Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі қанатқақты жоба басталғалы Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 25,9 мың рет көрсетілді.
Қазір Астана және Алматы қалаларынан қанатқақты жобаға 441 адам қатысып жатыр. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп қолға алған бұл бастаманың тиімділігі бүгіннің өзінде байқалады.
Бұған дейін инватаксидің қызметіне жүгіну үшін азаматтар бір күн бұрын телефон арқылы жазылуы қажет еді. Бұл сапарды алдын ала жоспарлауға, көлікті біраз күтуге мәжбүрлейтін. Бұған қоса инватакси қызметін ұсынатын көлік құралдарының жетіспеушілігі мәселесі де бар. Осындай қолбайлау болатын кедергілерді реттеу үшін арнаулы шарттарды біршама жеңілдетіп, бұл қызметке такси агрегаторларын тартуға мүмкіндік туды.
Әдетте агрегатор жасалған сапарлардың төлем ақысынан платформаларының пайдасына белгілі мөлшерде пайыз аударатын болса, мұндағы басты шарт – сол пайыздың болмауы. Осы жұмысты қолдаған Яндекс компаниясы қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.
Енді инватакси қызметін азаматтар осы аталған жоба аясында Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы қолдана бастады. Жобаның ерекшелігі – қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі. Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсерде қалай көмек көрсетуге болатыны секілді қажетті нұсқауларды алады.
Жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады. Қызмет көрсетудің оң нәтижесі болған жағдайда жаңа форматта мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына және еліміздің барлық өңірінде жүзеге аспақ.