Бүгін ғана Қарағандыға арнайы барып, жағдайды көзбен көріп қайттым. Біраз марқұмды мешітте және шіркеуде жаназасын шығарып, арулап шығарып салдық. Ол жердегі туыстарының жағдайын көргенде жүрегің ауырады.
Біреудің отбасын асырап отырған отағасы, біреудің жалғыз баласы аяқ асты қатерден о дүниелік болды. Бәрінің отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ауруханада ем алып жатқан адамдардың тезірек сауығып, аяқтарынан тік тұрып кетуіне тілектеспіз.
Апат болғаннан кейін Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты Үкіметке тапсырма берді. Қазіргі күні бұл мекемеге 8 шахта және құрыш балқыту зауыты қарайды. Енді олардың жағдайы қалай болады? Жұмысшылары далада қалмай ма деген қауіп айтылып жатыр. Мемлекет ешкімді далада қалдырмайды. Бұған ешкім алаңдамасын. Қордаланған барлық мәселе шешімін табады. Ең бастысы, зардап шеккен адамдардың отбасыларына тиісті жәрдем берілуге тиіс. Мемлекет тарапынан да, компания тарапынан да жәрдем болады. Сонымен қатар Үкімет тиісті қаулы қабылдап, кадр мәселесін шешіп, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шараларды қолға алуы керек.
Елімізде жұмыс істеп жатқан осындай ірі жекеменшік компанияларға қатысты заңдарға өзгерістер енгізілуі қажет деп санаймын. Әу баста оларға көп еркіндік беріліп қойды. Соның салдарынан жұмысшылардың жағдайына салғырт қарау басым болды. Салдары – көз алдымызда. Олар өз жұмысшыларының барлық жағдайын жасауы қажет. Жалақысынан бөлек, қауіпсіздігі, әлеуметтік көмегі, ем-домы, тамағына дейін барлық қажеттіліктерін ойластыруға тиіс.
Ал кешегі апатқа жол берген барлық лауазымды тұлға жауапқа тартылуы керек. Мұны қазір қоғам да күтіп отыр. Егер тиісті жаза болмаса, осындай қайғылы жағдайлар жалғаса береді. Мейлі ол шетелдік, мейлі өз азаматымыз болсын, заңға сай жазасын алады. Іс қозғалды. Енді нәтижесін күтеміз.
Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты