Тараз қалалық әкімдігі мен ардагерлер кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен ардагер қолөнер шеберлері арасында байқау өтті. Іс-шараға қаладағы он саусағынан өнер тамған аға буын өкілдері қатысып, туындыларын жиналған көпшіліктің назарына ұсынды.
Тәуелсіздік жылдарында ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың зор мүмкіндігі туғанына ешкімнің күмән келтірмесі анық. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз қайта жанды. Ардагерлер арасында ұйымдастырылып отырған қолөнер шеберлерінің байқауы – соның жарқын мысалы. Бабалардан мирас болып қалған қолөнерді жастар арасында насихаттаудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Өйткені ұлттық құндылық ешқашан қалтарыста қалмауға тиіс. Біз сол құндылықтарымызды дәріптеуіміз керек», деді іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов.
Бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер бойынша сынға түскен ардагерлердің қай-қайсысының да еңбегі жоғары бағаға лайық. Содан да болса керек, ұйымдастырушылар байқауға қатысқандардың ешқайсысының жұмысын назардан тыс қалдырған жоқ. Нәтижесінде, байқауда бақ сынаған ардагерлердің барлығына арнайы сыйлық табысталды.
ТАРАЗ