• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Зерде 31 Қазан, 2023

Мұхтар Әуезовтің Мырзашөлдегі бір күні

315 рет
көрсетілді

Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің 1959 жылы оңтүстік өңірінде айға жуық болғаны мәлім. «Өскен өркен» романына дайындық кезінде барлық кездесу-сұхбат кезеңдерінде қойын дәптеріне күнделік жазбалар түсіріп отырған. Әдебиетші Талатбек Әкімов осы қатталып, кітапқа айналуға тиіс жазбаларды әзірлеп, «Қазақ әдебиеті» газетіне (1986 жыл, 14 ақпан) жариялады. Жазбаның «4 октябрь (1959 жыл) күні» деген жерінде М.Әуезов қолымен былай деп қысқаша жазылған: «Тұтқабай Тұрысов, Айсұлудың отауы, жасауы: терме алаша, түйген шашақ, салбыраған шашақтары бар. Қыжым көрпе, масаты үстінде барқыт қоржын. Қолдорба, боқжамалар. Рақы жастық, жозы көрпе, айнақап, қолдорба, әбдіре, сандық, жағылан – былғарыдан ойып, көк сағасыз салып жасайды. Мұнда сандық, жүкаяқ, жержастық көп. Аткөрпе қос мамықтың үстіне салады. Бір қазақ бір қазаққа мамықты матрас орнына пайдаланатын пух деп түсіндіреді».

І

Тұрмыстық бұйымдардың мұншалық тергіленіп жазылуы бекер емес екені өз-өзінен белгілі. «Өскен өркеннің» кейіпкерінің Айсұлу атануы да жайдан-жай емес.

...Бұл ізгі ниетті сапарында М.Әуезов Шаян, Созақ, Түркістан, Кентау, Шәуілдір, Мақ­таарал, Ильич, Сарыағаш, Келес, Сайрам аудан-қалаларын аралады, талай адаммен дәмдес-тұздас, сырлас та болды. Бұл сапардағы әсерін үлкен очерк етіп жариялады да.

Ұлы қаламгердің талантына табынып, бас игендердің бірі – жоғарыда аты атал­­ған Тұтқабай еді. Мұхаң тек Тұтқа­бай­­­дың фамилиясын әдейі Тұрысов деп өз­­гер­тіп жазған сияқты. Мысалы, «Өскен өр­кен» кейіпкері, сол кездегі обком хат­шы­­сы В.И.Макаров та «Карпов» деп алын­­ған. Алғашқы баяндаушы Айсұлу мен Тұтқабай Тұрсынбаевтар қазір Өзбек­стан­ның Жызақ облысындағы Мырза­шөл ау­д­­анының орталығы Гагарин қала­сын­да тұра­ды. Ол кезде Мырзашөл жері Қазақ­стан­ның Ильич ауданына қарайтын. Тұт­қа­­­бай Тұрсынбаевпен әңгімелесіп отыр­мыз:

– Мен ол кезде «Заря коммунизма» колхозында партком хатшысы едім. Бастық бір жаққа кетіп, мен міндетін атқарып жүрген едім. 4 октябрь күні Мұхаң бізге келді. Астында – ЗИМ машина... (Ал ертеңіне 5 октябрь күні мақта ­тапсыру жоспары орындалып, ол қуанышты қонақтың құтты қадамына жорығанымыз есімде). Қасында «Оңтүс­тік Қазақстан» газетінің редактор­ы Әділбай Омаров, ақын Омарбай Мал­қа­ров, тілші Жақыпбек Құлбаев, тағы бір­қатар кісі бар. Кеңседе күтіп алдық. Сыйлы қонақтарға арнал­ған мейманханамыз бар еді. Бірақ мен үйге шакырдым.

– Бұл жердің бұрынғы аты не? – деп сұрады Мұхаң.

– Қарой деген жер. Малға жайлы, жері құнарлы, ата-бабамыздың мекені ғой. Осы атыраптағы ең жоғары өнімді де осы жер береді, – деп жауап қайтардым. Ол басын изеді.

Үйге келдік. Есік алдында 5–6 қозы жайылып жүр еді. Алдына айдап келіп, таңдау рұқсатын сұрадым.

