Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың тіл білу деңгейіне қатысты деректерді жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz тиісті ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9% екі тілді, 28,6% – үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7% 4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2% біледі. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1% немесе 8 845 адамды құрады.
Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, сәйкесінше 47,9% және 52,1%. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6%.
Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында. Бұл ретте 35,1% немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6% – еркін сөйлейді. Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.