• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2023

Шымкент қаласы: Жанармай бекеттерінде кідіріс бар

168 рет
көрсетілді

Көлік жүргізушілерінің айтуынша, Шымкентте сұйытылған газ тапшылығы байқалады. Бақытжан Ерназаров өткен жексенбіде 64 теңгеден газ құйдырыпты. Бірақ бекеттер 1000 теңгеден жоғары сатып жатқан жоқ екен. Дүйсенбі мен сейсенбі күндері бекетке газ құйдыруға барса «газ жоқ» деп қайтарып жіберіпті. Ол соңғы кездері қалада газ тапшылығы жиі байқалатынын айтады.

Бүгінгі жаңалықта Энергетика минис­трінің газ бағасын 110 теңгеге көтеру керек деген мәлімдемесі шықты. Мұның алдында да сұйытылған газ тым арзан деген секілді әңгімелер қайта-қайта қылаң беретін. Солар әсер етті ме, жанармай құю бекеттерінде газ азайып кетті. 2022 жылдың қаңтар айының басында газ бағасы 130 теңгеге дейін көтерілген еді. Сол кезде жұрт газды сатып алудан бас тартты. Өйткені мұндай баға тиімсіз болды. Мәселен, көлік 100 шақырымға 10 литр бензин жұмсайды. Ал газ құйсаң 12-13 литр кетеді. Сондықтан бұрынғы бағаға қайтып барса, жұрт тағы да алмай қояды. Оның үстіне көлікке газдың қондырғысын кемі 150 мың теңгеден қойдырады. Газ қымбат болса, бұл ақшаны да жүргізушілер өтеп ала алмайды. Қазір АИ-92 маркалы бензин 200 теңгенің үстінде сатылып жатыр. Газ одан 3 есе арзан. Сол үшін де жұрт сұйытылған газбен жүргенді қалайды», деді ол.

Осы мәселе бойынша мегаполистегі ірі мұнай өңдеуші зауыттың тиісті мамандарымен тілдесіп көрген едік. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл көктемде зауыт ағымдағы жөндеуден өткен. Осы күзде ешқандай қосымша жөндеу жұмыстары күтіліп жатқан жоқ. Сол себепті, мұнай өнімдерінің барлық түрі жоспарға сай шығарылып жатыр. Кәсіпорын толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұр.

Шымкент қаласының энергетика бас­қармасы берген ресми мәлімдемеде де қа­лада сұйытылған газ тапшылығы жоқ екені көрсетілген.  

«Қорда 774 тонна сұйытылған газ бар. Қараша айына – 7520, желтоқсанға 7878 тонна газ бөлінген. Энергетика министрлігі қосымша 504 тонна газ бөліп отыр. 2023 жылға Шымкенттің сұйытылған газға сұ­ранысы 9500 тоннаны құраған. Әкімшілік полициясының мәліметінше, қалада 49538 көлік газбен жүреді. Ал газдың бағасы 64 теңге тұрады. Бүгінгі таңда мұнай өң­деуші «ПетроКазахстанОйлПродектс» компания­сы сұйытылған газды өте баяу өндіріп жатыр. Келіссөздер барысында 4-5 күнде барлық белгіленген мөлшердегі сұйытылған газды беруге уағдаласты», делінген хатта.

 

ШЫМКЕНТ