• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Инвестиция 27 Қазан, 2023

Жаңа инвестициялық жобалар

207 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гын жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Пре­мь­ер-министр Қазақ­стан Республикасының Үкі­меті Оңтүстік Кореямен сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты одан әрі дамытуда үлкен перспективалар көретінін атап өтті. Атап айтқанда, бұған тауар айна­лымының серпінді өсуі дәлел: былтыр ол 2,3 есе өсіп, 6,1 млрд доллардан асты, ал биылғы жылдың 8 айында тағы 11%-ға артты.

«Өзара сауда номенклатурасын кеңейту үшін бірлесе іс-әрекет ету керек деп санаймын. Бұл жердегі маңызды құрал – Қазақстан-Корея сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия. Алдағы уақытта оның жұмысын жандандырып, ке­зекті отырысын өткізу қажет деп ойлаймын»,  деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Оңтүс­тік Корея еліміздің эконо­ми­ка­сындағы ірі инвестор­лар­дың топ-10-дығының қатарында екенін атап өтті. Атап айт­қанда, соңғы 18 жылда Қа­зақстанға  9,2 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Ал былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық – 1,5 млрд долларға жетті.

Премьер-министрдің сө­зін­ше, қазіргі уақытта елі­мізде 700-ден астам кореялық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішіндегі ірі компания­лар – KIA, Hyundai, Samsung және LG.

«Бүгінде жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын 5 жоба жүзеге асыруға да­йын және жалпы құны шамамен  500 млн долларық тағы 25 перспективалық жоба әзірленіп жатыр. Айқын мысал ретінде, Қостанайдағы жы­­лына 70 мың автокөлік өн­­ді­руге қуаты бар, инвес­ти­ция кө­лемі 190 млн доллар жаңа ірі KIA зауытының құ­ры­лысын атауға болады», деді Әлихан Смайылов.

Ол Қазақстан Үкіметі ал­да­ғы уақытта да инвестор­лардың елімізде жайлы жұ­мыс істеуі үшін барлық қа­жетті жағдайды жасайтынын айтты.

Өз кезегінде Ан Док Гын Оңтүстік Корея Қазақ­стан­мен экономиканың әр­түрлі саласы бойынша бел­сенді технологиялық ын­ты­мақтастыққа дайын екенін атап өтті.

«Қазақстандағы KIA зауыты сияқты жобалардың маңызы зор. Егер ол сәтті жүзеге асырылса, Қазақ­станның автомобиль өнер­кәсібі үлгіге айналмақ. Бұл басқа да осындай зауыт­тар мен өндірістердің құ­ры­лы­сына ықпал етеді», деді Оң­түстік Кореяның сауда ми­нистрі.