Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында тозығы жеткен техникаларды жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін тапсырды.
«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін өңірлерде жұмыс ширай түсті.
Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне су жаңа техникалар табысталды. Байзақ ауданындағы «BNK GROUP» ЖШС алқабында ұйымдастырылған іс-шараға облыс басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, өңірдегі 10 ауданнан келген 15 кооператив төрағасына 55 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникасын салтанатты жағдайда табыстап, жұмыстарына табыс тіледі.
«Салада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл өңірімізге 24 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 33 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникасын алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ.
Бұл, әрине, құптарлық қадам екені түсінікті. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы техникалары паркін 10 пайызға жаңарту тапсырмасын орындауға мол мүмкіндік туып отыр. Шаруаларға табысталып жатқан жаңа тракторлар – соның бір көрінісі.
Алынған техникалардың жалпы құны 803 миллион теңгені құрап отыр. Оның белгілі бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатынын да айта кеткен жөн. Біз атқарылған іспен шектелмей, тұрғындардың табысын арттыру үшін жоба аясында өндіріс орындарын құруымыз қажет. Қазіргі кезде сол бағытта жұмыстанып жатырмыз. Әрине, қолға алынған жобалардың көп күттірмей нәтиже беретіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін ауыл халқының табысы мен өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, агрокешенді дамытуға оң әсер ететіні даусыз.
Өңірімізде агроқұрылымдарға қызмет көрсететін сервис орталығы ашылып отыр. Алдағы уақытта жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеп, саланың дамуына үлес қосады деген сенім зор. Өйткені өзара бірлесе жұмыс істегенде ғана атқарылған жұмыс нәтижелі болады», дейді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Іс-шара барысында әр ауданнан келген кооператив төрағалары «Ловол», «Зумилион», «Юто», «МТЗ Беларус» маркалы су жаңа тракторларға ие болды. Деректерге сенсек, кооперативтерге берілген техниканың жалпы құнының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады екен. Бұл, әрине, олар үшін өте тиімді.
«Жалпы алғанда облыс бойынша агропаркті жаңартуға айрықша ден қойып отырмыз. Жоспарға сәйкес 15 пайызға жаңартып, 1 885 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көзделген. Бүгінгі таңда барлығы 1 283 техника сатып алынды. Агропарк 10,2 пайызға жаңарды», дейді Қ. Мәдібек.
Жамбыл облысы