• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қазан, 2023

Әйелім сүт сатуға кеткен: Үйі өртеніп, 4 ұлынан айырылған әке жан күйзелісін жеткізді

529 рет
көрсетілді

Абай облысының Аягөз қаласында үйі өртеніп, 4 баласынан айырылған әке оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазды Egemen.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Балалардың әкесі Бауыржан Жұмағазының айтуынша, сол күні әйелі балаларды үйге тастап, базарға сүт сатуға кеткен екен.

"4-5 литр сүт сатады, литрі 500 теңгеден. Өзімнің айлығым – 100 мың теңге. Бір шетінен шығайын, тиындап болсын ақша табайын деген ниеті ғой. Балаларыма мемлекеттен айына 55 мың теңге әлеуметтік көмек алып келдік", - дейді Бауыржан Жұмағазы.

Дәл сол күні, 25 қазанда күн жылы болып, үйге пеш жағылмаған. Күлін алып, от жағуға дайындап қойған екен.

"Келіншегім сіріңкені балалардан таса жерге ылғи тығып қояды. Сол күні ғана пешке от жақпағанбыз. Ешкім жоқта балалар сіріңкені тауып алып жағып ойнаған ғой. Бұндай сұмдықтың боларын сезбеппін. Ең болмаса түс көрсемші. Жұмыссыз қалсам да балаларымның қасынан аттап шықпаушы едім", - дейді балалардың әкесі.

Отбасының 2 сиыры ғана бар екен. Балалардың анасы Арай артылған сүтті сатып, тиынға тиын құраған.

Өзі "Қазығұл" ауруханасында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді екен. Балалардың анасы үй шаруасында. Отбасы әке-шешесінің үйінде тұрған. Баспананың көлемі – 70-80 шаршы метр. Төрт баланың екеуі мектепте 1-2 сыныптарда оқыған.

Мектептегі мұғалімдері оқушылардың күтімі жақсы болғанын айтады.

"Ішіміз алай-дүлей, есімізді жия алар емеспіз. Біз үшін өте ауыр соққы болды. Сол күні мереке емес, сабақ болса оқушыларымыз аман болар ма еді деп те ойлаймыз. Екі оқушымыз да мұнтаздай, сабағы, тәртібі жақсы болатын. Сабақтан қалмайтын. Ата-аналары да жауапкершілігі мол адамдар", – дейді марқұм бүлдіршіндердің сынып жетекшілері.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысының Аягөз қаласында үй өртеніп, төрт баланың қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Төрт баланың өліміне қатысты тергеу басталды.