• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қазан, 2023

Қазақстанда автоматты түрде тағайындалатын жәрдемақылар

597 рет
көрсетілді

Қазан айында зейнетақы алатын мүгедектерге арнайы жәрдемақы тағайындалды. Сондай-ақ тағы жеті төлемді ресімдеу мерзімі қысқартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда бірқатар жәрдемақы мен әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалады. Ол үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Бұл азаматтардың ǝлеуметтiк кепілдіктерін проактивті форматта қамтамасыз ететін «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 50 түрінің 48-ін электронды форматта, 29-ын проактивті түрде ресімдеуге болады. Олардың ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де бар. Жыл басынан бері барлығы бір миллионнан астам қызмет автоматты түрде берілді.

Қазан айында бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Бұған дейін көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі барларға төленетін әлеуметтік төлем және жерлеуге біржолғы төлем тағайындау процесі толығымен автоматтандырылған болатын.

Сонымен қатар МӘСҚ-дан бірден үш жәрдемақы мен төрт әлеуметтік төлем тағайындау ісі жеделдеді.

Жәрдемақылар:

баланың дүниеге келуіне байланысты;

бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша;

көпбалалы отбасыларға берілетін төлем.

Әлеуметтік төлемдер:

жүктілік және босану бойынша;

бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша;

еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша;

жұмысынан айырылу жағдайы бойынша.

Бұрын бұл төлемдерді тағайындауға сегіз жұмыс күні берілетін, жеті адам шешім шығаратын. Ал қазір шаруаны төрт адам тындырып отыр. Шешім төрт жұмыс күнінде шығарылады.

Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру халықтың әлеуметтік жағдайына ғана емес мемлекеттің бюджетіне де оң әсерін тигізді. Осылайша 2023 жылы 360 млн теңгеден астам қаржы үнемделді.