• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қараша, 2023

Әкім сайлауы – болашақтың кепілі

261 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде аудан әкімдерінің сайлауы басталды. Жексенбі күні таң бозынан Глубокое мен Алтай аудандарының сайлау учаскелерінің есіктері айқара ашылып, сайлаушыларды қарсы алуға дайындықты бастап кетті.

Әдеттегідей таңертең еліміздің әнұраны орындалды. Аудан тұрғындары өз әкімдерін өздері тұңғыш рет сайлап тұр. Сондықтан да барлығы дерлік жауапкершілік танытуға тырысты.

– Біздің аудан осы сайлауға қатысатын 45 пилоттық өңірдің қатарында екенін білген бойда дайындықты бастадық. Бұл өте маңызды жоба. Ол қоғамды демократияландыру жолындағы прогрессивті өзгерістерді және «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көрсетеді. Бүгінде 44 сайлау учаскеміздің барлығы дер кезінде ашылды, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біздің азаматтар бұл күнді асыға күтті, дауыс беруге белсенді қатысып жатыр, – деді Глубокое ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ксанна Сарычева.

Глубокое ауданында барлығы 39,5 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау енгізілетінін мәлімдеген болатын.

Көптеген шет мемлекеттердің тәжірибесінен белгілі болғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысына да оң әсерін тигізген.

Алтай қаласындағы мектеп-лицей базасында орналасқан №636 сайлау учаскесінде де таңнан бері сайлау науқаны қызу жүріп жатыр.

– Жаңа әкімнің жастарға көбірек көңіл бөлгенін қалаймын. Қаламыз бен ауданымызды өркендетсе екен дейміз, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әнел Сапарғалиева.

Сонымен қатар №636 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып жергілікті кен байыту зауытының жұмысшылары Ислам Марценюк пен Александр Трошков өз таңдауын жасады. Олар мұндай форматта алғаш рет өткізіліп отырған сайлау үлкен үміт беретініне сенім білдірді.

Шығыс Қазақстан облысы