• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 31 Қазан, 2023

Еуропадағы сенімді серіктес

175 рет
көрсетілді

Қарашаның алғашқы аптасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды кездесу өткізбек. Астанаға Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен келеді. Сондай-ақ Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан да Сарыарқа төріне ат басын бұрмақ. Айта кетерлігі, Э.Макрон тұңғыш рет қазақ даласына қадам баса­йын деп отыр. Осы орайда, Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, сапар аясында екі ел бас­­шылары сауда-экономикалық, инвес­тициялық және энергети­калық ынтымақтастықты нығайту мә­селелері жөнінде келіссөз жүр­гі­зеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәсе­ле­лерді талқыламақ.

Жалпы, бұған дейін Франция президенті елімізге үш мәрте келген екен. 1993 жылы Франсуа Мит­те­ран, 2009 жылы Николя Саркози және 2014 жылы Франсуа Олланд ұлы далаға ат басын бұрды. Был­тыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен барып, Елисей сарайында Э.Макронмен келіссөз жүргізген еді. Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серік­тестікті нығайтып, қарым-қаты­насты жаңа деңгейге көтеруге зор мүм­кіндік беретінін атап өткен-ді.

Өз кезегінде Эмманюэль Мак­рон Қазақстан Францияның стра­­те­­гиялық серіктесі екенін атап өтті. Екі ел арасында сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық қар­­қынды дамып келетініне назар аударды. Энергетика саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатқанына да екпін бергені есі­мізде. Осы кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Ал биыл Қ.Тоқаев Франция Президентінің Арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады. Кез­десу барысында жоғары дең­гей­де қол жеткізілген уағда­лас­тықтарды жүзеге асыру­ға ба­ғыт­­талған екіжақты қатынас­тар­ды одан әрі нығайту мәселелері тал­қыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы Прези­дент Эмманюэль Макронға жүрек­жар­ды сәлемін жолдады және оны Қа­зақстанға сапармен келуге ша­қыр­ды.

Франция – Қазақстанның не­гіз­гі сауда серіктесінің бірі. 2005 жыл­дан бері тоғызыншы тер­ри­тория экономикасына жал­пы кө­лемі 17 миллиард дол­лар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кіреді. Екіжақты тауар ай­налымы 2,5 миллиард дол­лар­ға жетті. Бұл былтырғы осы ке­зеңмен салыстырғанда 6,1 па­йызға жоғары. Францияның Ор­та­лық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвес­торлары саналатын Total Energies, Air Liquide, Airbus, Alstom, Orano, Danone се­кілді компаниялар бар. Былтыр ел­деріміз Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақ­тас­тықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекітті.

Қазақстан негізінен мұнай, металл, химиялық және ауыл ша­руа­шылығы өнімдері, хром оксид­тері мен гидроксидтері, мыс пен мыс катодтарын экспорттайды. Ал Франциядан ұшу аппараттарын, электр, электрондық және механикалық жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді, косметиканы, авто­мо­бильдерді, азық-түлік өнімдерін им­порттайды.

Екі ел арасындағы мәдени-гу­манитарлық байланыс та жолға қо­йылған. Франциядағы ел­ші­­ліктің жанында қазақ тілін үй­ре­ну, ұлттық аспаптарда ойнауды үйрету, сурет салу бойынша курс­тар өткізетін «Қорқыт-Абай» ор­талығы жұмыс істейді. 2016 жылы Алматы мен Ренн қалалары арасындағы бауырластық қарым-қаты­настың 25 жылдығына орай Ренн қаласының Алматы бағында Абай бюсті ашылды. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар естелік іс-шара өткізілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақ­стан­ның Фран­ция­дағы елшілігі француз пошта қыз­метінің естелік маркаларын шы­ғарды. Сонымен қатар ел­ші­лік­тің кіру тобын безендіретін баннерлер жасалды. 2021 жылы 6 желтоқсанда Париждегі ақындар саябағында Абай бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Келесі жылы Қазақстанда француз тілін­де оқытатын жаңа мектептер ашыл­мақ.