– Мына қара қозыны сой, – деді. Кірістім. Кейінірек ауатком, обком, аупартком қызметкерлері – Егемқұл Тасанбаев, Дербіс Әлжанов, обкомның идеология жөніндегі секретары Қаржау Жарқынбеков, Киров аудандық партия комитетінің хатшысы Мұқатай Жұрмағанбетов, Мақтаарал аудандық партия комитетінің хатшысы Ермат Омаров, Иіржардағы трест басқарушысы Мұстахым Ықсанов, сол кезде мақтада жүрген оқу орындарының ректорлары да келді. Жасыратын ештеңесі жоқ, лауазымды кісілер Мұхаңның менің кішкентай үйіме түскеніне қоңылтақсыды. Мен мүлдем жас едім. Соны сезген соң:

– Сіздің келген-кеткеніңізді майын тамыза әңгімелеп, елге айтатын біз боламыз деп уәж айтты мына Тұтқабай. Мен соған көндім, – деп жатыр Мұхаң.

Әрине, атақты жазушының бұл сапарындағы әр сағаты өлшеулі еді. Сондықтан басшы-қосшы азаматтар үйде отырып, Мұхаңмен ақылдасып, кездесу, сапар жоспарын жасады. Ертеңіне Киров ауданына, одан Мақтааралға, Дзержинский бөлімшесіне, Социалистік Еңбек Ері Н.Есентаевқа баратын болып келісті.

Шай үстінде Мұхаң өлке тарихына өте қатты қызығып, сұрастыра біліп отырды. Гагарин қаласы ол кезде жоқ, аудан орталығы ауызекі «Райцентр» аталатын. Қазақстанға қараушы еді. Бұрынғы аты – Ержар (дұрысы – Иіржар, құжатта қате жазылған деп жорамалдауға болады. 1928 жылғы колхоздастыру қағаздарында кездеседі).

Ержар атын Мұстахым Біләлұлы Ық­са­­­­нов­тан (кейін Қазақстан Компар­тия­­­сы Орталық Комитетінің хатшысы) сұрады.

– Жер аты алабөтен екен, қазақтың қойған аты ма өзі? Әлде Иіржар ма екен? – дегенінде, Ықсанов:

– Райцентр деп жүрміз ғой, – деп сасқалақтай жауап берді.

– Неге райцентр? Жердің өз атын қою керек. Жердің аты болуы керек қой. Мына Тұтқабай ауылының ескі атын Қарой деп айтып отыр...

Бетпақдалада, Мырзашөлде ірі құ­ры­­лыс­тар жүргізген трестің тұңғыш бас­қа­рушысы Ықсановтан Ержар туралы сұ­рай отырып, Мұхаңның айтқан бір пара әңгі­ме­сі мынадай:

– «Ержар» деп өз атын қоймай, «Голод­ная степь» деген дұрыс емес. Аш дала емес қой бұл. Мырзашөл ғой, аш шөл емес. Мырза. Елді тойғызатын шөл ғой. Жер жаңбырмен көгереді, ел алғыспен көгереді деген. Мұны Мырзаның даласы деп қою керек қой. Қазақтың тілі бай. Орыстар присвоит етіп өзгертіп жүр. Бір күні Францияда прогулкада жүрсем, ғажап музыка естідім. Айнымаған қазақша. Сөйтіп, тыңдап, анықтай келе, француздар біздің музыканы өзіне присвоит етіп алғанын аңғардым (Айтпақшы, Мырзашөл ауданының орталығы кейін Ержар емес, Гагарин қаласы болып аталды. Бірақ «Иржарсовхозстрой» тресі әлі бар. Солай аталады).

