• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2023

Ажаркүл Алдажарова, зейнеткер: Егемендік декларациясы қызу тартыспен қабылданған құжат

317 рет
көрсетілді

Еліміздің егемендігі туралы декларацияны  қабылдау үшін талқылау, дауысқа салу 1990 жылдың қазан айында   өтті.  Пленарлық отырысқа қатысқан ХІІ  шақырылымдағы 281 депутаттың 261-і қолдап,   «Қазақ Совет Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» тұңғыш декларация қабылданды.

Тәуелсіздіктің бастауы саналатын тарихи құжатты қабылдауда азаттық алу туралы мәселе көтерген халық қалауларын ат үстінен аударуға ұмтылып қарсы шығушылар да табылды. Жоғарғы Кеңеске Коммунистік партия  мен ұйымдар  һәм сайлау округтерінен сайланған депутаттар сын өтінде тұрып тарихи құжатты қабылдады. 22 баптан тұратын 3 беттік   егемендік туралы декларацияны қабылдаған депутаттың бірі Ажаркүл Алдажарова 1990 жылдың 25 қазанындағы айтулы оқиғаның маңызы зор дейді.  

«Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылым депуттары 1990 жылдан 1994 жылға дейін еңбек еттік. 1990 жылдың 25 қазан күні Егемендік туралы декларацияны қабылдағанымыз күні кешегідей есімізде.  Оңай болған жоқ. Депутаттардың да арқасында аманат тұрды.  Түрлі айтыс-тартыс үдеді, әр бапқа тереңдей мән беріп қарау маңызды екенін ұғындық. Әр сөздің астарына үңіліп талқылау міндеті жүктелді. Қазақ республикасы деген ұғымға  өзге ұлттың өкілдерінен сайланған депутаттар да қарсы пікір айтты. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы тиіс деген сөйлемге де үрке қарағандар да, саяси астар іздегендер де табылды. Олардың түсінігінде қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдері ертең қалай күн көреді деген уайым басым еді. Егемендік туралы декларация қабылданғанда, әсіресе, жер ортасы жасына жеткен  азаматтарымыз көзіне жас алып қуанды. 

Біз әйелдер кеңесі, балалардың құқығын қорғау комитетіне мүше болғандықтан осы бағыттағы бірқатар мәселелерге қатысты талқылауда өзіндік ой-пікірімізді айттық.  Егемендік туралы декларацияны талқылауда дауды күшейтуге ұмтылған депуттарды  Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов сынды заң саласының марғасқа майталмандары  нақты дәлел-дәйекпен тиып тастап отырды. Мемлекеттік рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұранды бекітуде де талқылау  тартыссыз өткен жоқ. 

Алматы көшесінде түрлі ұран көтерген топтардың да әрекеті күн санап күшейді. Желтоқсан оқиғасы үшін қуғындалған балаларының ақталуын сұраған адамдар да шарасыздықтан көшеге шықты.  Өте қысылтаяң өлара шақта тұрдық. Жоғарғы Кеңестің ғимаратынан бізді «Алматы» қонақүйіне дейін арнайы күзетпен  жеткізетін. Өйткені  көшеде әр түрлі жайтқа байланысты  наразы топтардың, аштық жариялаған жандардың  да қатары  арта түскен еді сол  кезеңде. Міне осындай қысылтаяң шақта елімізде тағдыршешті шешімдер қабылданып, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік», дейді  А.Алдажарова.