Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов жалақы дауына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
КТК телеарнасының жазуына қарағанда, Олимпиада чемпионы спорт мектебінен 1,5 жыл бойы заңсыз алып келген жалақысын қайтарып, жұмыстан шығып кеткен.
"Жақында ғана бір жарым жыл бойы алып келген жалақының барлығын кері қайтардым. Осылайша, спорт мектебіндегі жұмыстан шықтым. Енді ол жерде жұмыс істемеймін. Салық мекемесіне барып, арнайы есеп жүргізіп, барлығын төледім. Көп сома деуге келмейді. Тәжірибем де тоқтап тұр. Ресми түрде жұмысқа орналасу керек, бірақ кәсіби бокста жүргендіктен, ол әзірге мүмкін болмай тұр. Мен өз елімде жұмыс істеуге, өскелең ұрпақпен тәжірибемді бөлісуге дайын болдым. Ешқандай өкпе жоқ. Қазір бәрі жақсы. Жақында шаршы алаңға ораламын деп үміттенемін", - деді кәсіпқой боксшы.
Бұған дейін Данияр Елеусіновтің өзі АҚШ-та бола тұра, Қазақстанда жаттықтырушының жалақысын алып жүргені жайында ақпарат тараған болатын.