– Өткенді еске ала отырып ойлаймын, – дейді Тұтқабай, – қонақ күту қамымен жүріп, аса тағылымды да, қызықты, соны әңгімелерді, Мұхаң лебізін бір құлағыммен тыңдағаныма, сондай ұлы адамның ең тұңғыш келуі – соңғы сапары екенін әсте ұғынбағаныма өкінемін. Кім ойлапты? Тағы бір өкініштісі, «Жетісай» газетінде 1965–1966 жылдары Мүсілім Айдарбековтің редактор кезінде Мұхаңның бұл сапары туралы қысқа мақала жарияланғаны болмаса, ол кездегі Мұхаң төгілтіп айтқан ағыл-тегіл, алуан сырлы, қатпар-қатпар әңгі­ме­лерді жазып алған ешкім болмады. Өкі­нішті-ақ! (Сол кездегі «Социалистік Қазақ­стан» газетінің тілшісі Жақыпбек Құл­баев кітап жазып жүрмін деуші еді. Бұл пікірді ол кісінің жұбайы, көп жылдар партия, кеңес қызметінде болған Сәмиға Әубәкірова апай да құптайды. Бірақ Жақаң көп ойын жүзеге асыра алмай дүниеден өтті).

Біз жерде отырып, тамақ іштік. Түн­гі төрттер шамасында тарқадық. Мұ­хаң­ қисаймай отырды. Басқалар қи­сай­ды. Сүйегіне берген сыпа адам екен. Қара­пайым үй киімдерімен отырды. Келін­ше­гім Айсұлу киімдерін жуып, тазалап, үтіктеп ертеңгі сапарына дайындап берді.

– Түнде жеген қой кәрі ме, еті қатты ма? Білмедім, – деп «ІІІ Интернационал» колхозында болған кешегі күнін еске алып, біздің пісірген жұмсақ етке ризашылығын білдіре, күлімсіреп отырып еді, жарықтық.

Мұхаң өмірінің өткен жылдарын да көп еске алып отырды.

– Москвада мейманханада тұрып, уни­верситетте сабақ беріп, Қазақстаннан бір жыл қол үзіп қалдым, – деп басын шал­қай­та, маңдайы жарқырай, көзін жұма ойланып барып:

– Қазақстан қуып жіберді десе де болады. Оның алдын ала қашып кеттік десе де болады, – деп еді бір сөзінде.

Әңгіме ауаны әр тақырыпқа ойыса отырып, «Оңтүстік Қазақстан» журна­лис­теріне де тірелді. О.Малқаров пен Ә.Омаровқа қарап:

– Сендер бәрің журналист есебінен нан жейсіңдер. Бірақ журналист жұмысын істемейсіңдер. Журналист адам – обком уәкілімін деп қорқытасыңдар. Мақта басынан қайтпай, уәкілсінбей, зерттей жазып, өз айлық алып жүрген жұмысыңды қоса қабат тындырып кеткенің жөн, – деді.

Басқалар келісіп те, келіспей де жатты. «Өзі – бір мойындау, өз айтқаны болмаса көне қоймайтын турашыл адам екен ғой» деп ойладым. Жастық аңғалдықпен солай көрінді ме, кім білсін? Жалпы, Мұхаң Созақта «Мен оңтүстіктің осы бір жағын көп білмегеніме өкініп жүрмін» деп айтыпты дегенді сол отырыста естігенмін. Әңгіме сипатынан өлке жайын неғұрлым көбірек білуге ынтасы қатты аңғарылды. Дегенмен уақыт қысқа. Түн ортасы жақындады.

Күз келіп қалған. Далада самалдап, тамақтан кейін қыдырыстап әрлі-берлі жүрген соң үйге кірдік. Босағада күмі­сі бар құйысқан ілулі тұратын. Соған өте қызығып, ұстап көрді. Бетінде айнасы бар сары шкаф та тұрған, әлі бар. Үйлен­гені­мізге бір-екі жыл болғандықтан, Айсұлу­дың жүктерінің де қыры бұзылмаған-ды. Жүк екі қатар еді.

– Келіннен келген жүк пе? – деп сұрады.

– Иә.

Менен де, Айсұлудан да әр бұйымның атын сұрап, блокнотына жазып отырды. Қате айтсақ, оның қазақша аты былай ғой деп түзетіп, кеңес бере әңгімелесті, қызықтыра баяндады.

Айсұлу айтады:

– Мұхаң жүктің өрнегіне көз жүгірте байып­пен қарап, сұрақ бере бастады. Жас­тыққа салған белгілерді атымен айта бастадым. Ол кісі түзетіп тұрды. Ақ жамылғыдағы белгілерді де сұрап жазып алды. Жүкаяқ оюларына үңілді, ұс­тап көрді. Бұл бұйымдарды өзіміз үшін қым­бат болған соң және Мұхаңның қолы тиген деп әлі сақтап жүрміз (Тұтқабай мен Айсұлу келесі кең бөлмеге ертіп барып, қазіргі гарнитурлар арасында музей мүлкіндей болып тұрған жұбайлық өмір­ле­рінің алғашқы сәтіндегі мүліктерін аяу­лы­ сағынышпен сипалай ұстап көрсетті).

– Перзенттерің бар ма? – деп сұраған-ды Мұхаң. Қара қызымды көрсеттім.

– Ұлға ұқсайды екен, – деп жымиды. – Мұндай да ұқсастық болады екен-ау.

– Ұл туса Мұхтар қоямыз, – деп өзімізше кейін бір тоқтамға келгенбіз. Әлима, Кәмила, Сұлушаш, Бақытжан, Гүлфиза болды, айналайындар. Сол ұлы кісілердің шарапаты шығар... Шүкір... Қазір балалар өсіп келеді. Бәрі оқыды, – деп Айсұлу әңгімесін қорытты.

...Ертеңіне тоғай күзетшісі Парманқұл деген ағайынымыз баласын атқа мінгізіп, Сырдариядан ұстаған дәу балықты сүйре­тіп жіберіпті. Сөйтіп, дарияның дәу ба­лы­ғы Мұхаңа бұйырыпты.

Таңертең жайыла көсіліп, әңгіме бас­тап еді, «ассалаумағалейкум» көбейіп кетіп, үзіле берді. Үйдің ықыласы ма, демалғысы келді ме, жарықтық, түстенетін Киров ауданын да ұмытқан сыңайлы. Оларда да ел күтіп, қайта-қайта хабар алып, тызалақтап жүрді.

Ертеңіне аттанарда, машинаға мінерде:

– Рахмет, шырағым. Кітаптың ішінде жүреді атың, Айсұлу, – деп үш рет қайта­ла­ды.

Ол кезде үй жанында кран жоқ. Суды алыс арықтан әкпіш-иін ағашпен тасып, тамақ беріп еді Айсұлу. Соны да сезді, көрді.

– Бір сәтке тізеңнен тік тұрып, қызмет еттің, өркенің өссін! – деп батасын берді.

Тұтқабай айтады:

– Кетерінде маған записка берген-ді. Машинаға мінерде мол денесімен бұрыла тұрып:

– Жеңгең Валентинаны мен Бәлиха деймін, – деп бір күліп алды да, – «Бәлиха! Оңтүстіктен бір жақсы дос-іні таптым. Аты – Тұтқабай. Мен болайын-болмайын сыйлы қонағыңдай қабыл ал» деп жазды да, астанаға, үйіне шақырды.

(Қазақстан Компартиясы Орталық ко­ми­­­тетінің ғылым бөлімінің меңгерушісі бол­­­ған Темірбеков ол кезде Шымкенттегі тех­­­но­логиялық институтта парторг еді, ке­йін Мәдениет институтына ректор болды.

– Мұхаңның қызы музейде директор. Записканы алып барыңыз. «Өскен өркенді» табыңыз, – деп осы записканы қанша сұрады. Таппадым).

...Колхозда Мұхаңның бір күн болуы есте қаларлық, маған әсер еткен бір әңгімені тудырды. Мұхаңнан соң көп ұзамай «Заряға» Бауыржан Момышұлы келіпті. «Мұхаң қонған үйге қонам» депті. Колхозда ұлты кәріс Л.И.Кан деген бастық бар еді, клуб үлгілі, сәнді, озық болатын. Сонда Баукең лекция оқыған. Сосын мені іздепті, таппаған. Жерде қырбық қар бар, мал шаруашылығы жұмысы бастан асып жатқан. Бізді, кеңсе қызметкерлерін, малшыларға көмекке жіберген-ді.

