Қазан айының 28-і күні сағат 13.00-де Астанадағы Mega Silk Way сауда-сауық орталығында Explore Jana Qazaqstan фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған көрме Explore Jana Qazaqstan командасының National Geographic Qazaqstan редакциясымен бірлесіп, биыл мамыр мен қыркүйек айлары аралығында ұйымдастырған 5 экспедициясының нәтижесінде әзірленген. Экспедицияға Xiaomi қолдау көрсеткен.
Экспедицияның мақсаты − Қазақстанның туристік өңірлерінің әлеуетін ең үздік отандық фотографтар мен саяхатшы блогерлердің фотоаппараттары мен видеокамераларының обьективі арқылы паш етіп, ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін беру. Осы орайда, команда мүшелері еліміздің Түркістан, Алматы, сондай-ақ шығыс пен батыс өңірлерінде болып, байтақ Отанымыздың айшығы алуан тұмса табиғатымен танысты.
National Geographic Qazaqstan редакциясы аталған сапарлар барысында түсірілген 3500-ден астам фотосурет арасынан Xiaomi 13 сериясы телефонымен айшықталған ең үздік 25 суретті іріктеп алып, көрмеде ұсынып отыр.
Ұланғайыр даламыздың тамаша табиғатының ғажайыптары көрсетілетін көрме 18 қарашаға дейін жалғасады.