Аграрлық сала – экономиканың драйвері. Алайда аграрлық ғылымсыз бәсекеге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан ғылымға ерекше көңіл бөлінуі қажет. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен «Аграрлық ғылым – ауыл шаруашылығы өндірісіне» дөңгелек үстелі осы маңызды мәселеге арналды.
Еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісінде біршама түйткілді мәселе бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі мәселенің бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», деген еді. Сондықтан аграрлық ғылымға көңіл бөлініп, шаруашылықтың дамуына ден қойылып келеді.
Жиынға қатысқан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки аграрлық ғылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан істерді атап өтті. «Қазіргі күні ғылымды дамытуға назар аударылып келеді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарын дамытудың 7 басым бағыты белгіленді. 2023-2024 жылдарға қажетті қаржы бөлінді. Биыл «Ғылым туралы» заңға өзгертулер енгізілді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ғылымды коммерцияландырудың 74 жобасы жүзеге асырылды», деді вице-министр.
Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тілектес Есполов қазіргі күні аграрлық ғылымды дамытуға кедергі болып отырған мәселелерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жер мен климат қазір ауыл шаруашылығы саласының табысын анықтайтын фактор болып табылмайтынын, инновациялық шешімдерді қолдану бірінші кезекке шыққанын ерекше атап өтті. Агро ғылымды ауыл шаруашылығына іс жүзінде қолдануға баса назар аударуды тапсырды. Агроөнеркәсіп кешенін жедел дамыту үшін модернизацияланған экономика қажет. Ғылымды дамыту мен қаржыландыруда қателіктер болды. Қазір тұтастай институционалды модельді жасай отырып, аймақтық агротехникалық сервис орталықтарын, яғни агро-хабтар құру керек. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы. Осы орайда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті тарихында бір жылдары осындай агротехникалық хабтың болғаны бар. Жалпы, хаб құру – әлемдік тәжірибе. Дүние жүзінде қазір осындай 34 хаб бар. Ғылым мен бизнестің арасындағы байланыс алшақтап кеткен. Кейде агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламалары бизнестің қатысуынсыз жасалады. Көп жағдайда шаруалардың сұранысы ескерілмей қалады. Беделді халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бай табиғи ресурстарының нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлемдік аренада маңызды орын алуға мүмкіндігі бар. Алайда әртүрлі объективті және субъективті себептерге байланысты ауыл шаруашылығы өндірісі тиімділігі төмен және шығыны жоғары сала болып саналады. Осыған байланысты елдің агроөнеркәсіп кешенін жедел дамыту үшін ресурстарға бағдарланған экономикадан инновациялық және әртараптандырылған модельге көшу қажет. Осы бағытта еліміздің ғалымдары ауыл шаруашылығын дамытуға өздерінің үлесін қосып жатыр, – деді Т.Есполов.
Қазақ мемлекеттік аграрлық зерттеу университетінің басшысы Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ғылым жетістіктері бизнеске енгізілмейді. Бұл жерде кінә шаруаларда емес, ғалымдарда. Бұған қоса, кадр мәселесінде елеулі мәселелер де бар. Аграрлық ғылымды басқарудың формасын емес, ішкі мазмұнын өзгерту қажет.
– Тағы бір үлкен мәселе елімізде білім тарату жүйесі атымен жоқ. Әлемдік тәжірибеде бұл жақсы жолға қойылған. Шет мемлекеттерде Білім тарату орталықтары бар. Олар бюджет есебінен қаржыландырылады. Есесіне, бизнеске ненің қажет екенін, нарықтың сұранысын біліп, соған сәйкес, ғылыми жұмыстарды жүргізеді, – деді А.Күрішбаев.
Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басшысы Бауыржан Қасенов орталықтың жұмысымен таныстыра келе, бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігінен мамандар тұрақтамайтынын жеткізді.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің инновациялық қызмет жөніндегі проректоры И.Тоқбергенов университеттегі ғылыми зерттеу жұмыстарына шолу жасады. Бұл ретте ғылыми зерттеу жобаларына бұрынғыдан 3 есе артық қаржы бөлінгенін, сондай-ақ «Ғылым хабаршысы» журналына тоқталды. И.Тоқбергенов мерзімді форсайттық зерттеулердің, технологиялық скаутингтің, саланың қажеттіліктерін тұрақты талдау мен болжау нәтижелерінің негізінде ғылыми мәселелерді дербес тұжырымдау жүйесін құру, аграрлық ғылымды қаржыландыруды агроөнеркәсіптік кешеннің ішкі жалпы өнімнің кемінде 1 пайызына дейін ұлғайту, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландырудың техникалық құжаттамасына тиісті шарттарды енгізу арқылы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда пәнаралық және трансдисциплинарлық тәсілді енгізуді қамтамасыз ету, кешенді, мақсатты ұлттық бағдарламаларды қаржыландыру құралы туралы, Салық кодексінің 394-бабының 40-тармағына өзгертулер енгізу туралы ұсыныстарын ортаға салды.
– Мемлекет басшысы шетелдік өнім өндірушілерге субсидия бөлуді тоқтату туралы тапсырма берген болатын. Бірақ елімізде әлі күнге дейін шетелдік пестицидтерге мемлекет қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Ал шынтуайтына келгенде, бұл химиялық өнім ауыл шаруашылығында кері әсер етеді. Шетелдік пестицидтердің зияны шашетектен. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы жерлерінің топырағы тозып барады, – деп дабыл қақты «Ecosystem services» ЖШС басшысы Д.Егембердиев.
Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының директоры Д.Қалдыбаевтың пікірінше, селекцияға бөлінетін 1 млрд теңге өте аз. Ауылды дамытуға агроқалашықтарды салуды қолға алу керек. Ауылға қаладағыдай жағдай жасаса, жастарды тартуға мүмкіндік туады. Бұған қоса Д.Қалдыбаев депутаттардан коммерцияландыру туралы заңдағы мемлекеттік сатып алу туралы бапты өзгертуді сұрады. Себебі бұл ғылыми мекемелердің сатып алу конкурсына қатысуы барысында көптеген тежеудің пайда болуына алып келіп отыр.
Дөңгелек үстел барысында Лейбниц атындағы университеттің (Ганновер, Германия) Топырақтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, ReKKS жобасының үйлестірушісі О.Шибистова агроғылымды модернизациялау туралы баяндады. Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Тағам және қайта өңдеу өндірісі кафедрасының аға оқытушысы Қ.Мақанғали қарттарға арналған тағамдардың сіңімділігін арттыру туралы ғылыми жобасын таныстырды.
Жиынды қорытындылаған Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің хатшысы Е.Мәмбетов айтылған ұсыныстарды аграрлық комитетте қарап, Үкімет қарауына жолданатынын, аграрлық ғылымды дамыту үнемі назарда болатынын еске салды.