• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Айбын 23 Қазан, 2023

Креативті офицер

143 рет
көрсетілді

Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған. Жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады. Кейде біз жанымызда жүрген жақсы адамдардың іскерлік қасиетін бағалай алмай жатамыз. Біріміз оның істеп жатқан жұмысына іштей сүйсінсек, енді біреулер оны мойындағысы келмейді.

Нағыз кәсіби офицер туралы жазуды көптен бері ойлап жүр едім. Полковник Дәурен Қуанышұлының есімі Шекара академиясымен қатар ҰҚО және Шекара қызметіндегі әскери қызметшілерге жақсы таныс. Шекарашы курсанттарға тәрбие беруде өнегелі үлгісі, жаңашылдық жолы, бастамашыл іс-әрекетімен абыройлы қызмет атқарып жүрген тәжірибелі шекарашының тынымсыз еңбегі қандай құрметке де лайық. Жанының тазалығы, көңілінің адалдығы, қарапайым мінезі мен қызметтегі білгірлігі үшін оны үлгі тұтып сыйлайды, әрдайым білікті маман ретінде құрметтейді.

Дәурен Қуанышұлы Шекара академиясында қызмет етеді. Тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары. Тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаған тәрбиеші офицер. Осы оқу орнының 1998 жылғы түлегі. Ол оқу дивизиондары арасында және қалааралық ұйымдастырылған КТК ойындарына қатысып, талай рет көптің көңілінен шығып өнерпаз атанған. Кейіннен қызмет атқара жүріп, курсанттарды осы өнерге баулып, бірнеше рет жүлделі орындарға қол жеткізіп, Ресейдің Сочи қаласына дейін барып, курсанттардың өнерін паш етіп келген.

Полковник әскери шеніне дейін жеткен шекарашы кез келген істе тиянақтылықты талап етеді. Бір нәрсені ойына алды ма, соны аяғына дейін жеткізбей тынбайды. Бүгінде оның бастамасымен Шекара академиясында көптеген игі іс жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, академия эмблемасының эскизін және кәдесый бұйымдарының дизайнын жасауды және бітіруші түлектерге даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын салтанатты түрде табыс ету рәсімін дәстүрге айналдырды. Сонымен қатар шекарашы офицердің келіссөздер жүргізудегі шеберлігінің нәтижесінде Алматыдағы Халық банктың «Freedom Life» қызметкерлерімен ортақ мәмілеге келіп, қаржылай қолдау көрсетуді ұйым­дас­тырып, екі бірдей психологиялық түзе­ту және оңалту зертханасының пай­да­­л­ануға берілгенін айта кеткеніміз жөн.

«Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубы мен академияның Әйелдер қауымдастығы ұйымының жүзеге асуына да Дәурен Қуанышұлы тікелей себепші болды. Оқу ордасының оң имиджін қалыптастыру мақсатында абыройын асқақтатып, беделін биіктететін бейнероликтерді монтаждап, әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жариялап тұруды әдетке айналдырған креативті офицер кейінгі жастарға жиған тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Ұжымда жас офицерлер «басқарма энциклопедиясы» деп атайтын кейіпкеріміздің ақыл-кеңесіне жүгінуді үрдіске айналдырған. Өз кезегінде олар да кез келген уақытта жолығып, ой-пікірлерін ортаға салып, әрдайым көңілге қонымды, толыққанды кеңес алып тұрады.

Дәурен Белгожаевтың тағы бір ерек­­ше­лігі – оның тұла бойы толған идея. Мамандығын жете меңгерген, жина­ған тәжірибесі мол тәлімгердің ұйым­дас­ты­рушылық қабілеті ерекше дамыған. Мысалы, наурыз айында Шекара акаде­мия­сында өткен халықаралық ТМД Шекара әскерлері қолбасшылығы кеңе­сінің өкілдеріне ұйымдастырылған кон­церт­тік бағдарламасын ТМД Шекара әскер­лері кеңесінің төрағасы, армия генералы В.Кулишовтің өзі жоғары бағалап, мара­паттаған.

Ғасырға жуық тарихы бар Шекара академиясының тоқсан жылдығына орай оқу ордасының тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды кітаптың жарық көруіне тікелей атсалысқан Дәурен Қуанышұлы ондағы кемшіліктерді, жетіспей тұрған жерлерді көрсетіп, мерейтойлық кітаптың сапалы болып шығуын мықтап қолға алды. Қашанда ізденісте жүретін білікті офицер ұжымдағы әріптестерімен бірге академия аумағындағы стендтер мен баннерлердің, оқу дивизиондарының мәдени-ағарту мүліктерін және «Ерлікпен қаза тапқан Шекара академиясының түлектері» мемориалдық ескерткіш тақтаның бой көтеруіне атсалысты.

Академия басылымы «Академия: Бүгін. Ертең. Кеше» атты айлық газетінің жарық көруіне қолдау білдірген тәрбиеші офицер жақында ғана Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті баспасөз қызметімен келісіп, телеграм-каналды іске қосуға мұрындық болды. Сондай-ақ академия тарихынан хабардар ететін суреттермен көмкеріліп, сапалы безендірілген тоқсан сайын жарық көретін альбомның шығуына бастамашылық жасады. Әріптесіміздің атқарып жатқан жұмысы ауқымды әрі әр алуан. Біз маңызды дегендеріне ғана тоқталып өттік.

Қолынан келсе жақсылық жасап, кішіге – аға, үлкенге іні болып жүретін жақсы қасиеттері үнемі көз алдымызда. Біреулерге істеген жақсылығын бұлдамайтын асыл қасиеті тағы бар. Олай болса, сөзі де өтімді, қолынан іс те келетін нағыз офицердің қызметіне сәттілік тілеп, осы қарқыныңнан тайма дегіміз келеді.

 

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы