінеміз. Аралап шықтым, жарқырап тұр! Барлық кабинеті бар, өте керемет жабдықталған. Қуанышымызда шек жоқ! Халқымыз риза, дейді ауыл тұрғыны Мәриям Сәрсенғалиева. Ауылдың байырғы тұрғыны бүгінгі салтанатқа тойға келгендей салтанатпен, ұлттық киіммен келіпті.
Шынында да Өлеңті ауылы үшін жаңа нысанның ашылуы қуанышты мереке ретінде аталып өтті. Салтанатты жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «ИСКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рафиг Мамедов, аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев, тағы басқалары қатысты.
– Өлеңті ауылының халқы ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында денсаулық сақтау саласындағы тағы бір игі істің куәсі болып отыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дана халқымыз айтқандай, біз үшін ең бастысы – адамның өмірі мен оның денінің саулығы. Бұл медициналық нысан сіздерге тек аурудың алдын алу үшін қызмет етуіне тілектеспін, деді аудан басшысы Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Батыс Қазақстан облысы