• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Қазан, 2023

Қазақ күресінің дүниежүзілік тұсаукесері

204 рет
көрсетілді

2023 жыл – қазақ күресі үшін тарихи жыл болмақ. Күресіміз алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Бұл маңызды оқиға Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – Эр-Риядта болды.

Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары (WCG) – бұл Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қолдайтын және әлем­нің түкпір-түкпірінен жекпе-жек өнері мен оның ең мықты өкілдері қа­тысатын халықаралық спорттық іс-шара. WCG-дің басты мақсаты – жарыстарды өткізу ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі бақылау және техникалық шеберлік сияқты спорттық құндылықтарды на­сихаттау. Бұл ойындар әртүрлі мә­дениеттердің өзара интеграциялануына және жекпе-жек өнері бойынша білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Қазақ күресін жекпе-жектің ең танымал түрлері бойынша өткізілетін WCG бағдарламасына енгізу туралы шешімді Халықаралық спорт федерациялары, халықаралық спорт федерацияларының жаһандық қауым­дастығының (GAISF) мүшелері қа­был­даған болатын. GAISF – тәуелсіз халықаралық спорт федерацияларын және бүкіл әлем бойынша спортты дамытуға бағытталған басқа да халық­аралық ұйымдардың басын біріктіретін ұйым. Қазіргі уақытта GAISF жүзден астам халықаралық ұйыммен тығыз қа­рым-қатынас орнатып, тиімді жұ­мыс істейді. Бүгінгі таңда WCG GAISF қолдауының арқасында элита­лық спорт пен жергілікті қауым­дастықтар арасында алтын көпір орнатып, жас­тарды жекпе-жек спорт түр­лерімен айна­лысуға ынталандыру жұ­мыс­тарына басымдық береді.

Эр-Риядтағы жарыс барысында бірқатар спорт түрлері, соның ішінде қазақ күресі бойынша марапаттар жиынтығы сарапқа салынды. Бес салмақта (3 ер және 2 әйел) жеңімпаз жүлдегерлер анықталды. Абырой болғанда, ұлт­тық құрама балуандары жоғары бәсе­келестікке қарамастан үздіктер қата­рынан көріне білді. Атап айтқанда, Жұ­мажан Қожамбеков (75 кг), Мәди Амангелді (85 кг) және Роза Нысан­тай-

қызы (70 кг) қарсылас шақ кел­­тірмей, жеңістің биік тұғырына кө­терілді. Нұр Аман­шүкіров (65 кг) финалда Өзбекстаннан келген спортшыға жол беріп, күміс медальға қол жеткізді. Ал Рауза Нұрмұхамбетованың (60 кг) ен­шісінде – қола медаль.

Осылайша, Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсете отырып, жалпыко­мандалық есепте бірінші орынды ие­ленді. Өзбекстанның балуандары екінші болса, қырғызстандық спортшылар үздік үштікті түйіндеді.

 

«Егемен-ақпарат»