Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі жоғары деңгейдегі сындарлы келіссөздер біздің берік қарым-қатынасымызды тереңдетуге және стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін берді. Халықтарымыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығайту ісіндегі айырықша рөліңізді ескере отырып сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі.
Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысымызға септігін тигізетініне сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.