Жетісайдың атағы дүрілдеп тұрған шағы. Он бір Социалистік Еңбек Ері бірден шық­қан. Көп өтпей облысқа жиналысқа біз­дің колхоз бастығы Социалистік Еңбек Ері Л.Канмен бірге бардық. Аупартком хат­шы­сы Егемқұл Тасанбаев мені көре сала:

– Баукең сені әбден іздеді, – деді. – Қазір Сарыағашта демалып жатыр. Ауылыңа қонбай, сені таппаған соң, осында бір-ақ тартыпты.

Баукеңді Сарыағашқа іздеп бардық. Қонақжайлылық көрсеттік. Құрметке риза болды.

– Мұхаң қонатын жер таппай қонған жоқ. Осы баланың пейіліне келген ғой, – деді Баукең қара мұртын сипап. Мақтааралдың ауатком председателі, кейін Мырзашөл аупарткомының хатшысы болып, көп жыл істеген Сатай Керімов екеуіміз Баукеңе де барып танысып, әңгімесін тыңдап, дәмдес болып ек... Бұл енді екінші әңгіме ғой.

Мұхтар ағамен өткізген бір күннің сыры осындай.

 

II

Мұхаңның оңтүстікке сапарында серік болған, дәмдес, сырлас болған азаматтың бірқатары қазір дүниеде жоқ. Олардың түйген ой, айтпаған пікірлері жазылып алынбаған күйінше кетті. Бірақ қазір дербес зейнеткер, Шымкентте тұратын Қаржау Жарқынбеков, Егемқұл Тасанбаев, Жетісай қаласындағы Дербісәлі Әлжанов сынды ақсақалдардың Мұхаң туралы айтар әңгімесі, ол кісіден алған тағылым-өнегесі мол болуға тиісті. Біз соның біріне сөз берелік.

Екінші баяндаушы – Дербісәлі Қалды­бай­ұлы Әлжанов.

– Мен ол кезде Ильичевкада ауатком төрағасы едім. Аудан орталығын Ильич поселкесінен Жетісайға көшірген – 1959 жылдың июнь айы еді. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің Алғабас, Түркістан, Созақта болып келе жатқанынан хабарымыз бар.

...М.Әуезов кітабында Макаровты Карпов деп жазған. 1959 жылы Виктор Иванович Макаров обкомның бірінші хатшысы болатын. Өте жақсы адам еді. Әуезовтің оңтүстікке сапарында қар­сы­ алып, шығарып салып, қасында болып, жанашыр болған, түсінігі мол адам. Обкомнан хабар тиген соң, қарсы алғанымызда аудандық су шаруашылығы басқармасының («Казкирисупр») кеңсесі қасындағы кішкентай мейманханаға тоқтаған ұлы жазушының жарқын келбеті әлі көз алдымда.

– Жалпы, халық жағдайын біліп, кітап жазбақпын, – дегені де есімде. Қонақ­та отырғанда одан бірер жыл бұрын Африкада болғаны туралы, ондағы бә­­дә­уи­­­лер елі туралы айтып отырды.

– Қазақта сыйлы қонағына бас қояды. Мен көп жерде болдым. Бас қою дүниеде екі елде ғана бар. Бізде – қазақта және Африкада, бәдәуилерде. Олар қонақтың әрқайсысына бір бас қояды екен. Сондай-ақ бұл әдет біздің қазақта қалыпты. Ескіріп бара жатқан әдет-дәстүр ғой. Басқа ешбір елде жоқтығы мені қызықтырады. Дж.Неру 1956 жылы Алматыға қыдырып келді. Қонақасы кезінде алдына бас қойылды. Сонда шошып, үрпиіп қалған-ды. Бұл – бас қою дәстүрінің оларда жоқтығынан, – деп әрлі-берлі дүние сырларынан хабардар етіп, бізді ынтықтырып отырды. Аупарткомның бірінші хатшысы Егемқұл Тасанбаев екеуіміз алып жүрдік. «Заря коммунизма» колхозының атағы дардай болатын. Бастығы Кан Лев Иванович – Талдықорғанның Үштөбесінен шөлді игеруге келген іскер адам еді. Партия ұйымының хатшысы – Тұтқабай Тұрсын­баев. Соның үйінде шай іштік, тамақ жедік. Күн ыстық. Қарапайым, қазақша көрпе салып, үстелсіз отырдық.

