• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қазан, 2023

108 отбасының су жаңа шаңырағы

148 рет
көрсетілді

Қостанайда тағы бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Республика күні мерекесі қар­саңында «Юбилейный» шағын ауданындағы тоғыз қабат еңселі үйге баспана кезегінде тұрған көп­балалы отбасылар, мүмкіндігі шек­теулі жандар, кәмелетке толған жетім балалар мен зейнеткерлер қоныстанды. Қоныстанушыларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп құттықтап, әр отбасына пәтер кілтін табыс етті.

– «Баспана – бақыттың кілті» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Кез келген адамның, кез келген отбасының үлкен арманы осылай сіздер секілді бас­паналы болу емес пе? Мінеки, бүгін ұлттық мереке – Республика күні қар­саңында сол қуанышқа ие болып жатырсыздар. Құтты болсын! Биыл Қос­танай қаласында 33 көпқабатты үй тұр­ғызылды. Ал алдағы 5 жылда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жос­парлап отырмыз. Демек тағы 80 мың адам баспаналы болады деген сөз, – деді аймақ басшысы.

Баспана қуанышына ие болғандардың ішінде көпбалалы ана Ләззат Қапабаева да бар. Бес бала тәрбиелеп отырған ананың тұңғышы – 22-де, кенжесі 4 жас­та екен. 4 жыл бойы пәтер жалдап тұру оңайға соқпапты.

– Өзіміз осыдан төрт жыл бұрын Ұзын­көл ауданынан көшіп келдік. Со­дан бері әркімнің босағасын паналап жүрдік. Көп баламен пәтер жалдап тұру қазір өте қиын. Енді міне, соның бәрі артта қалып, өз пәтерімізге қол жет­кізгенімізге, шынымды айтсам, әлі де сене алмай тұрмын. Бір жақсы танысымыз көпбалалы ана ретінде кезекке тұрсаң, мемлекет пәтер береді деген соң, облыстық әкімдікке барып, кеңестен өтіп, құжаттарымызды жинап өткіздік. Көп кешікпей, міне, бүгін кезек келіп, пәтердің кілтін алдық. Өзім де, балаларым да қуанып жатырмыз, – дейді Л.Қапабаева.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йын­ша Қостанайда осымен үшінші көпқабатты тұрғын үй жалға берілді. Бар­лығы – 273 пәтер. Жыл аяғына қа­рай «Әуе­жай» шағын ауданында та­ғы бір 9 қа­батты үй пайдалануға бе­рілмек.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бө­лімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Бектабановтың айтуынша, биыл қалалық құрылыс басқармасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға арнап 40 пәтер сатып алады. Оның бәрі алдымен тұрғын үй бөлімінің балансына беріледі. Содан кейін кезекте тұрғандарға таратылады.

 

Қостанай облысы