Биыл артына мол мұра қалдырған ақын Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл толды. Зар заманның өкілі жеті жасынан жетімдіктің зардабын көрген. Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан ол ақындық өнерімен танымал болған.
Жақында Атырауда ақын әрі жыраудың шығармашылығына арналған жыршы-термешілердің аймақтық байқауы өтті. Оған Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарының өнерпаздары қатысты. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқау бірнеше мақсатты көздеді.
«Аймақтық байқау, біріншіден, Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығын жаңғырту, екіншіден, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігін шыңдау, үшіншіден, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілді. Атадан балаға мирас болған саф алтындай терме өнеріне жаңа серпін беруді ұйғардық», деді облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов.
Байқауға қатысушылар екі кезеңде бақ сынады. Алдымен ақынның жырын, ал екінші кезеңде терме мен толғауларды орындады.
Мәселен, ақтөбелік өнерпаз Жанерке Құттығай домбыраны жеті жасынан серік еткен. Бастапқыда халқымыздың дәстүрлі әндерін орындап жүрген. Кейін жыршылық бағытқа ден қойған. «Маған бұл бағыт өте ұнайды. Терме – мазмұны жағынан терең, тәрбиелік сипаты бар 3-4 минуттық шығарма. Толғау – 10 және одан да көп минутқа созылатын туынды. Ал жыр орындау жарты сағаттан алты сағатқа дейін созылуы мүмкін. Әзірге жарты сағаттық шығармаларды орындап жүрмін. Шығармашылықтың бұл жанры патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады. Ұлт батырларының ерлігі баяндалатын жыр көп. Әрине, екі жастың арасындағы махаббатты жырлайтын туындылар да бар. Жыр-термелерді орындап, сөздік қорымды байыттым», дейді Жанерке Құттығай.
Оның айтуынша, Ақтөбеде жыр-терме мектебі ашылған. Қазір ұлттық өнерді дәріптейтін мектепте қазақ ұландары көп. Олармен бірге орыстың үш баласы дәріс алады.
Қазылар алқасы әр қатысушының орындаушылық шеберлігіне бас мән берді. Сайыс қорытындысымен Маңғыстау облысынан қатысқан Бердібай Тойғұлиев бас жүлдені иеленді. Бірінші орын Атырау қаласының тумасы Аружан Ерімоваға, екінші жүлде Ақтөбе қаласынан келген өнерпаз Дильназ Қуанышқа берілді. Ал Жанерке Құттығай үшінші жүлдеге лайық деп танылды.
Атырау облысы