Төрткүл дүние елдері жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) өркендетуге айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай әлем бойынша энергетикалық теңгерімдегі жаңартылған энергияның үлесі 35 пайызға жетуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ширек ғасырдан кейін жаңартылған энергия көзіне деген сұраныстың арта түсетіні талас тудырмайды.
Экономиканы өркендетудегі «жасыл энергияның» салмағы жыл өткен сайын арта түсетініне ешкімнің күмәні жоқ. Жаһан жұртының талпынысы да бекер болмаса керек. Сондықтан еліміздің барлық қиырында жаңартылған энергия көзі нысандарына айрықша басымдық беріліп отыр. Ал Жамбыл облысында күн, жел және су арқылы электр энергиясын өндіру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жаңартылған энергия көздерін өркендету мәселесі өңірде мықтап қолға алынған ба? 2010 жылдары басталған жұмыстар айтарлықтай нәтиже берді ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
«Өңірде жаңартылған энергия көздері, анығырақ айтар болсақ, күннен, желден және судан электр энергиясын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар 2010 жылдан бастап қолға алынғанын айта кеткен жөн. Жалпы, осы бағыттағы жобаларды әрмен қарай дамытуға жергілікті атқарушы билік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғаны ақиқат. Бұл бағыттағы жұмыстар осыдан 13 жыл бұрын басталған еді. Нақтырақ айтар болсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілген. Ерте бастан қамданған жамбылдықтар мұнымен тоқтап қалған жоқ деуге толық негіз бар. Жүйелі жұмыс одан кейін де қарқынды түрде жалғасын тапты. Мәселен, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан бар болса, 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт-ға жеткен нысанның саны 17-ге дейін артқанын айта кеткен жөн шығар. Ал 2022 жылы жалпы қуаты 451,3 МВт құрайтын нысандар саны 21-ге дейін жеткізілді. Осыған қарап-ақ жаңартылған энергия көзі нысандарын арттыру бойынша Жамбыл облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын бағамдауға болады. Әрине, мұнымен тоқмейілсу жарамас. Өйткені алдағы бірнеше жыл бойы іске асыратын жобалардың саны аз емес. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 6 су электр стансасының қуаты 24,4 МВт болса, 9 жел электр стансасының қуаты 175,65 МВТ-ға жетті. Сондай-ақ 6 күн электр стансасының жалпы қуаты 251,25 МВт энергия өндіруге жететінін айта кеткен жөн», дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов.
Д.Тұңғатов келтірген дерекке жүгінсек, еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған жаңартылған энергия көздері нысандарының саны 132-ге жетіпті. Олардың жалпы қуаты 2 525 МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы көрінеді. Жалпы алғанда, жаңартылған қуат көздерін өндіру бойынша Жамбыл облысы үздіктер қатарында. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың ауқымды екенін пайымдасақ, көрсеткіш жыл өткен сайын арта түсетіні даусыз. Өйткені жергілікті атқарушы билік «жасыл энергия» мәселесіне айрықша ден қойып отыр.
Жаңартылған энергия көзі нысандарының саны мен сапасын арттыру бойынша осы жылдың өзінде бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, 9 айдағы қорытындының нәтижесіне сүйенсек, сағатына 542,4 млн КВт электр энергиясы өндірілді. Бұл – әрине, жақсы көрсеткіш.
Жалпы, ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көрсеткіші жыл өткен сайын арту үстінде. Өйткені өңірде Президент тапсырмасын уақтылы орындау мақсатында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Қысқасы, баламалы энергия көзін өндіру жұмыстарына жамбылдықтар білек сыбана кірісті деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі ірі жобалар тиісті деңгейде нәтиже беріп жатыр.
Кейінгі үш жылдың бедерінде өңірде ірілі-ұсақты бірқатар жоба іске асырылғанын атап өткен жөн шығар. Нақты айтар болсақ, 2021 жылы жалпы қуаты 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр стансасы пайдалануға берілді. Өңіріміздегі ең ірі жобалардың бірі саналатын стансаның құны 49 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса қуаты 9,2 МВт құрайтын Тасөткел су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.
«Жалпы алғанда, өңіріміздегі аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Жергілікті атқарушы билік те қолдан келген қолдауды көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 МВт құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт болатын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» секілді 3 жел электр стансасының жобасы жүзеге асырылды. Бұл да – аз жұмыс емес.
Бұған қоса осы жылы Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Бұл нысан да ірі жобалардың қатарына жатады.
Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың сапасын тұрақты қадағалап, зерделеп тұрамыз. Жоғарыда айтқан жоба бойынша қазірге дейін 22 дана жел турбинасын орнату қарастырылған болса, бүгінгі таңда инвесторлар тарапынан 20 дана жел турбинасы орнатылып, жұмыс қарқыны үдей түсті. Жалпы, бұл жоба 2024 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Өйткені мұндағы жұмыс қарқыны көңіл тоғайтады», дейді басқарма басшысының орынбасары мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Жаңартылған энергия көздері нысандарын арттырудың маңызы расында да зор екені айтпаса да түсінікті. Дәл осы мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың мамыр айында арнайы кеңес отырысын өткізген еді. Кеңес отырысында Президент жаңартылған энергия көздері нысандарын көбейтудің маңызына айрықша тоқталғаны белгілі. Сондай-ақ Президент ЖЭК-ті салып қана қоймай, жұмысты жүйелі түрде жүрізетін отандық кадрларды даярлау мәселесіне де назар аударған еді.
«Жаңартылған қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа стансаларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды даярлау қажет», деген Президент сөзінің жаны бар.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңестен кейін осы бағыттағы жұмыс еліміздің барлық қиырында ширай түскеніне талас жоқ. Осы мақсатта өңірлерде ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Әсіресе Жамбыл облысында жаңартылған энергия көзі нысандарын арттыру бойынша ауқымды жобалар қолға алынып жатқаны көңіл қуантады.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Д.Тұңғатовтың айтуынша, жаңартылған энергия көзі нысандарын салу жұмыстары алдағы жылдары да өз деңгейінде жүргізілмек. Өйткені өңірде жаңа стансаларды салуға қолайлы аймақтар жетіп артылады.
«Шынтуайтына келсек, Жамбыл облысында ЖЭК нысандарын салуға ыңғайлы аумақ жеткілікті. Оны біз толыққанды зерделеп шықтық. Алдағы жылдары өңірімізде үш бірдей ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырған жайымыз бар. Оған мүмкіндік жеткілікті деп ойлаймыз. Жобаға жауаптылар да жұмысқа бар ынта-шынтасымен кірісуге, нысанды уақтылы іске қосуға бекініп отыр.
Өңірдің үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданында бірқатар жұмыс қолға алынбақ. «Total Eren» ЖШС шалғайдағы Мойынқұм ауданы аумағынан жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасын салуды көздеп отыр. Жалпы қуатына қарап-ақ, жобаның ауқымды екенін байқау қиын емес.
Жел электр стансаларын салу жұмыстары Талас және Сарысу аудандарында да жалғасады. Нақтырақ айтсақ, «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 500 МВт-ға жететін нысанды салуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ «China Power International Holding Limited» компаниясы Сарысу ауданы аумағында қуаты 500 МВт құрайтын жел электр стансасын салады», дейді басқарма басшысының орынбасары.
Электр энергиясы тапшылығының алдын алу мақсатында әлемнің көптеген елінде жаңартылған энергия көздері нысандарын салуға айрықша ден қойылып отырғаны анық. Бұл бағыт бойынша Жамбыл облысында да атқарылатын жұмыс аз емес. Іске асырылатын ірі жобалар да жетіп артылады.
Д.Тұңғатов келтірген дерекке зер салсақ, жаңартылған энергия көзі нысандарын салу бойынша өңірдің әлеуеті толыққанды зерделенген. Нәтижесінде, 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын болжамды карта жасалған. Ендігі жұмыстар сол картада жоспарланған бағыттар бойынша жүргізілмек.
«Болашақта жаңартылған энергия көзіне деген сұраныстың артатыны даусыз. Уақыттың өзі осыны меңзеп тұр. Сол себепті де осы бағыт бойынша жұмысты ширату мақсатында болжамды карта жасалып отырғаны түсінікті. Өйткені алдағы жылдары өңірде жоспарға сәйкес бірнеше жоба жүзеге асырылуға тиіс.
Біздің жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көздері нысандарының саны 2,4 гВ қуатымен 32 нысанға дейін жеткізіледі. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаны іске асырудың маңызы зор. Атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі нәтижесі экологияға зиян келтірмей, өңірді «жасыл энергиямен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді Д.Тұңғатов.
Жамбыл облысы