• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қазан, 2023

Елордада мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар өтті

239 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласында отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен өткен «Стратегиялық коммуникация: жаңа әдістер мен перспективалар» атты мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы Maqsut Narikbayev University-мен бірге ұйымдастырды.

Семинардың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас, Maqsut Narikbayev University АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.

Алдымен, Перизат Сәдуақас қатысушыларға сәттілік тілеп, семинардың маңызына тоқталды.

«Мемлекет саясатын жүзеге асыруда, дағдарыс жағдайларында және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, қоғамды тыңдау, түсіну, тілдесу кезінде баспасөз қызметі ерекше рөл атқарады. Сондықтан бүгінгі шара қоғаммен байланыс саласындағы түрлі трендтер талқыланатын, өңірден және орталықтан келген мамандар жаңа ақпарат алып, тәжірибе алмасатын алаң болады деп есептеймін», деді спикер.

Семинар барысында қатысушылар қоғаммен өзара байланыс орнату əдістерін, жалған ақпаратпен күрес мақсатында БАҚ өкілдеріне нақты мәлімет ұсыну тетіктерін, дағдарыс жағдайларындағы оқиғаларды талдау және жаңа коммуникациялық технологиялар мен PR құралдарын қолдану жолдарын талқылады.

Атап айтқанда, Voice Power сарапшысы, іскерлік коммуникация саласының тренері, журналист Руслан Идирисов «Келіссөздер - тиімді коммуникацияның маңызды факторы» тақырыбында уоркшоп өткізді. Ол баспасөз қызметі мамандары үшін тайм-менеджмент пен өзін-өзі таныстырудың маңызын атап өтті.

Одан бөлек, шетелдік сарапшы, Off the Record Strategies стратегия жəне коммуникация бағытында қызмет көрсететін компанияның президенті Марк Пфайфл «Шындықты құтқару: постфактум дəуіріндегі күрес» уоркшобында фактчек жасаудың қадамдарына тоқталды. Ол АҚШ-тағы баспасөз қызметін негізге ала отырып, осы сала мамандары үшін ақпарат алмасудың маңызы мен бірлесіп жұмыс істеудің қажеттігін, сондай-ақ қоғамның сеніміне ие болу мәселесін қозғады.

Ал TedxAstana тренері, қоғаммен байланыс саласының сарапшысы Салтанат Әскербекқызы «Тиімді коммуникациялар: қақтығыстардың сипаты жəне табыс факторлары» уоркшобында коммуникация саясаты, стратегиясы және баспасөз қызметінің медиа-жоспары деген бағыттарды қамтыды.

Семинардың соңғы уоркшобын Инновациялық психология және консалтинг институтының директоры Гүлмира Аяпбергенова аяқтады. Көпшілік алдында сөйлеу өнері туралы айтқан спикер қатысушылардың кейстерін талдап, дайындық кезеңінде ескеру керек қадамдарға тоқталды.

Еске салайық, семинар мемлекеттік орган өкілдерінің қоғаммен және БАҚ өкілдерімен өзара қарым-қатынас орнатуына қажетті коммуникация дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңірлік және орталық мемлекеттік органдардың 25 өкілі қатысты. Оларға семинар соңында сертификат табысталды.