М.Әуезов Мырзашөл даласының игерілуі, онда қандай өзгерістер болып жат­қанын суреттемек екен. Колхозды неғұр­л­ым көп аралап, адамдармен неғұр­лым көп сөйлесу ол кісі үшін үлкен маз­мұн­ды мағлұматтар беретінін ұқтық. Қойын дәптеріне әр нәрселерді түртіп ала жүрді. «ІІІ Интернационал» колхозының бас­тығы Ли Филипп Иванович пен Абай атындағы колхоз бастығы Әбілаш Нар­баев­пен (1957 жылы ақпан, наурыз айында үш-төрт колхоздан совхоз ұйымдасқанда соның тұңғыш директоры болған Нарбаев) әңгі­мелері очеркінде аңғарылады.

Мұхтар Әуезов үкіметтің халыққа жасаған қамқорлығы арқасында бұрын қурап жатқан Мырзашөл даласында колхоздар орнағанын көзімен көрді, көңілі сенді. Жағалай жайғасқан жаңа құрылған Жданов, Абай, Тельман атындағы (бастығы Батманов Бердібай), әуелгі бастығы бұрын заң министрі болған Мырзақадыр Нұрбаев), «Красный луч», «Путь к коммунизму», «ІІІ Интернационал», «Заря коммунизма», I Жетісай МТС-ы (директоры Темірхан Дойрашев, Социалистік Еңбек Ері) сияқты шаруашылықтарды көрді. Олардағы еңбек адамдарының ерен ерліктері туралы естіді.

Тұтқабайдың үйінде марқа қозы со­йыл­ды. Табақ келді. Бас қою салты тура­лы­ Африкаға байланысты әңгімені осы тұс­та­ кеңінен айтып, баяндады. Өте көңілді отыр­ды. Әңгімені ел тұрмысына аудара бер­д­і.

– Ел жағдайы жақсы екен. Мақта табыстарына, жеміс-жидекке, өсіп жатқан, өскен поселкелерге қуаныштымын. Осы оңтүстіктің бірқатар жерін аралап келдім. Мақсатым – қалам ізін қалдырмақпын. Шынында, шөлдегі ағашқа, жеміс-жидекке, гүлдерге, құлпырған құла далаға қарап, балаша қатты қуандым. Барлық жер – асфальт, жоспарлы салынған үйлер соншалықты жарасымды. Халықтың қажырлы еңбегінің үлгісіндей,– деді.

Қазіргі Гагарин қаласы (қазір Өзбек КСР-і) ол кезде осы ауданға қарайтын. Бұрынғы аты – Ержар еді. Ержар деп бекітіп қойған – мен. Сельсовет, поссовет ашылып, ауаткомның жауапты хатшысы Ә. Сардаров оның атын «Ленин» деп әкелді. Бірақ басқа жерде көсем атындағы мекеме, совхоз көп еді.

– Бір ауданда екі поссовет болмайды. Бұрынғы ескі, қазақша аты бар ма? Соны тауып әкел, соны қоямыз, – дедім. Ұйым­­дасып отырған поселкеге – қазақ аты беріліп, жаңарған поселке болғаны дұрыс. Ә.Сардаров Ержар деп келген-ді. Ол да сұрастырған, жазып алған ғой. (Сөйтсек, шын аты, дұрыс аталуы – Иіржар екен...).

Арғы шекарасы – қазіргі Өзбекстанға қарасты Достық ауданының көлемі еді. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасы Достық деп қойылған-ды. Ержар поселкесі, поссоветі Пахтакор, Ақалтын (бұрынғы №17 совхоз), Арнасай, Октябрь, Достық – бәрін қамтитын. Ал сол тұстағы Бөрітескен, Бөти – бәрі «Шымқорған» қаракөл совхозының жайылым жерлері еді. Осыларды баяндап, айтып бердім.

Тыңдап отырды. Жазып алды керек жерін.­

Міне, осылайша, ұлы жазушымен аз күн дәмдес болудың реті келген еді...

 

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты